Жарнама
Медицина

Медицина саласында мәселе көп

Салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың денсаулығы мықты болары сөзсіз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауларында медицина саласына баса маңыз беріп, қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға айрықша назар аударып отыр. Облыста да бұл бағытта жүзеге асып жатқан жұмыстар ауқымды. Алайда маңызы зор осы салада жетістіктермен қоса, күрделі түйіндер де жоқ емес.

Емханадағы кезек азаймай тұр

Соңғы жылдары отандық медицина сандық жүйеге көшкенімен, емханалардағы ұзын-сонар кезек әлі азайған жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанға кезекке тұрудың өзі ауыр. Олар дәрігерге қаралудың орнына уақытының көбін кезек күтумен өткізеді. Амалсыздан науқастар ақылы емханалардың қызметіне жүгінуге мәжбүр. Себебі ақылы қызмет мәселені көпке созбай бірден шешеді.
Заман талабына сай кезекке тұрмас үшін бүгінде дәрігерге онлайн жазылуға болады. Әйтсе де дәрігердің ем-домынан дәмелілер кейде кезегін апталап, тіпті айлап күтіп әлекке түсіп жүр. Әбден діңкеңіз құрып, кезегіме жеттім-ау дегенде сонша күткізген дәрігер дәрі-дәрмек жазып берумен ғана шектелетіні тағы бар. Жүйкені жұқартатын мұндай жүйені ойлап тапқандарға тісін қайрап жүргендер де жеткілікті.
Медицина қызметкерлері, керісінше, дәрігер мен пациентті байланыстыратын жаңа цифрлы платформаның енгізілгенін, медициналық тіркеушілер бұрын том-том журналдармен жұмыс істесе, қазір «DamuMed» бағдарламасы жұмысты әлдеқайда жеңілдеткенін алға тартады.

Таңдау еркіндігі бар

Азаматтарды медициналық мекемелерге жоспарлы емге жолдау «Емдеуге жатқызу бюросы» арқылы жүргізіледі. Емханаларда медицина қызметкерлері күнделікті ауруханалардағы бос төсек-орын туралы, науқасты жоспарлы ауруханаға жатқызу үшін күту парағы және науқастың ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпараттарды да осы порталдан біле алады. Ауруханаға емдеуге жатқызу медициналық тексеру бойынша жүзеге асырылады. Саулығындағы ақау бойынша шағымданған науқас әуелі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемесінің дәрігеріне қаралады. Егер тексеруден кейін науқас ауруханаға жатқызылуы тиіс болса, сол күні науқастың таңдауы бойынша емхана қызметкері порталдан ауруханадағы бос орын бар-жоғын тексереді де, науқас туралы мәліметті енгізеді. Содан кейін науқасқа код нөмірі жазылған талон беріледі.
Порталға мәліметтер тіркелгеннен кейін 2 күн ішінде таңдалған аурухана науқасқа арналған жолдаманы әзірлейді. Жолдама алған науқас өзі таңдаған ауруханаға барып жатады. Дәрігерлер «портал – бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің жетістігі» екеніне қуанулы.

