Жарнама
Медицина

Майкөмген ауылында ерекше балаларға арналған орталық ашылды

Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты Майкөмген ауылында «Самға» атты ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған түзету-дамыту орталығы өз жұмысын бастады. Көптен күткен бұл орталықтың ашылуына «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауы және «Күн сәулесі» жобасы аясында «Ой-сана» психологтар қоғамдық бірлестігінің бастамасы себеп болды.

Орталық үш негізгі бағытта қызмет көрсетеді:

  • ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды түзету және дамыту;
  • оқу үлгерімінде қиындығы бар бастауыш сынып оқушыларына қолдау көрсету;
  • 0-ден 3 жасқа дейінгі сәбилерге ерте көмек көрсету.

Балалармен тек білікті мамандар жұмыс істейді: психолог, АВА-терапевт, дефектолог-логопед, логомассажист, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы және медбике. Барлығының кәсіби білімі мен тиісті сертификаттары бар.

Орталықты ашу идеясы 2024 жылы ауыл тұрғындарының, әсіресе ата-аналардың бастамасымен көтерілген болатын. Олар «Теңізшевройл» компаниясы мен «Ой-сана» қоғамдық бірлестігіне жүгініп, осындай мекеме ашуға қолдау сұраған. Нәтижесінде жоба ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында және Атырау облысы Білім басқармасы мен Майкөмген ауылдық әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты.

Салтанатты ашылу рәсіміне ТШО өкілі Нұрлан Ерғалиев пен ауыл тұрғыны Гүлфара Ерхасимова қатысты. «Күн сәулесі» жобасының жетекшісі Ләйлә Сұлтанбаеваның айтуынша, бұл орталық – ауыл тұрғындарының бірлігінің және табандылығының нақты нәтижесі.

— Бастапқыда орталыққа бар болғаны 15 бала келеді деп ойладық. Бірақ тізім жинағанда 30-дан астам бала тіркелді. Бұл – мұндай орталықтың қаншалықты қажет екенін көрсетеді. Орталыққа арналған ғимаратты бүкіл ауыл болып іздедік. Ата-аналардың белсенділігінің арқасында бәрі сәтті жүзеге асты, – деді Ләйлә Сұлтанбаева.

«Самға» орталығының ашылуы ауылдық жерде инклюзивті қолдау жүйесінің дамуына үлкен серпін берді. Енді ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ондаған отбасының кәсіби көмекке ауыл ішінде, ұзақ жол жүрмей-ақ, қол жеткізу мүмкіндігі бар.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button