Жарнама
Медицина

Естен кетпес өкініш ата-ананың бақылаусыздығынан туындайды

Әр бала – нәзік те албырт жас өскін. Қалай баптап, қалай тәрбиелесек, солай өсіп жетіледі. Бірақ сол жас өркеннің жайқалып өсуі үшін ата-ананың мейірімі мен жанашырлығы ауадай қажет. Алайда бүгінгі қоғамда сәбилердің тағдырына немқұрайлы қарайтын ата-аналардың саны көбейген. Атырау облысында жыл басынан бері термиялық күйік алып, ауыр хәлге түскен балалардың жағдайы көңіл құлазытады. Мұндай жағдайларға кім кінәлі? Қайғылы оқиғалардың алдын қалай алуға болады?

Сәби сақтықты талап етеді

Баланы өмірге әкелу – бір міндет болса, аман-есен өсіріп, қауіптен қорғау – одан да үлкен қызмет. Алайда соңғы уақытта ел ішінде жиілеп кеткен қайғылы оқиғалар бұл міндеттің жиі ескерілмей бара жатқанын аңғартатындай.

Сәбилер – әлемді енді танып келе жатқан бейкүнә тіршілік иелері. Олар үшін кез-келген зат қызықты, кез-келген нәрсе ойыншық. Бірақ сол ойыншық кейде отқа айналып, сол қызығушылық орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін. Өз үйіміздің ішіндегі терезе, электр қуаты, ыстық су, от, тіпті өткір заттардың өзі сәби үшін үлкен қауіп тудыратынын ересектер ескере бермейді. 

Медициналық мекемелерге күйік шалған балалар жиі түсуде. Олардың кейбірінің денесінде сау жер қалмаған, ауыр жарақат алған. Ақ халатты абзал жандар бүлдіршіндердің ауыр жағдайына куә бола жүріп, бұған ең алдымен смартфон мен әлеуметтік желіге байланып қалған ата-аналар кінәлі екенін жасырмай айтып келеді. Баласының жанында отырып-ақ түрлі мессенджерлер мен ленталарды парақтап, қоңырауға алаңдап отырған ата-ана сол бірер минуттық бейқамдықтың арты қандай қайғыға соқтыратынын кеш түсінуде.

Бүтін отбасының трагедиясы

Ата-ана өз перзентін жамандыққа қимайды. Көз алдында қуанып, еркелей күлген баласының бір сәтте қатерге ұшырайтынын ешкім болжамайды. Бірақ дәл осы бейқамдық пен «бәрі жақсы болар» деген сенім ата-аналарды салғырттыққа ұрындырып отыр. 

Қайғылы жайттардың артында бір отбасының трагедиясы, балалықтың күрт үзілген сәті тұр. Облыстық балалар ауруханасының статистика маманы Нұрғазы Нұрболатұлының мәліметіне сүйенсек, былтырдың өзінде 6 мыңға жуық бала түрлі аурулармен ауруханаға түскен. Оның ішінде бір мыңға жуық бала әртүрлі дене жарақатынан зардап шегіпті. Олардың дені – құлап, кесіліп, соғылып қалудан бөлек, термиялық күйікке ұшыраған бүлдіршіндер. 100-ден астам бала күйік шалып, ауыр жағдайда емделген.

Биылғы жағдай да мәз емес. Күн жылына салысымен ашық от, қайнаған су, ыстық май сияқты күнделікті тұрмыста жиі кездесетін элементтер тағы да қауіп көзіне айналды. Дәрігерлердің айтуынша, күйік шалған балалардың көбісі – мектеп жасына дейінгі, яғни 1 мен 5 жас аралығындағы сәбилер. 

Дәрігерге кінә артады

Бала жарақат алған сәттен бастап, ата-ананың үміті мен сенімі дәрігердің біліктілігіне жүктеледі. Бұл – табиғи заңдылық. Өйткені, перзентінің тағдыры таразыға түскен сәтте ешкім де өз қолынан көмек көрсете алмайды. Алайда кейде медициналық араласу қанша сапалы, қанша шұғыл болса да, бәрі кеш болуы мүмкін. Жоғары дәрежелі маман, заманауи жабдық көмектеспейтін, үздік ем-домның өзі шипа болмайтын жағдайлар бар.

Көптің есінде шығар, бірер жыл бұрын облыс көлемінде үш бүлдіршіннің өмірін жалмаған термиялық күйік оқиғасы жұрттың жанын түршіктіріп, үлкен қоғамдық пікір тудырған болатын. Жағдай ушығып, ата-аналар медициналық көмектің кешіктірілгенін, емдеу сапасының төмен болғанын алға тартып, жауаптылардан кінә іздеді. Бұл ретте дәрігерлер өз уәжін айтып, жағдайдың тым ауыр, шұғыл әрі адам өмірін сақтау мүмкін емес деңгейде болғанын түсіндірді.

