Мәжілісмен Атырау облыстық аурухана ұжымымен кездесті
Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев іссапармен Атырау облыстық ауруханасының ұжымымен кездесті.
Жиынға дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер қатысып, көкейде жүрген сауалдарына нақты жауап алды. Сондай-ақ, ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды. Бірінші мәселе – коронавирус инфекциясы өршіп тұрған 2020 жылы дәрігерлерге төленген үстемеақының былтырдан бастап жартыға қысқаруы. Ақ халаттылардың айтуынша, КВИ қайтадан күшейіп жатыр. Егер екі жыл бұрынғы жағдай қайталанатын болса, бұрынғы төлемдерді қайта енгізуге тура келеді және бұл мәселені қазірден шешіп қойған дұрыс.
Екіншіден, бес жыл сайын дәрігерлер біліктілік санатын алу үшін қажетті құжаттарды жинаумен уақыт жоғалтады екен. Ал, олай етпеген жағдайда, осыған дейін алып келген жалақысынан бір сәтте қағылып қалады. Сондықтан бұл да – кезек күттірмейтін мәселе.
Осы және өзге де ұсыныстарды толықтай тыңдап шыққан халық қалаулысы бәрін де депутаттық сауал есебінде Парламент қабырғасына міндетті түрде жеткізетіндігін айтты. Сонымен бірге, өз тарапынан да маңызды бастама көтерді. Қай мәселенің де келіп тірелетін жері – қаражат. Осы орайда, ол жалақы тарифі мен қызмет құнын өсіру керектігін алға тартты.
Егер осы ұсыныстар Үкімет пен Президент тарапынан қолдау тапса, медицина саласындағы жергілікті мәселелер де өз шешімін табатындығына сенім білдірді депутат.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