Облыстық балалар ауруханасының екі кабинеті жаңғыртылды
«Мейірімді жүрек» қайырымдылық жобасының бастамасымен облыстық балалар ауруханасының эрготерапевт және ана мен бала кабинеті толықтай күрделі жөндеуден өтіп, заманауи құралдармен жабдықталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өткен жылдың желтоқсан айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары бүгін толықтай аяқталып, аурухана әкімшілігіне табыс етілді.
– «Мейірімді жүрек» қайырымдылық жобасының бастамасымен, аталған қордың Рубикон командасының қолдауымен облыстық балалар ауруханасының ішінен «Жүрек жібітер лебіз» бұрышын аштық. Бұл жерге ата-аналар өздерінің ақжарма тілектерін жазып кете алады. Сонымен қатар, эрготерапия және ана мен бала кабинеттерін заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жабдықтадық. Бұл бөлмеде бала өзін үйдегідей еркін сезінуі үшін барлығын соған ұқсатып жасаттық, – деді «Мейірімді жүрек» қайырымдылық жобасының жетекшісі Ербол Жупкалиев.
Ал облыстық балалар ауруханасының мейірбекелер ісі жөніндегі орынбасары, Бас мейірбике Марта Закаринаның айтуынша, оңалту орталығында жылына 900-ге жуық бала ем алады.
– Эрготерапия кабинеті сол оңалту орталығының балаларын өмірге бейімдеу мақсатында, қол моторикасын дамытуға арналған құралдармен жабдықталып отыр. Сондай-ақ, ана мен балаға арналған кабинет кезекте отырған аналарға толыққанды жағдай жасап, заманға сай теледидар мен қажетті құралдармен толықты, – деді М.Закарина.