Соңғы жылдары орын алған осындай жағдайлар тәрбие мен қауіпсіздік мәдениетінің әлсірегенін, ұрпақ алдындағы міндеттің салмағы ескерусіз қалып бара жатқанын аңғартады. Бұрын-соңды кездеспегендей жиілікпен тіркеліп жатқан күйік жағдайлары дабыл қағарлық деңгейге жеткен. Баланың өмірі мен денсаулығы жолындағы күресте кінәліні іздеудің орнына, себепке үңіліп, шешім жолдарын қарастыратын кез келді…

Өз бетінше емдеуге тырысады

Көз алдыңда жаны қиналып жатқан сәбидің жай-күйін сөзбен сипаттау қиын. Ал оны күн сайын көріп жүрген дәрігер үшін бұл – тек кәсіби емес, адами ауыртпалық. Балалардың жан азабына куә болып қана қоймай, оларды ажалдан арашалап қалуға күш салып жүрген жандардың бірі – көпшілікке танымал дәрігер Жарқын Әбілқайыров. Қырық жылға жуық тәжірибесі бар маманның сөзіне сүйенсек, соңғы жылдары термиялық күйікке ұшыраған балалар санының көбеюі – жай статистика емес, қоғамның елең ететіндей үлкен мәселесіне айналған.

Жауапты дәрігер жылдар бойғы жиған тәжірибесіне сүйене отырып, балалардың басына түскен қайғылы жағдайлардың түп-төркінін тікелей ата-ананың ұқыпсыздығынан көреді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда баланы қауіптен қорғауға мүмкіндік көп: медициналық қызмет жақсарған, ақпарат қолжетімді, адамдар сауатты. Бірақ соның барлығы орнымен қолданылғанда ғана нәтиже береді.

– Қазір бұрынғыға қарағанда бәрі қолайлы: медициналық қызмет те, ақпарат көзі де. Бұл бала денсаулығын сақтауға жағдай жасалған деген сөз. Бірақ ата-ана осы мүмкіндікті дұрыс пайдалана алып жүр ме? Мәселе осында. Кейбір ата-аналар интернеттен алған ақпаратқа сүйеніп, баланы өз бетінше емдемек болады. Бұл – үлкен қателік. Себебі дертті емдеу – дәрігердің міндеті. Ал аурудың алдын алу, бала күтімі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – толығымен ата-ананың қолындағы іс,-дейді ақ халатты абзал жан.

Қаржылық қысымға түскен ата-ана

Күнкөрістің қамы бүгінгі отбасылардың басты басымдығына айналған. Баланы бағып-қағуға, тәрбиелеп өсіруге арналған алтын уақыт күнделікті тіршіліктің ауыртпалығымен алмасып барады. Марфуға Әділова – бүгінде немере өсіріп, әулеттің үлкені атанған ардақты әже. Оның пайымынша, балдырғандардың қараусыз қалуы бір жағынан аналардың уақыт тапшылығынан, екінші жағынан өмір сүру жағдайының қиындауынан туындайды. Қымбатшылық қысқан мына заманда әйел мен еркектің қатар жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын жасырмайды.

Марфуға әже жастардың бұл қадамын түсінгенімен, бала тәрбиесіне, қауіпсіздігіне келгенде алаңдаулы. Оның айтуынша, мемлекет бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне жәрдемақы тағайындап отыр. Алайда бұл мерзім көптеген аналар үшін жеткіліксіз. Жәрдемақы тоқтаған соң, сәбилері әлі жас болса да, амалсыз жұмысына қайта оралуға мәжбүр.

– Бала бір жасқа толмай жатып, анасының жұмысқа шығуы үйреншікті жағдайға айналып барады. Бұл дұрыс емес. Өйткені сәби әлі қатаймаған, үнемі қамқорлықты қажет етеді. Барлық үйде мен сияқты немересін қарап отыратын әже жоқ қой. Қазір көп аналар балаларын жалғыз тастап, таңнан кешке дейін табыс табуға кетеді. Бұл – үлкен қауіп,–дейді ол.

Шын мәнінде, әлеуметтік-экономикалық теңсіздік пен нарықтың қатал заңдары бала тәрбиесіне тікелей әсер етіп отыр. Көп отбасында ананың таңдауында екі ғана жол: не жұмыс істеп, табыс табу, не күнкөріс қиындығына төзу. Осындай жағдайда баланың қауіпсіздігі екінші орынға ысырылып қалып жатады. Қаржылық қысымға байланысты ата-ана жан бағуды ойлап жүргенде, баланың күтімі мен бақылауы кенже қалады.

Алғашқы көмектің маңызы зор

Бүгінгі қоғамда баланың басына іс түссе, көп жағдайда алғашқы көмек көрсетуге дайын ересек табылмай жататыны – ащы шындық. Ал термиялық күйікке шалдыққан жағдайда алғашқы әрекет баланың өмірін сақтап қалудың кілті екенін көпшілік ескере бермейді. Мамандардың дабыл қағатыны да осы. Себебі, оқыс оқиға кезінде алғашқы сәттерде жасалған дұрыс көмек баланың тағдырын шешіп кетуі мүмкін.

