ҚЫЗЫЛШАҒА ҚАРСЫ
Вакцинациялау жұмыстары ағымдағы жылдың ақпан айында қызылшаға қарсы екпе алмаған 15-19 жастағы жасөспірімдер арасында, жоспарлы алынған екпелеріне қарамастан жүргізіледі.
Қосымша иммундаудың басты себебі – республикамызда қызылша ауруының тіркелуінің жалғасуына байланысты болып отыр.
2015 жылдың 8 ай қорытындысымен облысымызда қызылша ауруының 83 жағдайы тіркеліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда аурушылық 16,2 есе жоғарылап отыр. Аурудың басым көпшілігі 15 жастан жоғары (70%) адамдар арасында тіркеліп отыр.
Вакцинациялау жұмыстары Атырау қаласы және аудандардың 143 емдеу алдын алу және білім беру мекемелеріндегі екпе пункттерінде жүргізілуде.
Қызылша – жіті жұқпалы вирусты ауру, негізгі белгілері – дене қызуының жоғарылауы, құрғақ жөтел, бастың ауырсынуы, денеде бөртпелердің пайда болуы (бөртпелер кезектесіп шығады және бірігіп кетуге бейім болады).
Қызылша – өте жұқпалы, егер аталған ауруға қарсы екпе алмаған адамдар науқаспен қарым-қатынаста болған жағдайда барлығы да қызылша ауруына шалдығады.
Қызылша ауруынан кейінгі ең қауіпті асқынуларға көздің көрмей қалуы, отит, энцефалит (мидың ісінуіне әкелетін инфекция), пневмония сияқты тыныс алу жолдарының аурулары жатады.
Қызылша ауруы адамнан сау адамға ауа – тамшы жолмен жұғады, вирус сыртқы ортаға жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде таралады. Ауру жұққан уақыттан бастап 7- 18 күн ішінде дамиды.
Қызылша ауруына шалдыққан науқас денесінде бөртпелер пайда болғанға дейінгі 4 күнде және кейінгі 4 күнде айналасындағы адамдарға жұғады.
Қызылшаға қарсы екпеден бас тарту тек сол адамның ғана денсаулығына кесірін тигізіп қоймай, қоғамға да зиянын келтіреді, себебі ауырған 1 адам айналасындағы 7-8 адамға ауруын жұқтырады.
Қызылша инфекциясынан қорғанудың ең тиімді шарасы – бұл вакцинация.
Қызылшаға қарсы қосымша иммундау сұрақтары бойынша ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің 32-18-50 телефонына және Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының 35-47-31 телефонына хабарласып, ақпарат алуға болады.