Жарнама
Медицина

Нашақорды метадон құтқара ма?

Нашақорлық, яғни, наркомания (грек тілінен аударғанда, «narke» – мелшию және «manіa» – ессіздік, құтырыну. Авт.) – есірткі заттарға патологиялық дағдыланудың нәтижесінде пайда болатын созылмалы ауру. Бұл – «Уикипедия» ашық энциклопедиясында «ғасыр дертіне» берілген анықтама. Соңғы кезде жаман әдеттен арылудың жаңа тәсілі ретінде есірткіні метадонмен алмастыру мәселесі қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Жаңа препараттың пайдалы және зиян тұстарын саралап көру үшін, біз де жергілікті мамандардың пікірлерін білген едік.
Мәселеге бірден көшпес бұрын, есірткінің қанша түрі бар, әңгімені содан бастасақ. Арамызда күнделікті қолданылатын дезодорант-спрей, шаш пен тырнаққа арналған лак, жиһаз тазартушы сұйықтық, бензин сияқты қарапайым тұрмыстық заттардың иісін ұнататындар бар. Міне, ондай жандарға түрлі бу, газдармен демалу майдай жағады. Бұл да тәуелділіктің бір түрі, ол «токсикомания» деп аталады. Елімізде көп таралған заңсыз есірткі марихуана – кептірілген, ұсақ туралған жапырақ, тұқымдар мен жасыл, қоңыр немесе сұр түсті сора гүлдерінің қосындысынан тұрады.

АПИЫННЫҢ АЛДЫН АЛМАҚ
Апиынды алмастыру терапиясына келсек, ол әлемдік тәжірибеге 1960 жылы енгізілген. Содан бері ол – тәуелділіктен арылудың тиімді жолы ретінде мойындалып келеді. Оны облыста енгізу жұмыстары басталып та кеткен. Айта кетейік, соны тәсіл тек тамырға жіберу арқылы есірткі пайдаланатын нашақорларды ғана емдеп жаза алады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Түркіменбай Нұржігітов толығырақ айтып берді.
— Бүгінде бұл әдіс Қазақстанда пилотты жоба ретінде қарастырылып отыр. Оған еліміздің он қаласы қатысуда. Қатарында Атырау да бар. Басты міндет – ЖИТС (ВИЧ) және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу. Ол үшін есірткіге тәуелділердің ауыр психобелсенді заттарға құмарлығын төмендету қажет. Сонда олардың физикалық және психикалық жағдайы қа-лыпқа келеді. Сөйтіп, қоғам мен отбасына қайта оралуларына мүмкіндік туады. Әрі, қылмыстық құбылыстардың да алдын алар едік, — дейді.

БІЗДЕ БІР МЫҢҒА ЖУЫҚ НАШАҚОР ТІРКЕЛГЕН

Статистикаға көз жүгіртсек, облыстық наркологиялық диспансер есебінде 815 нашақор тұр. Бұл да нақты көрсеткіш емес, әрине. Опиум, яғни, апиын тобындағы есірткілерді негізінен 35-тен 50 жасқа дейінгі ересек адамдар тұтынады. Ал, жастар жағы каннабиоидтар қатарындағы заттарды пайдаланады екен. Қазақстанда соңғы кезде есірткіні инъекциялық тәсілмен, яғни, инемен егу арқылы қабылдау күрт көбейген.
Енді, алмастыру терапиясын жақтаушылардың пікіріне құлақ түрсек, метадон тегін таратылмақ. Оның тәуліктік мөлшерінің құны – 122 теңгеден аспайды. Ал, стационарда емделу құны – 8-10 мың теңгені құрайды. Одан басқа не керек? Бұл туралы облыстық наркологиялық диспансер дәрігері Аманжол Қабиев не дейді екен?
— Қазір көп елдерде наркологиялық көмек жүйесі дәрі-дәрмекпен емдеуден бастап, кешенді оңалту тәжірибесіне дейін түбегейлі өзгерді. Әйтсе де, оңалту бағдарламаларының пайдасы тиіп жатыр ма? Мәселен, ремиссия, яғни, ауруды қайтару фактісі 8-10 пайызды ғана құрап отыр. Керісінше, рецедив, яғни, аурудың қайталану белгісі көбеюде. Бұл дәріні артық мөлшерде қабылдауға мәжбүрлейді. Міне, метадон препараты осы олқылықтардың алдын алады деген сенім бар. Бірақ, ол да өз алдына есірткі екенін ұмытпау керек. Оны дұрыс мөлшерде қолданса ғана, қауіпсіз болады. Тіпті, жүкті әйелдерге де тағайындалады. Метадон қолданушылар қажет болса көлікті де жүргізе алады. Себебі, ол масайрау сезімін тудырмайды, — дейді ол.

