Метапневмовирус: Алаңдауға негіз жоқ
Әлеуметтік желілерде Қытайда жаңа вирустың өршіп тұрғаны туралы ақпарат тарады. Денсаулық сақтау министрлігі метапневмовирустың эпидемиологиялық жағдайы мен таралуына қатысты түсініктеме берді.
«Адам метапневмовирусы – көптеген елдерде ондаған жылдар бойы таралған классикалық вирустардың бірі. Бұл вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі кезеңінде кеңістікте белсенді айналымда болатын инфекциялардың басқа түрлерімен қатар анықталды», — делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы да жұртты алаңдатқан метапневмовирус туралы пікір білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі эпидемиологиялық жағдайдың бақылауда екенін, ал инфекцияға байланысты халық арасында дүрбелең туғызудың қажеті жоқтығын айтты.
«Бұл мәселе бойынша толқудың, даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Ол – жалпы ауру. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек», — деді Президент.
Санитариялық-эпидемиоло-гиялық бақылау комитетінің мәліметінше, метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы, сондай-ақ тұрмыстық байланыс арқылы беріледі. Инфекцияның негізгі белгілері — жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы. Нақты емдеу жоқ, симптоматикалық емдеу қолданылады. Бүгінде Қазақстанда, бүкіл әлем сияқты, ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусым-дық өсуі байқалуда. Өткен жылдың 1 қазанынан бастап республикада ЖРВИ-дің 2 002 335 жағдайы және зертханалық расталған тұмаудың 941 жағдайы, оның ішінде А (H1N1) типті тұмаудың 910, А (H3N2)-1, В тұмауының 30 жағдайы тіркелді.
Солтүстік Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған аймақта метапневмовирус инфекциясының төрт жағдайы анықталды. Мәселен, эпидемиялық маусымның басынан облыста риновирустардың 34 жағдайы, аденовирустардың – 28, парагрипптің – 23, бокавирустардың – 5, метапневмовирустардың 4 және коронавирустардың 3 жағдайы тіркелген.
Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, қазір өңірімізде бұл вирус түрін жұқтырған ешкім жоқ.
Санитар дәрігерлер аурудың алдын алу үшін адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес береді. Бұл әсіресе созылмалы аурулары бар жандарға қатысты. Сондай-ақ үй-жайларды үнемі желдету, қолды таза ұстау үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану, ауру адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету қажет. Ал ауру белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге көрініп, ем алған жөн.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Коллажды жасаған: Сая РАМАЗАНОВА