
МӘМС аясында 180-ге жуық жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетілді
Атырау облысында жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында 180-ге жуық жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетілді. Бұл мақсатқа 500 мың теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Аталған қызметтер негізінен кардиохирургия мен нейрохирургия салаларындағы күрделі операцияларды қамтиды. Ол туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Ғаниет Сәлімғали баспасөз мәслихатында мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Спикердің айтуынша, жыл соңына дейін облыста жоғары технологиялы және күрделі 430-ға жуық операцияны қаржыландыру жоспарланған.
МӘМС туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес келер жылдан бастап онкологиялық скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізіледі. Бұл қызмет МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматқа қолжетімді болмақ.
– Осыған дейін тек туберкулез және АИТВ бойынша тегін тексерулер жүргізілсе, енді тізімге созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті мен инсультке күдік туындаған жағдайлар да енгізіледі. Бұл науқастарға консультативтік-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі, – деді Ғ.Сәлімғали.
2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 13 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық қызметтер, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек те енгізілмек.
Брифинг барысында биыл алғашқы бес айда Атырау облысының тұрғындарына МӘМС шеңберінде жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеден асатын 1,1 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Сонымен қатар медициналық сақтандыру қаражатының едәуір бөлігі мамандандырылған стационарлық көмек пен жоғары технологиялы операцияларды қаржыландыруға бағытталған.
Атап айтқанда, биыл алғашқы бес айда 50 мыңнан астам науқас стационарлық жағдайда ем қабылдаған. Бұл қызметке 10,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Оның ішінде 12 707 науқас тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында емделіп, оған 4 млрд теңге бөлінсе, 37 778 науқасқа МӘМС жүйесі арқылы 6,46 млрд теңге қаржы бағытталған.
Күндізгі стационарларда 15 мыңға жуық тұрғын ем қабылдаған. Бұл қызмет түріне 1,26 млрд теңге жұмсалған, олардың басым бөлігі медициналық сақтандыру қоры есебінен қаржыландырылған.