
Медицина мамандарға зәру
Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап, қартайып қауқары кеткен кезге дейін адамның жанашыры болып, басы ауырып, балтыры сыздағанда бірінші көмекке келетін ақ халатты абзал жандардың еңбегі – шексіз құрметке лайық. Гиппократ антына адалдық танытып, халық саулығы үшін күндіз-түні тер төгіп жүрген жанкешті дәрігерлер Атырау облысында да аз емес. Бүгінде өңірде 1600-ден астам дәрігер мен 5 мыңнан аса орта буын медицина қызметкері ел игілігі үшін еңбек етуде. Дегенмен ауылдық елді мекендерде білікті маманның жетіспеушілігі – шешімін күткен өзекті мәселе. Соның салдарынан талай тұрғын ем іздеп қалаға сабылып, уақыт пен қаржысын шығындауға мәжбүр болып отыр.
Бала бағып үйде отыр
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңірде 183 дәрігер жетіспейді. Оның шамамен 50-ге жуығы – ауылдық елді мекендер үшін аса қажетті мамандар. Әсіресе, жалпы тәжірибелі дәрігерлер, акушер-гинекологтар мен анестезиолог-реаниматологтар – қасқалдақтың қанындай қат. Бұдан бөлек педиатрия мен акушерия саласында да кәсіби маман тапшылығы анық сезіледі. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмек алуына кедергі келтіреді.
Кадр тапшылығының бірнеше себебі бар. Солардың бірі – салада нәзік жандылардың үлесінің көп болуы. Жас мамандар медициналық мекемелерге жұмысқа орналасқанымен, көп ұзамай отбасын құрып, жүктілікке немесе бала күтімі демалысына шығып жатады. Бұл – табиғи әрі тоқтамайтын өмір заңдылығы ғой.
– Әлеуметтік демалысқа кетіп, уақытша жұмыс істемей жүрген дәрігерлердің санын талдағанда, өткен жылдың алғашқы жартысында облыс бойынша 213 дәрігер босану және бала күтімі бойынша демалыста болғаны анықталды. Оның ішінде 45 маман – 2022 жылдан, 82-сі – 2023 жылдан бері еңбек демалысында отыр. Ал өткен жылдың өзінде 86 дәрігер бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан. Әр жылдары демалысқа кеткендердің ішінен тек 50-і ғана қайтадан жұмысқа кірісті, — деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрай Маханова.
Мемлекеттен қолдау көп
Саладағы кадр тапшылығын азайту бағытында облыс әкімдігі жылдар бойы жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Бұл тек уақытша шаралармен шектелмей, ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізуді көздейтін кешенді қадамдармен жалғасуда. Соның ішінде ең маңыздысы – облыс әкімінің отандық медициналық жоғары оқу орындарына бөлетін арнайы білім гранттары.
Бұл бастама – болашақ дәрігерлердің кәсіби жолын қолдап қана қоймай, оларды елге қызмет етуге ынталандырудың нақты үлгісі. Грант арқылы оқуға түскен жастар кейін туған жеріне оралып, өңірдің медициналық әлеуетін арттыруға үлес қосады. Сондай-ақ бұл жоба жоғары медициналық оқу орындарының түлектеріне резидентурада білімін жалғастыруға мүмкіндік беріп, олардың кәсіби біліктілігін жаңа деңгейге көтеруге жағдай жасайды.
Білікті мамандарды өңірде ұстап қалудың тағы бір тиімді тетігі – жеңілдетілген шартпен берілетін тұрғын үй бағдарламасы. Оған қатысу үшін дәрігердің 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыстың емдеу-сауықтыру мекемелерінде қызмет етуі шарт. Бағдарламаға жас мамандар ғана емес, тәжірибелі дәрігерлер де қатыса алады. Үміткерлерді іріктеу балдық жүйе арқылы жүргізіледі, ал ұпай саны тең болған жағдайда еңбек өтілі басымдық береді.
Жоба аясында жергілікті бюджеттен «Отбасы банкіне» 1 млрд. теңге бөлініп, бастапқы жарнасыз, жылдық 5% несие мөлшерлемесімен және 5,2% тиімді сыйақы мөлшерлемесімен тұрғын үй алуға мүмкіндік жасалған. Несиенің ең жоғары сомасы – 25 млн. теңге. Бүгінде бұл мүмкіндікті пайдаланып, баспаналы болған дәрігерлердің қатары артып келеді.
