Көкжөтел – жұқпалы ауру
Көкжөтел – тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруы. Дерттің қоздырғыштары – «Bordetella pertussis» деп аталатын спецификалық бактериялар болып табылады.
Инфекцияның таралу жолы – ауа тамшылы. Қоздырғыш түшкіру және жөтелу кезінде көп бөлінеді. Инфекция көзі көкжөтелмен науқастанған адам немесе бактерия тасымалдаушы.
Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен екі аптаға дейін, симптоматикасы айқын жедел кезең – 25 күнге дейін созылуы мүмкін, ары қарай қалпына келу кезеңі басталады, оның ұзақтығы науқастың иммундық жүйесіне байланысты.
Бұл ауру 1 жасқа дейінгі балалар үшін өте қауіпті, өйткені көкжөтел ұстамалы, «үрген» жөтел (лающий кашель) түрінде өте қысқа интервалмен өтеді, бала толық дем алып үлгермейді, бұл тұншығуға әкеледі.
«Bordetella pertussis» бактериялары ағзаға ауа тамшылы жол арқылы еніп, көмей мен бронхтың ішкі қабатында көбейеді. Көкжөтелдің алғашқы белгілері ерекшеленбейді және жіті респираторлық инфекцияларға ұқсас, сондықтан нақты диагноз қою қиын. Біртіндеп жөтел күшейіп, 2-ші аптаның соңында жөтелдің ұстамалары басталады. Қатты жөтел кезінде баланың беті қызарып, тілін сыртқа шығарады. Жөтелден соң құсу, тұтқыр қақырықтың бөлінуі, бет-ауыздың ісінуі сынды белгілер байқалады. Тіпті, көзге де кері әсерін тигізіп, конъюнктива астына қан құйылулар болуы мүмкін. Ал көкжөтел көпке созылып, асқынып кетсе, қайғылы жағдай орын алуы ықтимал. Әсіресе, 1 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті.
Көкжөтел жұқпасымен ересектер де ауруы мүмкін. Ересектерде аурудың клиникалық көріністері бронхитке ұқсас келеді, сондықтан ауруды бірден анықтау оңай емес. Көбінесе ересектер екпе алмаған, соның ішінде екпеге жасы әлі жетпеген балалар үшін инфекция көзі болып табылады. Оның үстіне қазір ауа райы да жылы болғандықтан адамдар көп қыдырады, қоғамдық орындарға жиі барады. Бұл жағдай да ауру таяқшаларының ауа тамшылары арқылы тез таралуына ықпал етуде. Сонымен қатар, соңғы кездері екпе алудан бас тартатындар көбейді. Соның әсерінен де жұқпалы ауруларды жұқтырғандар қатары артуда. Негізі, аурудың алдын алу үшін халықтың 95 пайызы екпе алуы тиіс.
Көкжөтелден баланы қорғаудың ең тиімді жолы – вакцинация. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес көкжөтелге қарсы вакцинация 2, 3, 4, 18 ай және 6 жаста жүргізіледі. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін айта кеткен жөн. Яғни, егілген балалар аталған індетпен сирек ауырады әрі жұқтырған күннің өзінде жеңіл түрде өтеді. Керісінше, егілмеген балалар арасында көкжөтел ауруын жұқтыру көрсеткіші жоғары. Сондай-ақ, олардың ауруы да созылып, ұзақ уақыт емдеуді қажет етеді. Мұндайға жол бермес үшін балаларыңыздың екпе мәртебесін анықтап, уақытында екпе алу керек. Екпе тегін жүргізіледі, сондықтан әрбір ата-ана баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, көкжөтелге қарсы екпе алуға кеңес береміз!
Тлекші РАЕПОВА
Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы