
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтуда жаңа тұжырымдама әзірленуде
Қазақстанда медицина мекемелерінде қоғамдық тәртіпті сақтау және сала қызметкерлеріне күш көрсету жағдайларының алдын алу мақсатында республика Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жаңа тұжырымдама әзірлемек. Бұл құжат медицина мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды қамтиды.
Аталған министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мекеме қауіпсіздігінің талаптары көрсетілетін медициналық көмектің түрі мен деңгейіне, сондай-ақ науқастар ағынының тығыздығына қарай айқындалады.
–Медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген әрбір адам заң аясында қатаң жазалануы тиіс. Ешбір жағдай мұндай әрекетті ақтай алмайды. Әрбір дәрігер, фельдшер, мейіргер — біз үшін қымбат. Біз – бір командамыз. Әрбір маман өзін қауіпсіз сезінуі қажет, — деді республика Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағанды қаласында балалар дәрігерлеріне жасалған шабуылдан кейінгі сапары барысында.
Министрдің мәлімдеуінше, пилоттық жоба аясында Астана мен Алматы қалаларында жедел жәрдем қызметкерлеріне арнайы жетондар беріле бастады. Бұл тәртіп бұзуға бейім адамдарға психологиялық тосқауыл ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар барлық емдеу мекемесінде шұғыл жағдай кезінде жедел әрекет етуге арналған дабыл батырмалары орнатылуы тиіс.
Айта кету керек, кешенді шаралар Денсаулық сақтау министрлігімен қатар Ішкі істер министрлігі, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесуімен әзірленеді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы бес жылдың ішінде Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш қолдану арқылы жасалған 160-қа жуық шабуыл тіркелген. Көп жағдайда дәрігерлер түрлі дене жарақаттарын алған.
Алтыншаш ҚҰМАШЕВА
Сурет: gov.kz