Ауруханада орын тапшы

Медицинасы жоғары деңгейге көтерілген Сингапур елінен үлгі алып, олардың тиімді жүйесін отандық тәжірибеге енгізгенімізбен, саланы бір жүйеге түсіру әлі күнге дейін мүмкін болмай келеді. Ауруханадағы орын тапшылығына әлі де тоқтау жоқ.
Портал бойынша ауруханаға бірінші кезекте өміріне аса қауіп төнген, жұқпалы ауруға немесе жүйке ауруына шалдыққан, жедел жәрдем арқылы түскен науқастар жатқызылады. Ал өзге науқастар, яғни жүріп-тұруға мүмкіндігі бар жандар кемінде 2 күн кезек күтіп, сол екі күнде аурухана табалдырығын тоздырып, дәрігерлердің кабинетін жағалап жүруге мәжбүр. Егер «жеңіл-желпі» аурумен ауырсаңыз, порталдың кезегін күтіп әуреленудің де қажеті жоқ.
Ауруханада ем қабылдау үшін жасалатын алғашқы анализдердің де науқасты әбігерге салатыны тағы бар. Ол анализдің өзін таңмен таласа жүріп тапсырады. Таңғы уақытта үлгермегендер келесі күні тағы да осы шаруамен шапқылайды. Ал анализдері жоқ науқасты дәрігердің қабылдауы тіптен мүмкін емес.
Міне, осыдан кейін ғана порталды күтеді. Порталдан орын табылып, жолдаманың қолға тиюін науқастар апталап, айлап та күтеді. Кезек күтіп жүріп ауруын асқындырып алған азаматтар қазір жиі кездеседі. Солардың бірі – Мұхит Есенбаев.
Әуелі асқазанының мазалағанына шағымданған Мұхит облыс орталығындағы ауруханалардың біріне барады. Мекеменің толық атауын айтпаған ол ауруханада ем қабылдауы әлі де аяқталмағанын ескертті. Әдеттегідей дәрігер әуелі барлық анализдерін тапсыруды сұрайды. Оны тапсырып, нәтижесін алу үшін де бірнеше күн ауруханаға сандалған. Күн сайын кезек күтіп тұруға уақыты болмаған науқас соңында ауруханаға жатып ем қабылдаудан бас тартып, дәріханадан дәрі алып, өз бетінше пайдалана бастаған. Бір аптадай дерті басылған Мұхит аурухана туралы да, дәрігерлерге қаралу туралы да ұмытып кетеді. Кейін дерті қайта мазалай бастағанда, ата-анасы қолынан жетектеп ауруханаға қайта апарған. Анализ тапсырғаннан кейін, қабылдаған дәрігер Мұхитты дереу ауруханаға жатқызу туралы шешім шығарады. Электронды құрал арқылы порталға тіркелген Мұхит тиісті аурухананың жолдамасын бір аптадан аса уақыт күтіпті.
Ауруы асқынған жап-жас жігіт дерттің дауасын табу үшін бірнеше апта күтіп жүру мүмкін еместігін айтады.

Кезек неден туындайды?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрайым Махонованың мәліметінше, егер науқас дәрігерден емдеуге жатқызуға арналған жолдаманы алса, облыстық және республикалық клиникаларға жоспарлы түрде кезекке сәйкес жолданады.
– Негізгі кезек республикалық орталықтарға жолдау кезінде туындайды, себебі Астана мен Алматы қалаларындағы орталықтарға барлық өңірлерден жіберіледі. Басқарма тарапынан халыққа уақытылы медициналық көмек көрсету мақсатында республикалық орталықтарда жасалатын жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін жергілікті медициналық емдеу-сауықтыру мекемелеріне енгізіліп, науқастардың басқа өңірлерге кетуін азайту жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, барлық нозология бойынша күндізгі стационарда – 84 785 науқас емделді. Оның 58 110-ы шұғыл, 26 675 науқас жоспарлы түрде жатқызылды. Бұл көрсеткішке қарап отырсақ, порталдың игілігін көріп жатқандар саны өте көп секілді. Екі жылда мұндай көрсеткішке қол жеткізу денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін біршама жетістік, әрине. Ауруханаға жатқызу порталы медицина саласындағы бармақ басты, көз қысты әрекеттерге, қылмыстық істерге тосқауыл болады деп те болжанған, — дейді Н.Махонова.

Түйін:
Дегенмен бұл – екіұшты мәселе. Қалай десек те, ауруханалардың дәлізінде тағаты таусылған науқастарға көзіміз де үйренді бүгінде. Ал ақылы емханаларда адам аз болатыны түсінікті, қарапайым халықтың қалтасы бүгінгідей қымбатшылықта оны да көтере бермейді. Дәрігерге көріну, анализ тапсыру және емделуге жеке-жеке ақша төлеу кімге оңай соқсын?!
Қариялар мен балаларға да қиын. Әсіресе бір жасқа дейінгі балаларды үй-үйді аралап қарауға да дәрігерлердің бос уақыты болмай жатады. Әр адамға жарты сағаттан бөлгенде бір дәрігер күніне 10-15 науқасты қабылдайды екен. Расында бұрын кезек көп болса да, пациенттің бәрі дәрігерге көрініп үлгеретін.
Мұндай жағдайда дәрігерлерге де кінә артпаймыз. Бәлкім өзгеріс керек шығар…

*Сіз не дейсіз?
Есбол Абдолов, қала тұрғыны:

Ақылы қызметке жүгінуге мәжбүрмін

– Емделушілер медициналық қызмет түрлерін дер кезінде алуы тиіс. Егер қажетті қызметті уақытылы көрсете алмаса, емделуші шарт бойынша басқа клиникаға баруға құқылы. Мұндайда қайтадан учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылу керек. Яғни емханада бірлесіп орындау шарты жасалған басқа медициналық мекемеге жаңа жолдама сұрауға тура келеді. Осылай кезектен қашып жүргенде дертіңді асқындырып алуың әбден мүмкін.
Емханаларға медициналық сақтандыру ақысы төленеді. Ал ауырғанда дер кезінде ем ала алмаймыз. Сондықтан көбінесе кезек күттірмейтін ақылы емханаларға жүгінуге мәжбүрмін.