МЕТАДОН ДА ЕСІРТКІ ЕМЕС ПЕ?..

Медальдің екі жағы болатыны секілді, апиынды алмастыру әдісінің де кемшін тұстары жоқ емес. Ендеше, ол қандай кемшіліктер? Дәрігерлердің айтуынша, героинді тамыр арқылы үш жыл қабылдап, стационарда емделуге әрекет еткендерге ғана метадон көмектесе алады.
— Қалай десек те, бұл бәрібір синтетикалық есірткі болып табылады. Сонда қалай болғаны? Нашақорды бір есірткіден екіншісіне «көшіргеннен» не ұтамыз? Керісінше, бұл моральдық және психологиялық, керек десеңіз, тіпті, психикалық дағдарысқа әкеліп соқпай ма? Сол жағын да ойластырғанымыз жөн» деп есептейді есімін жарияламауды өтінген жергілікті наркологиялық диспансер маманы.
«Рас, метадон героин секілді күшті әсер етпейді. Бірақ, осының өзі оны қолданудың тиімсіздігін көрсетіп тұр емес пе? Себебі, есірткіге бір рет барған адам әлсіз дәрі-дәрмекпен өзін қашанға дейін алдап отырмақ? Бәрімізді мазалайтын осы сұрақ» деді тағы бір маман пікірін білдіріп.
Бұл сөздің де жаны бар. Айтса айтқандай, аузын ашқан аждаһадай героиннің төрт еселенген мөлшерін сеспей «жұтатын» тәжірибелі нашақор метадонның бір мөлшеріне қанағат етуі екіталай. Бұл жайында облыстық ЖИТС-тің алдын алу орталығының эпидемиологиялық бөлім меңгерушісі Гүлнар Омаровадан да сұрастырып көргенбіз.
— Облыс аумағында алғаш ЖИТС қоздырғышын жұқтырған науқас 1993 жылы тіркелді. Бүгінде олардың саны 220 адамға жетіп отыр. Тең жартысы – жергілікті тұрғындар да, 13,6 пайызы еліміздің басқа өңірлерінен келгендер, ал, қалғаны – шетелдік азаматтар. Соңғы жылдары ауру жыныстық қатынас арқылы көбірек жұқтырылуда. Ондай науқастардың көбісі инъекциялық жолмен наша қолданатындығы белгілі болды. Есірткіні алмастыру бағдарламасына келсек, оны Атырауда толық іске асыру мерзімі әлі нақты анықтал-ған жоқ. Қаражатқа байланысты мәселелер шешімін тапса, келер жылдың бірінші тоқсанында енгізіліп қалуы ықтимал, — деді ол.
Ендігі мәселе, пилоттық жоба мамандардан оң бағасын алып, метадон ресми бекітілген жағдайда, қайдан беріледі? Оны тарату орталығы наркологиялық диспансер ғимаратында орналаспақ. Мұнда оларға күніне бір рет сұйық дәрі беріледі. Оны ішіп қабылдайды. Сондықтан, шприц құралдарының қажеттілігі болмайды. Ендеше, денсаулыққа келер зиян жоқ.
…Міне, біз әңгімелескен мамандардың бәрі де осындай екіұдай пікір ұстанып отыр. Демек, метадонмен емдеу тәсілі жартылай тиімді, жартылай тиімсіз болғалы тұр. Ал, оны отандық медицина саласына енгізу-енгізбеу мәселесін алдағы уақыт көрсетпек.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button