Жарнама
МедицинаСарапTime

ҒИМАРАТ ескі, ДӘРІГЕР жетіспейді…

АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНДАҒЫ «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ДЕПУТАТТЫҚ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫНДА ОБЛЫСТАҒЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БИЫЛҒЫ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТА АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫ САРАЛАНЫП, САЛАҒА ҚАТЫСТЫ ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМАЛАР ДА АТАЛДЫ.

ДЕНІ САУ ҰЛТ – ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ

Депутаттар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Байдуəлиевтің баяндамасын тыңдап, күрмеулі мəселелер жəне оларды шешу жолдарына қатысты ойларын ортаға салды. Атырау облыстық мəслихатындағы «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Амангелді Абдоловтың төрағалығымен өткен жиында салаға қатысты негізгі проблемалық мəселелер аталды. Ең алдымен, салаға бөлінетін қаржы көлемі қандай? Депутаттар алдына ұсынылған есепті баяндамада сауалға жауап ұсынылды.

«Бүгінде облыстың денсаулық сақтау жүйесінде 36 мемлекеттік медициналық ұйым, атап айтқанда, 11 қалалық стационар, 7 аудандық стационар мен емхана, 6 қалалық емхана жəне 2 дəрігерлік амбулатория, сонымен қатар 10 өзге ұйым жұмыс істеуде. Облыстың денсаулық сақтау саласына 2021 жылы 69,4 млрд. теңге қаражат бөлінген. Биыл да денсаулық сақтау саласында жоспарланған жұмыстар ауқымды. 2022 жылы қаржыландыру көлемі 68,6 млрд. теңге. Мұның ішінде жергілікті бюджеттен 8,3 млрд., республикалық бюджеттен 2,5 млрд., əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы 57,8 млрд. қаржы бөлінді» деді басқарма басшысы А.Байдуəлиев.

Бұған қоса, облыста медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейін жоғарылату мақсатында соңғы 3 жылда жергілікті бюджеттен 8,2 млрд. теңге бөлініп, қажетті медициналық техника сатып алынған. Осының нəтижесінде, қазіргі таңда облыс бойынша жарақтандырылу деңгейі 92,3%-ды құрап отыр. Биылғы жартыжылдықтағы негізгі көрсеткіштерге сүйенсек, туу көрсеткіші 12,4, табиғи өсім 14,8 пайызға төмендепті. Алайда, басқа көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Мəселен, облыстың бас дəрігері туберкулезбен сырқаттанушылық, қатерлі ісік сырқаты, одан болатын өлім секілді қауіпті критерийлер көрсеткіші төмендегенін келтірді. 2021 жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда ана өлімі 6 есеге төмендеп, акушерлік жəне COVID-19 жағдайларында ана өлімі тіркелмеген.

ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАШАН ШЕШІМІН ТАБАДЫ?

Ұлт саулығын қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыстар жасалып жатқанымен, проблемалық мəселелер де аз емес. Басқарма басшысы оларды жоққа шығармай, облыстық перинаталдық орталықта, қалалық перзентханада жəне аудандық ауруханаларда кадр тапшылығы, əсіресе, реаниматолог, акушер-гинекологтардың жетіспеушілігі бар екенін жоққа шығармады. Жоғарыда атағанымыздай, материалдықтехникалық базаны жаңалау мақсатында қаржы бөлінгенімен, ескірген ғимараттар мəселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік болмай келеді. Мəселен, облыстық перинаталдық орталық, облыстық балалар ауруханасына күрделі жөндеу қажет болса, №1, 2, 3, 4, 5 қалалық емханаларының ғимараттары типтік үлгіге сай емес. Соңғы жылдары коронавирус инфекциясына қарсы іс-шаралар кезінде білікті эпидемиологтардың жетіспеушілігі де айқын аңғарылды. Шындығында, медицина – көп жағдайда халықтың наразылығын тудыратын саланың бірі. Бітпейтін кезек, қағаз жазудан босамайтын дəрігер немесе маманның жетіспеуі секілді мəселелер – күнделікті əлеуметтік желіде жиі талқыланатын тақырыптар. Асхан Мархабайұлы бүгінде облыс бойынша 6747 медицина қызметкері, оның ішінде 1515 дəрігер, 5232 орта буын медицина қызметкері бар екенін келтірді. Өткен жылы өңірге 76 дəрігер келіп, оның 17-сі ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан екен. Алайда, кадрге қажеттілік 228-ді құрайды. Соның ішінде анестезиолог-реаниматологтар қат.