Раушан Теміртасова, зейнеткер:

Салаға салғырттық жараспас

– Адамдар өздері емделетін заман болды. Дәрігерді компьютерге телміртіп қойды, олардың уақыты бір-біріне жолдама жіберумен өтіп жатыр. Мәселен гастэроэнтерологқа алған жолдаманы бір ай күттім. УЗИ-ға анализге жіберді, оны бір ай өттім. Учаскелік дәрігерге «анализге жолдаманы сіз беруіңіз керек екен» десем, «жоқ, бірінші дәрігер, сосын біз жазып береміз» дейді. Анализ уақыты өтіп, жарамсыз болып қалатынын айтсам, «енді қайтеміз, сізге жазылым сол кезде ғана бар» дейді. Содан екі ай өткенде дәрігерге келсем, ол да адам ғой, баласы ауырып жұмысқа келмепті. Дертім жаныма батқан соң өзімді-өзім емдедім. Кейін барғанымда дәрігер ішкен дәрілерімді қайта жазып берді.
Сондықтан бұл жүйе науқастарға да, дәрігерлерге де опа бермейді. Жұмысты қиындатып жібердік. Кейде компьютер істен шыққанда кезек көбейіп кетеді. Өмірбақи медицина саласында жұмыс істеген соң кейде біліп тұрып «мына дәріні жазып беріңіз» деп айтамыз. Жас мамандардың дені ақылы оқығаннан ба, науқасты қалай емдеуді білмейді. Пациентке жазып беретін дәрі-дәрмекті ғаламтордан қарайды. Міне, ақылы білімнің нәтижесі!..
Медицинаға әркім өзінің білім-қабілетімен түсуі керек. Оқи алмағандарды оқудан шығару керек. Бұл салаға салғырт қарауға болмайды. Жақсы оқығаны бар шығар, бірақ көбі кәсіби маман емес. Оны өмірлік тәжірибемде көп кездестіремін.
Бұрын бәрі басқаша еді. Ол кезде жұмыс жүйелі әрі жылдам жүргізілетін. Ұлт денсаулығы маңызды болғандықтан, бұл мәселе айтылуы керек. Ащы шындық болса да айтарым осы.


Тұрсынбике Шайхымеденова, тәжірибелі дәрігер:

Порталға жүгінушілердің саны артқан

Расында, ауруханаға жатқызу бюросының порталына қарапайым халықтың наразылығы болып тұрады. Әуелде шикіліктер болды, әрине. Дегенмен, бұл жүйе жүзеге асқалы бері портал қызметіне жүгініп жатқандардың саны артып отыр.
Әлбетте, біткен іске сыншы көп. Порталдың басты артықшылығы сол, алыс ауылдағы ағайынның өзі таңдаған ауруханасына жата алатындығында, бұл – науқастарға таңдау еркіндігін беру. Ал ауруханаға жатқызудың портал бойынша берілетін жолдамасы жоспарлы түрде жүзеге асып келеді.


Тұрсынбике Шайхымеденова, тәжірибелі дәрігер:

Порталға жүгінушілердің саны артқан

Расында, ауруханаға жатқызу бюросының порталына қарапайым халықтың наразылығы болып тұрады. Әуелде шикіліктер болды, әрине. Дегенмен, бұл жүйе жүзеге асқалы бері портал қызметіне жүгініп жатқандардың саны артып отыр.
Әлбетте, біткен іске сыншы көп. Порталдың басты артықшылығы сол, алыс ауылдағы ағайынның өзі таңдаған ауруханасына жата алатындығында, бұл – науқастарға таңдау еркіндігін беру. Ал ауруханаға жатқызудың портал бойынша берілетін жолдамасы жоспарлы түрде жүзеге асып келеді.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Сурет: freepik.com

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button