Өткен жылы өңірдегі арнаулы бағдарлама аясында медициналық ұйымдарға 159 дәрігер жұмысқа орналасты
2023 жылы бектілген «Атырау облысына медицина қызметкерлерін тарту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» аясында өткен жылы өңірдегі медициналық ұйымдарға 159 дәрігер жұмысқа орналасты. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев айтты, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аймақ басшысының орынбасары Жасұлан Бисембиевтың айтуынша, 2024 жылы ауылдағы медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды.
-Жергілікті атқарушы орган тарапынан ауыл, аудан мен қаладағы медициналық ұйымдарға жұмыс істеуге келген дәрігерлерге бір мәрте берілетін үстемақының көлемі шамамен 2 есеге артты. Мысалы, ауылдық жерлерде жұмыс істеуге келіскен ақхалаттыларға 10 млн теңгеге дейін, ал аудан орталықтарына барған дәрігерлерге 8 млн теңге төленді. 2024 жылы бір реттік үстемақы беру арқылы өңірдегі медициналық ұйымдарға 159 дәрігер тартылды. Оның 43-і ауылдық жерлердегі медициналық мекемелерге жұмысқа орналасты, соның ішіндегі тоғызы шалғайдағы елді мекендерде еңбек етуде, — деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында өңірлік бағдарлама қолға алынды. Бұл жоба арқылы 46 дәрігер жеңілдетілген ипотекалық несие рәсімдеп, баспаналы болды. 2025 жылы көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі – күн тәртібінен түспеген тақырып. 2024 жылы 700-ге жуық дәрігердің біліктілігі көтерілді. Олар еліміздегі және шетелдегі үздік медициналық ұйымдарда білімін кеңейтіп, тәжірибе алмасты. Алдағы уақытта ауылдық жерлерде жұмыс істейтін дәрігерлер мен орта буындағы медицина қызметкерлері назарға алынбақ.