Жарнама
Медицина

Өңірде тұмаудың жаңа маусымына дайындық жүріп жатыр

1 қазаннан бастап ЖРВИ мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымы басталады. Маусым келер жылдың 1 мамырына дейін жалғаспақ. Биыл жергілікті бюджет есебінен Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Оның құрамында тұмаудың А/H3N2/, А/H1N1/ және В штаммдарының антигендері бар.

Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиева мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

⁃ Тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Вакцина осы айда жеткізіліп,  облыстың барлық емханасында екпе науқаны басталады. Екпе тегін түрде халықтың осал топтарына жасалады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есептегі балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің тұрғындары және жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі әйелдер бар. Сонымен қатар эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша да вакцина салдыру қарастырылған, — деді А.Сәрсенғалиева.

Дәрігерлер аурудың ауыр түрлері кезінде шұғыл көмекті қажет ететін белгілерді ерекше атап өтті. Олардың қатарында үш-бес күннен астам уақыт жоғары температураның сақталуы, бастың қатты ауыруы, демікпе, естің бұзылуы, аяқ-қолдың тартылуы және аяқта пайда болатын геморрагиялық бөртпе бар. Мұндай жағдайда науқастар дереу медициналық көмекке жүгінуі тиіс.

Айта кетейік, облыста өткен эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-дің 190 мың жағдайы тіркелген. Зертханалық жұмыс нәтижесінде тұмаудың 117 жағдайы нақтыланып, оның ішінде А/H3N2/, А/H1N1/ және В типтері айналымда болған. Ауырғандардың 61 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Былтыр аймақта 70 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе алды. Олардың 65 мыңы жергілікті бюджет есебінен, ал 5 мыңнан астамы жұмыс берушілердің қаражатына егілген.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button