Жарнама
Медицина

Медицина инфрақұрылымы қарқынға ілесе ме?

Денсаулық – адамның ең басты байлығы. Оның қадірін түсініп, күтіне білу әуелі адамның өз жауапкершілігіне байланысты болса, дертті жанға шипа беру білікті дәрігер, қала берді елдің медицина саласының әлеуетімен астасып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында бұл салаға баса маңыз беріп, медициналық қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға айрықша назар аударып келеді. Ендеше, аймақтағы медициналық мекемелердің жайы қалай? Бас ауырып, балтыр сыздағанда жүгінетін емхананың жайы қалай? Жаңа медициналық нысандар қай жерден және қашан салынбақшы?

Бірінші байлық

«Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы, егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денсаулықты жетілдіру керек» деп «екінші Аристотель» атанған Әл-Фараби айтқандай, денсаулық қандай жағдай болсын ерекше  күтімді талап етеді. Десек те, аурудың айтып келмейтіні де бар. Ал, басың ауырып, балтырың сыздағанда алдымен баратын жерің – емхана. Науқастың көңіліне сенім ұялатып, ауруынан айығуына сенім беретін де ондағы ахуал. Алайда, емхана мен ауруханаға, онда көрсетілетін медициналық қызметке қатысты сын мен арыз-шағымның көптігін жасыру мүмкін емес.

Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына айрықша мән беріліп отыр. Бұл тұрғыда емханаларға зор жауапкершілік жүктелген. Десек те қазір емдеу мекемелеріндегі ең басты проблеманың бірі – кезек күту әлі жойылған жоқ. Әр емханада тіркеу бөлімдері ашылып, алдын ала жазылу ісі қолға алынғанымен жағдай жақсарып кетпеген. Бұл – ащы да болса шындық. Алдын ала дәрігерге жазылдым, уақытында алдына бардым дегеннің өзінде кемінде бір сағат күтуге тура келеді. Себебі, дәрігер тапшы. Бір дәрігерге күн сайын ондаған адам жазылады.

Иә, денсаулық сақтау саласында жүргізілген біраз реформа болғанмен, жағдай әлі де мәз емес. Әсіресе Атырау облысы анестезиолог-реаниматолог, жалпы практикалық дәрігер, акушер-гинеколог, аллерголог, пульмонолог пен инфекционист дәрігерлерге аса мұқтаж екендігі талай айтылып та жазылып жүр.

Мақсат – айқын, алайда…

Мұнайлы өңірдегі медицина саласының сын көтермейтінін, әсіресе инфрақұрылымды жақсарту мәселесі өзекті екенін 2022 жылдың қарашасында облысқа іссапары кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап айтқан еді.

– Басты міндеттің бірі – медициналық инфрақұрылымды жақсарту. Атырау қаласында емхана ғимараттары тапшы. Облыстағы медицина мекемелерінің 40 пайызға жуығы осындай жағдайда жұмыс істеп жатыр. Психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының жағдайы сын көтермейді. Тіпті, бұл мекемелердің ғимараттары пайдалануға жарамсыз. Осы мәселенің бәрін шұғыл шешу қажет. Ең алдымен, өңірге медицина мамандарын тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыру да маңызды. Сондай-ақ облыстық перзентхананы күрделі жөндеуден өткізіп, жабдықтаған жөн. Атырауда жаңа онкологиялық диспансер салу мәселесін пысықтау қажет. Облыста бірқатар денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастау керек, — деді Президент.

Саладағы инфрақұрылым – маңызды мәселенің бірі. Көптеген медициналық мекемелердің ғимараты жаңартуды қажет етеді. Дегенмен 2023-2027 жылдарға 60 нысанның құрылысы жоспарланған. Үш корпустан тұратын облыстық аурухананың базасында ескі ғимаратты бұзып, оның орнына 250 орындық жаңа нысан салынбақшы. Сосын 180 керуеттік онкология диспансерінің жаңа корпусының да жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Үш қосалқы станциясы бар жедел жәрдем станциясы мен 250 керуетті психикалық денсаулық орталығы, №3 қалалық емхананың жаңа корпусы да жоспардағы ғимараттардың бір бөлігі.

Бір ауысымда – 250 адам

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, өңірде емханасыз елді мекен жоқ. Барлығы 23 емхананың 8-і – жекеменшік емдеу мекемесі.

– Қазір облыста бойынша 11 емдеу мекемесінің құрылысы жүруде. Мәселен, Жылыой ауданындағы Қарағай және Махамбет ауданының Аққайың ауылдарынан медициналық бөлімшелердің құрылысы жүргізіліп, Исатай ауданының орталығы – Аққыстау селосынан «Өркен» фельдшерлік-акушерлік пункті, Құрманғазы ауданының Сүйіндік, Балқұдық ауылдарынан 25 науқас қабылдайтын дәрігерлік амбулаториялар салынып жатыр. Облыс орталығындағы «Жұлдыз» шағынауданы және Дамбы ауылдық округіне қарасты Амангелді селосынан бір ауысымды 25 науқас қабылдайтын дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Ал, «Нұрсая» және «Өркен» шағынаудандарында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын 2 емхана, Атырау қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясы мен Атырау облыстық онкологиялық диспансері жанындағы радиологиялық корпустарының жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізілуде, — дейді басқарманың баспасөз хатшысы Нұрайым Махонова.

Нысандар көп салынуда

Анықтап білсек, облыста халыққа аса қажетті медициналық нысандар саны жыл санап көбейіп келе жатыр екен. Атырау қаласындағы 250 орындық психикалық денсаулық орталығы, жедел жәрдем станциясы, Атырау облыстық онкологиялық диспансер де жаңа нысандар қатарын толықтырмақ. Инфрақұрылымды дамыту, әсіресе жаңа типтік үлгідегі емханалар мен ауруханалар құрылысын бастау – басты міндеттердің бірі.

Саланы дамыту үшін алға қойылған бірқатар маңызды жоспарлар да бар. Солардың ең алғашқысы – облыста медицина саласы кадр тапшылығын жою бойынша нақты шаралар қабылдау. Екіншіден, инфрақұрылымды дамыту. Үшіншіден, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша жол картасын бекіту және мамандарды алыс-жақын шет елдерге оқуға жіберу. Төртіншіден, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді дәрігерлік көмекті ұйымдастыру үшін жаңа жоғары технологиялық көмекті енгізу.

Емдеу мекемесіндегі елеулі іс

Бүгінде облыста салынып жатқан емханалардан бөлек, күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жасақталатын мекемелер де бар. Соларың бірі – 38 мыңға жуық тұрғыны бар Атырау қалалық №7 емханасы. Келешекте жаңарып, қызмет сапасын арттыруға ниетті мекеменің жартысында жөндеу басталып та кетіпті.

– Қазір МӘМС жүйесі бойынша емханаға тіркелген тұрғындарға сапалы медициналық қызметтердің барлық түрі көрсетіледі. Әсіресе, профилактикалық бағыттағы жұмыстарға назар аударып, скрининг жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Мәселен, қан-тамырлар жүйесі, қант диабеті, глаукома, тоқ ішек аурулары бойынша тексеру жоспардан артығымен орындалып, соның нәтижесінде осы кеселдер пациенттерден дер кезінде анықталып отыр. Жатыр мойыны ауруы бойынша тексеруден өткен 1625 тұрғынның 180-і ауруға шалдыққаны белгілі болды. Скринингтің адам саулығы, тіпті өмірі үшін қаншалықты маңызға ие екенін осыдан-ақ көруге болар. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтайтын скрининг жұмысын күшейтуге біз үнемі маңыз беріп келеміз. Өйткені, бұл – ауруды асқындырмаудың бірден-бір жолы. Емханада емдеуге жатқызу порталы бойынша сырқаттары анықталып, республикалық жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету бойынша квота арқылы ем алған науқас саны 400-ге жуықтайды, — деді емхана директоры Гүлнәфис Таңбаева.

56 мың тұрғыны бар

Әлеуметтік нысандарға деген сұраныс – жергілікті тұрғындар санының артуымен байланысты. Мәселенің маңызы да осында. Мәселен, тіркелушілерінің саны көп қалалық №1 емхананың жүктемесі соңғы жылдары анағұрлым артқан. Өйткені, бүгінде 56055 мыңнан астам тіркелуші осы мекеменің көмегіне жүгінеді екен. Олардың саны былтырғымен салыстырғанда 1,8 пайызға көбейген. Мұның себебін емхана директоры Нұрбек Үкібаев қалада құрылыс нысандарының көп салынуымен байланыстырды.

– Бұл емханада тіркелгендердің саны көп. Оның себебін қазір «Нұрсая» шағынауданы мен қаланың орталық бөлігінде жаңа нысандардың көп салынуына байланысты деп қарау керек. Оның үстіне жыл сайын қыркүйектен бастап «Еркін тіркелу» акциясы өтеді, сол арқылы халық емхананы еркін таңдап тіркеле алады. Қазір бізге халық тығыз орналасқан «Нұрсая», «Авангард», «Сарықамыс», «Лесхоз» шағынаудандары қарайды, — дейді Нұрбек Алексейұлы.

Мекеме басшысы емхананың медицина кадрларын үздіксіз кәсіби дамыту, біліктілігін арттыру, заманға лайық технологияларға бағдарланған негізде қайта даярлау басты назарда екенін де атап өтті.

Түйін:

Әлемдегі медицинасы мықты дамыған 10 мемлекеттің тізімінде көш бастап тұрған Гонконг адам өмірінің ұзақтығы және сәби өлімінің өте аз болуымен ерекшеленсе, Сингапурда мемлекеттік және жекеменшік емдеу-сауықтыру мекемелері тұрғындарға өте сапалы және қолжетімді бағада қызмет көрсетеді екен. Онда науқас алдындағы кәсіби жауапкершілік жоғары. Ал, үздік үштіктің қатарындағы Жапонияда әмбебап медициналық сақтандыру жолға қойылған. Ол денсаулыққа қатысты шығындарының көбін өтеп отырады. Үздіктер қатарындағы Израиль елінде барлық азамат міндетті түрде медициналық сақтандырылған. Емдеу мекемелеріндегі құрал-жабдықтар мықты, мамандары білікті. Сондықтан, бұл елге емделуге баратындар көп.

Ал, медициналық сақтандыру енгізілген біздің елде ақ халаттыларға деген сенім әлі де төмен. Бізді ойландыратыны да осы. Дамып жатқан инфрақұрылым да осы үздік медицина құру қадамдарының бірі болғай. Өйткені, үздік медицина – адам өмірінің басты кепілі.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Сурет: atr.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button