Жарнама
Медицина

«КЕЗЕК КҮТІП ШАРШАДЫҚ!..»

Адам денсаулығы – қоғам үшін ең қымбат құндылық. Әсіресе, сырқат шалған сәтте дер кезінде көрсетілетін медициналық көмектің маңызы орасан. Күнделікті өмірде емханаға жолы түскен әрбір тұрғын түрлі жағдайды бастан өткереді…

cca52679 bfcb 4dd3 b098 da1d900e3733

Апталап күтуге мәжбүр

Медицинасы жоғары деңгейге көтерілген Сингапур елінен үлгі алып, олардың тиімді жүйесін отандық тәжірибеге енгізгенімізбен, саланы бір жүйеге түсіру әлі күнге дейін мүмкін болмай келеді. Ауруханаларда орын тапшы. Портал бойынша ауруханаға бірінші кезекте өміріне аса қауіп төнген, жұқпалы ауруға немесе жүйке ауруына шалдыққан, жедел жәрдем арқылы түскен науқастар жатқызылады. Ал өзге науқастар, яғни жүріп-тұруға мүмкіндігі бар жандар кемінде 2 күн кезек күтіп, сол екі күнде аурухана табалдырығын тоздырып, дәрігерлердің кабинетін жағалап жүруге мәжбүр. Егер «жеңіл-желпі» аурумен ауырса, порталдың кезегін күтіп әуреленудің қажеті жоқ.

Ауруханада ем қабылдау үшін жасалатын алғашқы қорытындылардың да науқасты әбігерге салатыны бар. Ол анализдің өзін науқастар таңмен таласа жүріп тапсырады. Таңғы уақытта үлгермегендер келесі күні тағы да осы шаруамен шапқылауға мәжбүр. Ал анализдері жоқ науқасты дәрігердің қабылдауы тіптен мүмкін емес.

Міне, осыдан кейін ғана порталды күтеді. Порталдан орын табылып, жолдаманың қолға тиюін науқастар апталап, айлап та күтеді. Кезек күтіп жүріп ауруын асқындырып алғандар қазір жиі кездеседі. Солардың бірі – қала тұрғыны Шерхан Жақсыгенов.

Әуелі асқазанының мазалағанына шағымданған Шерхан облыс орталығындағы ауруханалардың біріне барады. Мекеменің толық атауын айтпаған ол ауруханада ем қабылдауы әлі де аяқталмағанын ескертті. Әдеттегідей дәрігер әуелі барлық анализдерін тапсыруды сұрайды. Оны тапсырып, нәтижесін алу үшін де бірнеше күн ауруханаға сандалған. Күн сайын кезек күтіп тұруға уақыты болмаған науқас соңында ауруханаға жатып ем қабылдаудан бас тартып, дәріханадан дәрі алып, өз бетінше пайдалана бастаған. Дерті басылған Шерхан аурухана туралы да, дәрігерлерге қаралу туралы да ұмытып кетеді. Кейін дерті қайта мазалай бастағанда, ата-анасы қолынан жетектеп ауруханаға қайта апарған. Анализ тапсырғаннан кейін, қабылдаған дәрігер Шерханды дереу ауруханаға жатқызу туралы шешім шығарады. Электронды құрал арқылы порталға тіркелген Шерхан тиісті аурухананың жолдамасын бір аптадан аса уақыт күтіпті. Ауруы асқынған жап-жас жігіт «дерттің дауасын табу үшін бірнеше апта күтіп жүру мүмкін емес» дейді.

Ақылы қызметті қалта көтермейді

Кенеттен тіс ауырса да уақытылы ем алу мүмкін емес. Тұрғындардың көбі амалсыздан ақылы стоматологияға барады, бірақ ондағы баға көпшіліктің қалтасын қағады. Қарапайым пломба салдыру бірнеше мың теңгеден басталып, күрделі емдеу он мыңдаған, кейде жүз мыңдаған теңгеге жетеді. Ал протездеу мен имплант салдыру одан да қымбат, бұл үшін кейбір отбасылар айлық табысын түгел жұмсауға мәжбүр.

Көп балалы ана Сәуле Мырзабекова өзінің басынан өткен жағдайды баяндады. Бір күні тісі кенеттен қатты ауырып, жұмысынан сұранып дәрігерге жетеді. Бірақ қабылдау бөлімі оған бір аптадан кейін ғана кезек барын айтқан. Түні бойы ұйықтай алмай шыққан соң, ертеңінде ақылы клиникаға барады. Онда қараған дәрігер тісті бірден емдеп, пломба салғанымен, қызмет ақысын естігенде Сәуле сасып қалады. Бір ғана ем үшін 35 мың теңге төлеуге мәжбүр болады. Кейін дәрігерлер оған тағы екі тісті емдеу қажет екенін айтып, бағасын алдын ала ескерткенде, Сәуле біраз уақыт ойланғанын жасырмайды. «Мемлекеттік емхана бар, тегін қызмет бар деп айтамыз, бірақ сол қызметке жете алмай отырмыз. Ал ақылы клиникаға барсаң, қалтаң көтермейді» деп қынжылады ол.

Стоматологиялық қызметтің осындай қымбатшылығы мен қолжетімсіздігінен кейбіреулер шетелге баруды жөн көреді. Көрші елдердің немесе алыс шетелдің клиникаларында бағасы да, сапасы да әртүрлі болғанымен, ем тез жасалады, кезек күттірмейді. Әсіресе күрделі протездеу немесе имплант орнату қажет болған науқастар осы жолды таңдайды.

