Жарнама
Медицина

«ГИППОКРАТ АНТЫНА АДАЛМЫЗ!»

 

— Клара Олжағалиқызы, мемлекеттің басты байлығы халық десек, олардың денсаулығын сақтауда медицина қызметкерлеріне артылар міндеттің зор екенін жақсы білеміз. Әңгімені ең алдымен осы бағытта өрбітсек…

— Аймақтағы барлық емдеу орындары сияқты, біздің №4 қалалық емхана ұжымы да Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша және «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде халық денсаулығын сақтау ісінде біршама игі істерге қол жеткізуде. Атап айтқанда, емхананың материалдық-техникалық базасы біршама жақсарды. 2012-2013 жылдары емдеу орнына қосымша жаңа ғимарат салынып, күрделі жөндеуден өткізілді. Қазіргі уақытта 42 мыңнан астам адамды қамтитын Көкарна, Тасқала, Курилкино, Ақжайық, Холодильник, Жұмыскер елді мекендерінің тұрғындарына қызмет көрсетеміз. Оның үстіне қаланың кейбір ықшамаудандарынан қалаған дәрігерлеріне келіп қаралатындар да баршылық. Олардың дені күндізгі стационарлық емдеу бөлімінің қызметіне дән риза. Ал, учаскелік дәрігерлер жүріп-тұруы қиын қарт адамдардың үйлеріне барып, олардың емделуіне жағдай жасайды.

Науқастар емдеу орнына электрондық жүйесі, телефон арқылы алдын ала кезекке жазылып, қалаған мезгілінде дәрігерге қаралады. Бүгінде емханада барлық қызмет түрлері компьютерлендірілген, электронды құжат айналымы енгізіліп, емделушілер туралы барлық мәліметтер сақталады. Сонымен қатар, емхананың арнаулы жеке сайты бар http://atyrau-poliklihika4.kz.

— Мамандардың білікті-лігін арттыру бағытында қандай жұмыстар жасалуда?

— Емхана басшылығы дәрігерлер мен орта буын мамандардың біліктіліктерін арттыруға жете көңіл бөледі. Жыл сайын ондаған дәрігер Алматы, Ақтөбе, Астанадағы білімін жетілдіру институттарында іс-тәжірибеден өтсе, орта буын медицина қызметкерлері Атырау медицина колледжінде болып, білімдерін жетілдіреді. Олардың қай-қайсысы да осы заманғы медициналық аппараттарды жете меңгеріп, денсаулық саласында жемісті еңбек етуде.

Айта кету керек, медицина қызметкері бес жыл сайын аттестациядан өтеді. Одан сүрінбей өту үшін мамандығы бойынша білімін жетілдіру қажет. Оқыған адам арнайы сертификатқа ие болып, жұмысын әрі қарай жалғастырады. Ал, керісінше, ештеңеге талпынбаса , мұндай маманға бізде орын жоқ. Сондықтан, басшы ретінде маманның біліктілігін мойындасақ, міндетті түрде білімін жетілдіруге жібереміз. Жалақысы да соған байланысты өсіп отырады.

— Емделушілердің скринингтік тексерілу жайы қалай?

— 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында қабылданған ұлттық скринингтік тексеру шаралары туралы білмейтін жан кемде-кем. Бүгінде емхана есебінде тұратындар скринингтік тексеруден өтуге мүдделі. Бұл тексеру – балалар мен ересектердің қан айналымы жүйелерінің ауруларын, жатыр мойнының, сүт бездері обырын бастапқы кезеңінде айқындаудың тиімді түрі. Белгілі бір жастағы адамдар жыл сайын осы скринингтік тексеруден өтеді.

Скринингтік тексерудің түрлері көп, олар адамның жеті мүшесін түгел қамиды. Мәселен, әртүрлі жастағы адамдар қанындағы холестерин мен глюкозаның деңгейін анықтау үшін арнайы тексеріліп, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог мамандардың қабылдауына жіберіледі. Мұндай зерттеулер жүрек-қан тамыр ауруларын, қант диабетін, глаукоманы және оның қауіпті факторларын, сондай-ақ, гепатит пен инсульт, инфаркт, цирроз, бауыр обырын асқындырмай анықтауға мүмкіндік береді. Бізде осындай скринингтік тексеру кезінде 180-дей адамның түрлі аурушаңдыққа шалдыққаны анықталып, олардың емделуіне жағдай жасалды.

 — Елбасымыз жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында халық денсаулығына баса көңіл бөліп келеді. Осы тұрғыда маман ретінде пікіріңізді білсек деп едік.

— Ел саясатындағы басты назарда тұратын саланың бірі –денсаулық сақтау. Бұл орайда Елбасы биылғы Жолдауында да сапалы медициналық көмек көрсетудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Сондықтан да, әрбір азаматтың өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға деген жауапкершілігін арттыру, салауатты өмір салтын ұстану, өмір сүру ұзақтығын арттыру туралы емхана ұжымы мен емделушілер арасында ақпараттық-ағарту және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

— Клара Олжағалиқызы, өз ісіне берілген әріптестеріңіздің ішінен жыл қорытындысымен айрықша кімді атап өтер едіңіз…           

-Біздің ұжым үшін Жылқы жылы халық денсаулығын сақтауда жетістікке толы жыл болды дер едім. Осы ретте ақ халаттарына кір шалдырмаған скринингтік бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Оразова, Жұмыскер учаскелік емханасының меңгерушісі Меруерт Өтеғалиева, хирург Дулат Бекқалиев, дәрігер Гүлшат Мырзабаева, невропатолог Айгүл Маштахова, бас медбике Мира Оспанова, аға медбике Рая Мағауина, учаске медбикесі Алма Өркешбаева, Марзия Биманова, медбике Райгүл Қарабасова, лор медбикесі Зира Қайырова, Тасқала ауылы медпунктінің медбикесі Клара Қазихановалар елдің шынайы алғысына бөленді.

Бізге ең қымбатты нәрсе – адам денсаулығы. Ендеше, әріптестерімнің, өзімнің де күні -түні ойлайтынымыз – осы мақсатта аянбай еңбек ету.

— Сұхбатыңызға рахмет! Өзіңіз айтқандай, алдағы Жаңа жыл сіздер үшін табысқа толы болғай!

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button