МӘМС қоры медициналық қызметтер үшін 2024 жылға төлем жасай бастады
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облыстық филиалы медициналық ұйымдарға 20 млрд. теңгеден астам сома төленгенін хабарлады. Бұған дейін олар 30-70% көлемінде аванс алған.
Қор филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл 93 жеткізушімен жалпы сомасы 77,7 млрд. теңгеге шарт жасалған.
–Бүгін 2024 жылдың қаңтары үшін 75 жеткізушіге 1,8 млрд. теңгеге төлем жасалды. Бұл ретте бірінші кезекте төлем гемодиализ орталықтарының, перзентхана бөлімшелерінің, жоғары технологиялық медициналық көмектің, жедел жәрдемнің, қан орталықтарының, консультациялық-диагностикалық көмектің және туберкулез және психикалық денсаулық бағыттарының қызметтері үшін жүзеге асырылды, — деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов.
Осылайша, бүгін медициналық ұйымдардың 81%-ы жылдың бірінші айы үшін төлемдер алды. 5 маусымына дейін медициналық көмектің қалған бағыттары бойынша төлем жүзеге асырылады деп күтілуде. Филиал директоры атап өткендей, ақпан айы үшін төлемдер маусымның басынан бастап жүргізіле бастайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қор медициналық ақпараттық жүйелерді жаңарту кезеңінде клиникалардың қаржылық тұрақтылығын қолдау үшін медициналық ұйымдарға берілетін аванс мөлшерін 70%-ға дейін арттыру туралы хабарлаған болатын. Жеткізушілердің барлығымен кездесулер өткізілді. Оларға цифрландыру процесінің ерекшеліктері, қосымша аванстық өтінімдер беру мүмкіндіктері және азаматтарға үздіксіз медициналық көмек көрсету қажеттілігі түсіндірілді.
Медициналық көмек алу кезінде қосымша сұрақтар немесе мәселе туындаған жағдайда өз клиникасындағы пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіну қажет. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналарының біріне өтініш қалдыра алады:
• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
• fms.kz ресми сайты
• Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
• 1414 байланыс орталығы
Сондай-ақ, Damumed, Halyk, BCC.KZ, Kaspi.kz мобильді қосымшалары МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.