Медицина
ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ – ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА
— Меңдіхан Мырзалыұлы, облыстың медицина саласын жақсарту барысында қандай нақты қадамдар бар?
— Бүгінгі күні аймақта денсаулық сақтау жүйесінің мемлекеттік секторында 160 медициналық мекеме болса, оның ішінде 33 стационарлық, 52 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 47 медпункті бар қалалық емханалар мен жеті аудандық емханалық бөлімше, екі дәрігерлік амбулатория халыққа медициналық қызмет көрсетуде.
Аймақта тұрғындарға бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының материалдық базасы біршама жаңартылды. Жеті ауданның бесеуінде емханалар толық жаңартылып, әрқайсысында 250 келушіге арналған жаңа ғимараттар салынып, тұрғындар игілігін көруде. Сонымен қатар, шалғайдағы елді мекен тұрғындары да мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізуде. Осы мақсатта былтырғы жылы Еркінқала, Алға, Исатай, Майкөмген, Жарсуат елді мекендерінде жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынып, пайдалануға берілді. Облыстық балалар ауруханасының жаңа емдеу ғимараты іске қосылды.
Ал, республикалық және жергілікті бюджеттен барлық аудандарға жедел жәрдем станциясына және санитарлық авиация бөліміне заман талабына сай жабдықталған алты реанимобиль, 18 автокөлік алынып, іске қосылды. Биылғы жылы да емдеу мекемелері осындай қосымша автокөліктермен қамтамасыз етілмек. Бұл автокөліктер ана мен бала және жағдайы қатаң науқастарды облыс орталығындағы емдеу орындарына тасымалдауға арналады.
Сондай-ақ, телемедицина барлық ауданның орталық ауруханаларында және облыстық ауруханада жұмыс жасап тұр. Ағымдағы жылы облыстық перзентхана мен облыстық балалар ауруханасы да осы жүйеге қол жет-кізбек.
— Өңірде денсаулық сақтау саласының демографиялық көрсеткіштері туралы не айтасыз?
— Аймақтың денсаулық сақтау саласында демографиялық көрсеткіштерде оң өзгеріс бар. Өткен жылы туу көрсеткіші екі пайызға өссе, жалпы өлім деңгейі бес пайызға төмендеді, нәтижесінде табиғи өсім төрт пайызға өсті. Республикада туу көрсеткішінен Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кейін үшінші орында болсақ, ал, табиғи өсімнен төртінші орындамыз. Денсаулық сақтаудағы басты көрсеткіш – азаматтардың өмір сүру ұзақтығы жыл ішінде 0,4 жасқа өсті. Сәби өлімінің көрсеткіші 1000 тірі туылғандарға шаққанда жыл ішінде 35 пайызға төмендеді. Алайда, ана өлімінің деңгейі тұрақтамай тұр.
Облыс халқы өлімінің негізгі себептерін зерттесек, бірінші орында – қан айналым жүйесі, екінші орында – қатерлі ісік аурулары, ал, үшінші орында – жарақаттану мен уланушылық салдары тіркеліп отыр. Тұрғындардың негізгі аурушаңдық көрсеткіштеріне тоқталсақ, жалпы облыс бойынша жағдай бір қалыпты, яғни, алғаш тіркелген аурулар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 17,0 пайызға төмендеген. Қан айналым жүйесі, қатерлі ісікпен аурушаңдық деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен.
— Емдеу мекемелерін мамандармен қамту жайы қалай?
— Жасыратыны жоқ, денсаулық сақтау саласында шешімін күткен проблеманың бірі – кадр мәселесі. Күні бүгін емдеу мекемелеріне 210 маман жетіспейді. Жыл сайын Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Астана қалаларындағы жоғары медициналық оқу орындарынан жас мамандарды қызметке шақырып отырмыз. Бұдан басқа облыстардан тәжірибелі дәрігерлерге сұраныс та жоқ емес. Кадр мәселесін шешудің бір жолы 2013-2015 жылдары салынатын 16 дәрігерлік амбулаторияның қасынан дәрігерлер үшін жайлы пәтерлер бой көтереді. Сондай-ақ, Құлсары қаласынан, Индер, Аққыстау, Ганюшкино селоларынан бюджеттік мекеме мамандарына арналып үш қабатты 60 пәтерлік үй тұрғызылады. Ал, Атырау қаласынан пәтер типтес жатақхана салынатын болады. Сонымен бірге, жергілікті жастарды медициналық жоғары оқу орындарына тарту мақсатында аудандық, қалалық әкімдіктерден бөлінетін тегін квоталар саны жыл сайын өсуде.
— Адамдардың өмір жасын ұлғайтуда денсаулық сақтау саласының орны бөлек…
— Тұрғындардың өмір сүру жасын ұлғайту мақсатында ауруларды дер кезінде анықтау зор рөл атқарады. Осы бағытта балалар мен белгілі бір санаттар бойынша азаматтар тұрақты түрде профилактикалық тексерулер мен скринингтерден өтуде. Бұл ретте 12 түрлі ауруға скринингтік бағдарлама жүргізу жоспарланған. Жыл сайын жоспарланған межеден артығымен адамдар қаралып, аурулары ерте кезеңінде анықталып, есепке алынуда. Былтырғы жылы скринингтік тексерулерден облыс бойынша 416 310 адам өтті. Нәтижесінде 2689 науқас анықталып, оның ішінде 2394-і «Д» есепке алынды.
Елбасы Жолдауда атап көрсеткендей, міндетті медициналық сақтандыруды іске асырудың уақыты келді. Алдыңғы қатарлы елдердің барлығында жүзеге асырылып жатқан медициналық сақтандыру жүйесіне біз де келуіміз керек. Өз денсаулығын ойлайтын, денсаулық алдымен өзіне қажет екенін түсінетін әр азамат өзінің сақтандыру қорына жарнасын жинақтауы тиіс. Өзінің қызметкерінің дені сау болуын, ауырмауын ойлайтын жұмыс берушілер де сақтандыру қорына жарна төлеуге мүдделі болулары керек.
— Мереке күні қол жеткен істерді саралап, алғы күндерге көз салатын қағидамыз бар емес пе? Алда қандай істерді қолға алмақсыздар?
— Алдағы жылдары облыстың емдеу-сауықтыру мекемелері жоғары білікті дәрігерлермен толық қамтамасыз етіледі. Өңірде туберкулез аурушаңдығын бәсеңдетуге, ана мен бала өлімін болдырмауға мүмкіндік бар. Емдеу орындарының қай-қайсысы да осы заманғы медициналық қондырғылармен жарақтандырылады. Емханалар мен ауруханаларда емдеу сапасы жақсарып, дәрігерлер арасында бәсекелестік қалыптасады.
Жылыой ауданының тұрғындарына Құлсары қаласынан жаңа емхана құрылысы салынып, пайдалануға беріледі. Облыс орталығында «Аджип ҚКО» компаниясының демеушілігімен 180 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын және облыстық балалар ауруханасының ескі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Облыстық ЖИТС орталығының құрылысы аяқталып келеді.
12 дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарда бар. Индер кенті мен Геолог селосынан ауысымына 100 келушіге арналған емханалардың құрылыстары басталмақшы. Мемлекеттік, жекеменшік әріптестік тетіктері негізінде Атырау қаласындағы Өркен шағынауданынан ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы басталуы тиіс. Құрылыс салу мерзімі 2015-2016 жылдарға жоспарланып отыр.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.