Облыс медицинасын дамыту және дәрігерлерді қолдау тек тұрғын үймен шектелмейді. Мәслихат пен атқарушы биліктің бірлескен шешімімен ауылдық жерлерге барған жас мамандар мен арнайы шақыртумен келген дәрігерлерге әлеуметтік жәрдемақы төлеу дәстүрі бұрыннан бар.
«Бұл – үлкен жауапкершілік»
Медицинадағы адамзат қол жеткізген ұлы жетістіктердің бірі – науқастың жанын қинамай, ауырсынусыз күрделі операцияларды жасау мүмкіндігі. Наркоз бен заманауи анестезия әдістерінің арқасында бұрынғыдай жан ауыртпай небір қауіпті дерттерге ота жасауға жол ашылды. Бұл істің тасасында әрдайым науқастың тынысын, жүрек соғысын, бүкіл ағза қызметін қадағалайтын анестезиолог-реаниматологтар тұрады.
Бұл – темірдей төзімділікті қажет ететін ерекше мамандық. Науқастың жанын аман алып қалу үшін ажалмен бетпе-бет келетін, әрбір сәті жауапкершілікке толы жұмыс – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Облыстық кардиологиялық орталықтың реанимация бөлімінің меңгерушісі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс анестезиолог-реаниматологы Жангелді Қадыров осыны растайды.
Жоғары санатты, 30 жылға жуық тәжірибесі бар дәрігердің айтуынша, былтырғы қаңтар айында облыс көлемінде 51 анестезиолог-реаниматолог қызмет етсе, бүгінде олардың қатары 75-ке жеткен. Дегенмен бұл көрсеткіштің өзі толық жеткілікті емес – әлі 44 маман тапшы. Жас кадрларды тарту мақсатында бір реттік материалдық көмек пен қызметтік пәтерлер беріліп жатыр.
Жыл сайын өңірде анестезиолог-реаниматологтардың қатысуымен мыңға жуық күрделі операция жасалады. Соның ішінде шамамен 300-ге жуығы – жүрекке ашық түрде жасалатын аса күрделі оталар. Мұндай ауқымды жұмыс мамандарға тек кәсіби емес, сонымен бірге физиологиялық және психологиялық тұрғыдан да үлкен жүктеме түсіретіні анық.
– Біздің жұмыстағы ең күрделі мәселелердің бірі – стресс. Өте ауыр халдегі пациенттер түсетіндіктен, бізге тез шешім қабылдап, нақты әрекет етуге тура келеді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Өйткені ауруханаға түскен адам бізге өз өмірін сеніп тапсырады. Отадан кейін науқас наркоздан оянғанға дейін қасында болып, әр демін бақылап отырамыз. Ауыр халдегі адамдардың жағдайын іштей сезініп, тіпті комада жатқан науқаспен сөйлескендей боламыз. Ал сырқаттың жағдайы жақсарып, өз аяғымен жүріп кеткен сәттегі қуанышымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес, — дейді Жангелді Есенжанұлы ағынан жарылып.
Оқу мерзімі ұзақ, бағасы қымбат
Жауапкершілігі аса жоғары, жүгі ауыр мамандықты таңдауға кез-келген адамның жүрегі дауаламайды. Дәрігер болу – батылдық пен төзімділікті, мейірім мен білімділікті қатар талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, адам өміріне араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандарды бүгінгі күннің батыры десек, еш қателеспейміз.
Сала мамандары кадр тапшылығының басты себебін дәрігер даярлау ісінің күрделілігімен түсіндіреді. Басқа мамандықтарда 4 жыл оқу жеткілікті болса, медицина саласында сапалы дәрігер дайындау үшін шамамен он жылға жуық уақыт қажет. Болашақ дәрігер теориялық біліммен ғана шектелмей, жан-жақты тәжірибеден өтуі тиіс. Оқудың ұзақтығы да сапалы білім мен тәжірибе беруді қамтамасыз етуге бағытталған.
Ал егер мемлекеттік грантқа іліге алмаса, ақылы оқу құны екінің бірінің қалтасына сай келмейді. Мәселен, Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде және Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде бір жылдық оқу ақысы 1 200 000 теңгеден төмен емес. Мұндай соманы үздіксіз жеті жыл бойы төлеу – көп отбасы үшін аса ауыр жүк. Сондықтан мектепті үздік аяқтап, дәрігерлікті армандаған жас қана мемлекеттік грантқа үміт арта алады.
Сол грант иегерлерінің бірі – Қуанышбек Нәдіржанұлы. Қазір ол С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өңірге аса қажет хирургия мамандығы бойынша IX курста оқып жатыр.
– Дәрігерлік – бала кезден қалаған мамандығым. Химия-биология бағыты бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, мемлекеттік грантқа түстім. Бұл ата-анама да үлкен жеңілдік болды. Дәрігерлерге қателесуге болмайтындықтан, бар күш-жігерім мен уақытымды сапалы білім алуға арнап жүрмін. Әрине, оқу оңай емес, бірақ талап пен табандылық болса, ешқандай кедергі жоқ, — дейді болашақ дәрігер.
Түйін:
Адам өмірден өткен әр сәт сайын жаны жабырқайтын ақ халаттылардың әр күні адам тағдыры үшін тайталасқа толы. Бір адам ғана емес, тұтас ұлттың саулығы осы мамандық иелерінің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Ендеше, кадр тапшылығын шешу – кезек күттірмейтін іс. Иә, алтын қолды дәрігерлер Атырауға ауадай қажет-ақ…
Еркеназ ҚАЛИЖАН
* Сіз не дейсіз?
Жарқын ӘБІЛҚАЙЫРОВ,
жалпы тәжірибелі дәрігер:
Ауылға келуге құлшынысы жоқ
– Шыны керек, жастардың ауылға келіп, маңдай терін төгуге асқан бір құлшыныстары жоқ. Өз ауданымыздан шыққан жастар туған жеріне келіп, жанашырлық сезіммен сауапты қызметке білек сыбана кіріспесе, өзге өңірдегі мамандар бізге қайдан келсін? Мемлекет тарапынан қомақты сома көлемінде әлеуметтік төлем алатындар келісімшарт негізінде 3 және 5 жыл жұмыс істеген соң жұмыстан кетіп жатады. Олар жұмыс орнын ауыстырғанда мәселе өзекті күйінде қала береді.
Ауданға салалық мамандар көптеп келсе, жұмыс істеу де қызықты болары сөзсіз. Жастар қаладағы емханаларда жұмыс істегенді тәуір көреді. Өмірімді осы салаға арнағандықтан дәрігер үшін нағыз тәжірибе ауылда деп айтар едім. Қаладағы ауруханаларда жұмыс істейтін жас мамандар отаға бірден қатыса алмайды. Ал ауданда мол тәжірибе жинап, ысылып, жетіледі. Өз басым, бізге келген жастардан қамқорлығымды, көмегімді аямаймын. Олар біздің орнымызды басуы қажет қой. Өкінішке қарай, мұны түсініп жатқан жастар аз. Барлығы қаланы аңсайды да тұрады. Мемлекет жас мамандарға қолайлы жағдай жасауда. Бұл ретте әр жастың бойында өз мамандығына деген шын берілгендік, еліне деген сүйіспеншілік болуы керек деп ойлаймын.
Бұрын ауылға барған маманға 1 миллион теңге көлемінде біржолғы қаржы берілсе, соңғы жылдары бұл мөлшер айтарлықтай өсті. Қазір қалалық
медициналық мекемелерге келген маман 5 миллион теңге, аудандық жерлердегі медициналық ұйымдарға орналасқандар 8,5 миллион теңге, ал ауданнан тыс жерлердегі (селолық, ауылдық деңгейде) медициналық ұйымдарға барған медициналық қызметкерлер 10 миллион теңге көлемінде жәрдемақы алады. Бұл – жас дәрігерлер үшін үлкен қолдау әрі ауыл медицинасының дамуына серпін беретін нақты қадам. Алдағы уақытта осы қаржы көлемін ұлғайту мәселесі де күн тәртібінде тұр.