– Аймақтағы кадр жетіспеушілігін жою мақсатында жылдар бойы бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Атырау облысының жоғары медициналық оқу орындарының түлектерін білікті дəрігер ретінде білімін одан əрі резидентурада жалғастыруларына жағдай жасау мақсатында жыл сайын 70-тен астам грант бөліп келеді. Сонымен қатар, өңірдегі негізгі проблемалардың бірі – медицина қызметкерлері біліктілігінің төмендігі. Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасы шетелдерде, республикалық ғылымизерттеу орталықтарының базасында жəне шетелдік мамандарды өңірдің медициналық ұйымдарына тарта отырып, мамандардың біліктілігін арттыру мақсатын қойды, — деген басқарма басшысы жергілікті сала мамандарының Израиль жəне Германия елдерінде білімдерін жетілдіретінін де жеткізді.

АЛЫС АУЫЛҒА ДӘРІДӘРМЕК ЖЕТКІЗУ ҚИЫН

Басқосуда облыстағы эпидемиологиялық жағдай да айтылды. Əзірге ахуал тұрақты, өңір жасыл аймақта. Жиын төрағасы Амангелді Абдолов партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген салаға қатысты талаптардың орындалысы бақылауда екенін жеткізіп, шалғай елді мекендерге дəрі-дəрмек жеткізудің өткір мəселе екенін атап, ауыл тұрғындарының толық медициналық көмек ала алмайтынын жеткізді. Сонымен қатар, фракция отырысына қатысушылар салаға мамандарды тарту жұмыстарын мектеп қабырғасынан бастау қажеттігін де атады. Ал, мамандармен қамтамасыз ету жұмыстары барысында ең алдымен, баспанаға мұқтаждықты жою қажет екенін жеткізді. Ол үшін жатақхана үлгісіндегі 1-2 бөлмелік арнайы баспана салу мəселесін қарастыру ұсынылды. Облыстық онкологиялық диспансердің апатты деп танылғаны, жаңа нысан салынатыны туралы айтылып жүр. Ол қай жерде, қашан салынады? Көпті мазалаған сауал жиын барысында да қойылды. Ескі ғимарат орны сүріліп, соның орнына жаңасы бой көтермек. Құрылыс жұмыстары кезінде диспансер уақытша облыстық аурухананың ескі ғимаратына қоныс аударады. Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасы конкурстық рəсімдерін өткізуде. Сонымен қатар, аталған диспансер маңынан радиологиялық корпус салу жобасының құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қалалық емханалар жүктемесінің бірнеше есе көп, атыраулықтар білікті мамандарға қаралу үшін ел асып баруға мəжбүр екені де айтылды. Бірінші түйткілдің түйінін тарқату үшін жеке емханаларды тарту, ал, шетелдік мамандарды Атырауға шақырту шараларын ұйымдастыру туралы ұсыныстар айтылды. Бұдан басқа да бірқатар өзекті мəселелер талқыға түсті. Жиын қорытындысында «Amanat» партиясының Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла Идресов фракция отырысында айтылған ұсыныс-пікірлер хаттамаға жазылатыны, жүйелі кемшіліктерді шешу жолында бірлесе жұмыстану қажеттігін айтты.

Гүлжан ƏМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button