Ал ақ халаттылар болса, жыл сайынғы тексеруге де бара алмай, тіс ауруын асқындырып алатындар көп екенін айтады. Ақыры дәрігерге жеткенде ауырған тісті жұлдырудан басқа амал қалмайды. Облыс орталықтарында да, ауылдық жерлерде де жағдай ұқсас: кезек бірнеше аптаға созылады, материалдар жетіспейді, тегін берілетін дәрілерді табу қиын. Науқастар осы уақыт ішінде ауырсынуды басатын дәрілерді алуға мәжбүр. 

«Жүйкені тоздыруға тура келеді»

Басқасын былай қойғанда, күрделі диагностикадан өту, мысалы МРТ, ЭЭГ немесе басқа да жоғары технологиялы тексерулер – одан да қиын. Осындайда көпшіліктің жүйкесі жұқарып, кейде емханада дауыс көтеруге мәжбүр болады. Тіпті расында, айқай-шу шығармай іс алға баспайтындай көрінеді. Бұл сөзді қала тұрғыны Айкөркем Сүндетованың басынан өткен жағдай дәлелдейді. 

Ерекше күтімді қажет ететін баласын қарапайым ЭЭГ аппаратына түсіру үшін ол бірнеше күн телефон шалып, тіркеу бөліміне талай мәрте барған. Кезекке жазылмақ болғанда, келесі айда ғана қабылдайтынын естіген. Оның үстіне дәл сол кезеңде қажетті дәрігердің еңбек демалысына шығатыны белгілі болғанда, ананың үміті үзіле бастаған. Амалы таусылып, бірнеше есікті қағып, дауыс көтеруге мәжбүр болған. Содан соң ғана мәселе қозғалып, бала ертеңіне аппаратқа түсірілген. Бұл – бір ғана отбасының тарихы. Дәл осындай шырғалаңды бастан өткеріп жүрген қаншама адам бар?! 

Тұрғындардың айтуынша, кейде мәселені айқай-шусыз шешу мүмкін емес сияқты. Әкімшілікке барып шағымданбасаңыз, бірнеше рет телефон шалмасаңыз немесе әлеуметтік желіге жазбасаңыз, кезегіңізді жылжыту қиын. Сөйтіп, медициналық қызметке жетудің өзі бейнебір күреске айналған. Жоспарлы тексеруден өту үшін айқайламай-ақ сабырмен ғана қабылданатын күнді халық әлі де зарыға күтуде.

Мәселе неден туындайды?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрайым Махонованың мәліметінше, егер науқас дәрігерден емдеуге жатқызуға арналған жолдаманы алса, облыстық және республикалық кли-никаларға жоспарлы түрде кезекке сәйкес жолданады. 

– Негізгі кезек республикалық орталықтарға жолдау кезінде туындайды. Себебі Астана мен Алматы қалаларындағы орталықтарға науқастар барлық өңірден жіберіледі. Басқарма тарапынан халыққа уақытылы медициналық көмек көрсету мақсатында республикалық орталықтарда жасалатын жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін жергілікті медициналық емдеу-сауықтыру мекемелеріне енгізіліп, науқастардың басқа өңірлерге кетуін азайту жоспарланған. 

Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, барлық нозология бойынша күндізгі стационарда – 84 785 науқас емделді. Оның 58 110-ы шұғыл, 26 675 науқас жоспарлы түрде жатқызылды. Бұл көрсеткішке қарап отырсақ, порталдың игілігін көріп жатқандар саны артып келе жатқан секілді. Екі жылда мұндай көрсеткішке қол жеткізу денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін біршама жетістік, әрине. Ауруханаға жатқызу порталы медицина саласындағы бармақ басты, көз қысты әрекеттерге, қылмыстық істерге тосқауыл болады деп те болжанған,-дейді Н.Махонова.

Қалай десек те, ауруханалардың дәлізінде тағаты таусылған науқастарға көзіміз де үйренді бүгінде. Ал ақылы емханаларда адам аз болатыны түсінікті, қарапайым халықтың қалтасы бүгінгідей қымбатшылықта оны да көтере бермейді. Дәрігерге көріну, анализ тапсыру және емделуге жеке-жеке ақша төлеу кімге оңай соқсын?!

Қариялар мен балаларға да қиын. Әсіресе бір жасқа дейінгі балаларды үй-үйді аралап қарауға да дәрігерлердің бос уақыты болмай жатады. Әр адамға жарты сағаттан бөлгенде бір дәрігер күніне 10-15 науқасты қабылдайды екен. Расында бұрын кезек көп болса да, науқастардың бәрі дәрігерге көрініп үлгеретін. Мұндай жағдайда дәрігерлерге де кінә артпаймыз. Бәлкім өзгеріс керек шығар…

Алтынай Мадатова, қала тұрғыны:

«Дертті асқындыруың мүмкін»

– Емделушілер медициналық қызмет түрлерін дер кезінде алуы тиіс. Егер қажетті қызметті уақытылы көрсете алмаса, емделуші шарт бойынша басқа клиникаға баруға құқылы. Мұндайда қайтадан учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылуы керек. Яғни емханада бірлесіп орындау шарты жасалған басқа медициналық мекемеге жаңа жолдама сұрауға тура келеді. Осылай кезектен қашып жүргенде дертіңді асқындырып алуың әбден мүмкін.

Емханаларға медициналық сақтандыру ақысы төленеді. Ал ауырғанда дер кезінде ем ала алмаймыз. Сондықтан көбінесе кезек күттірмейтін ақылы емханаларға жүгінуге мәжбүрмін.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button