
Облыста туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы қалай?
Соңғы 10 жылда өңірде туберкулезге шалдыққандар 1,7 есеге азайып, өлім-жітім көрсеткіші 2,6 есеге төмендеген. Бұл туралы облыстық физиопульмонология орталығының директоры Байтолла Ғазизов баспасөз брифингінде мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша туберкулезге шалдыққан 315 науқас тіркелген. Бұл — 2023 жылдың осы кезеңінімен салыстырғанда 2,4%-ға төмен.
–Облыста туберкулезді ерте анықтау мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи диагностикалық әдістер қолданылуда. Өңірдегі туберкулезге қарсы барлық ұйым «Gene-Xpert, BACTEC MGIT-960, XDR, Bioneer» сынды инновациялық технологиялармен жабдықталған. Бұл дертке шалдыққан, алайда айналасын қауіп төндірмейтін науқастар тұрғылықты жеріндегі емханаларда амбулаториялық ем қабылдайды. 2024 жылы олардың үлесі 17,7%-ға артқан. Облыста дәрі-дәрмекке сезімтал науқастардың емделу көрсеткіші 93,1%-ды, ал дәрілік препараттарға ағзасы төзімді науқастардың емделу деңгейі 85,6%-ды құрады, — деді Байтолла Ғазизов.
Амбулаториялық деңгейде ем қабылдайтын науқастарға жергілікті мәслихат шешімімен 2015 жылдан бері ай сайын 10 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек төленеді. 2024 жылы бұл көмек 764 адамға берілген.
Сонымен қатар «24 ақпан — Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес» күніне орай 24 наурызға дейінгі айлық науқан басталды. Бұл шара туберкулездің қоғамға тигізетін ауыртпалығын азайту мақсатында саяси және әлеуметтік міндеттемелерді жұмылдыруға, сондай-ақ алдын алу мен емдеу шараларын күшейтуге бағытталған.
–Биылғы ұран: «Біз туберкулезді жеңе аламыз: міндеттейміз, қаржы құямыз, әрекет етеміз» болып бекітілді. Айлық аясында республика көлемінде туберкулездің алдын алу, анықтау және емдеу тақырыптарында ақпараттық науқандар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, мектептер мен жоғары оқу орындарында дәрістер ұйымдастырылады, — деді облыстық фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары Гүлжанат Бекболатова.