Қарапайым ғана ережелерді білу әр ата-ана мен ересек адамның азаматтық борышы болуы керек. Күйік шалған сәтте ең алдымен баланы оттан, қайнар көзден дереу аластату, күйген киімді шешу, жалынды өшіру, дене температурасын төмендету қажет. Дәрігерлердің айтуынша, күйік шалған жерді 10-15 минут бойы суық судың астында ұстау жылудың әрі қарай таралуын тежейді. Ал зақымданған аймақ үлкен болса, оған суға малынған таза ақжайма жабылып, балаға көп мөлшерде су ішкізу ұсынылады. Мұндайда саспау, сабыр сақтау – бірінші кезектегі шарт. Қорқыныш пен уайымның орнына нақты әрекет, білікті көмек көрсетілуі тиіс.

Алайда өкінішке қарай, көп жағдайда ересектер алғашқы көмек көрсете алмай, уақыт жоғалтып жатады. Бұл – дәрігерлердің ең көп кездесетін мәселесі. Олар күйік жарақаты бар баланы ауруханаға әкелгенде жағдайдың ушығып кеткенін, бастапқыда дұрыс әрекет жасалмағанын жиі айтады. Сондықтан дәрігерлер кез-келген адам ең кемі алғашқы көмектің негіздерін біліп жүруі керек екенін ұдайы ескертіп келеді.

Бала – бізге аманат

Әлеуметтік желілерді шолып шықсақ, жаға ұстататын жағдайлардан көз сүрінеді. Шыны керек, «газ жарылды», «сорпа күйдірді», «ыссы су ажал құшты» деген бір ғана сөйлемнің соңында тұтас тағдырдың тарыдай болып үзіліп бара жатқаны жүрекке ауыр тиеді. Бір сәттік салғырттықтың соңы сәбидің өмірін жалмайтын апатқа ұласқанда ғана біз ойланып, «дәрігерлер қайда қарады?» деп кінәні медицина саласына аударуға бейімбіз. Алайда мәселенің түп-төркіні ауруханада емес, үйдегі жайсыз орта мен ата-ананың бейқамдығынан басталатынын мойындағымыз келмейді.

Дәрігерлер күні-түні шырқыраған сәбиді ажалдан арашалап қалу үшін барын салады. Алайда, кез-келген дертті емдеуден бұрын оның алдын алу әлдеқайда маңызды. Баланың өмірі отқа түсіп, денесін күйік шалған соң емес, сол жағдайға жеткізбей тұрып қорғалуы тиіс. Атап айтсақ, термиялық күйік – дәрігерлер үшін ең күрделі жарақаттардың бірі. Облыстық балалар ауруханасында жұмыс істейтін мамандардың айтуынша, ол тек теріні ғана емес, баланың жүйке жүйесіне, жүрек қызметіне, тіпті өмірлік ағзаларына ауыр соққы береді. 

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің және Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу жауапсыздық қана емес, қылмыс ретінде бағаланатыны анық көрсетілген. Алайда соңғы уақытта өз баласына жауапсыздықпен қарағанның кесірінен қылмыстың артуы заң талаптарын қатаңдата түсу қажеттігін аңғартып отыр. Егер талап күшеймесе, әлі қанша баланың талқаны таусыларын ойлаудың өзі қорқынышты…

Бала – бізге берілген аманат. Оны қорғау – борыш. Оны бағу – парыз. Қараусыз қалдырмаңыз!

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Бір сәттік қателік

Жақында әпкем тұрмысқа шықты. Жаздың аптап ыстығы. Қуанышты оқиға. Жездем – Ақтөбе қаласының тумасы. Қалыңдық жақтан еріп барған біз, әрине, құдалар жағына жіті назар аударамыз. Сонда бір байқағаным, жездем күннің қайнаған ыстығына қарамастан, үнемі ұзын жеңді көйлек пен ұзын шалбар киіп жүрді. Алғашында бәріміз таңқырқай қарағанымыз жасырын емес. Бірақ бұл жай ғана киім стилі емес екен…

Құдалық дастарханы басында құдағайымыз, яғни жездемнің анасы, осы киімнің сыры неде екенін терең күрсініп отырып айтып берді. Әңгімені тыңдай отырып, жүрегіміз сыздады. Сөйтсе, жездем сегіз айлық кезінде, далада ет асып жатқанда анасы бір сәт қазанның бетін ашып, еттің қалай пісіп жатқанын қарамақ болған. Сол мезетте қолында көтеріп тұрған жыбырлақ сәби бір сәтке қозғалып, бір қолында қазанның үлкен қақпағы тұрған анасының құшағынан жылжып, қайнап жатқан сорпаға ауып кеткен. Осылайша қазан басындағы аз ғана сәттің салдары өмір бойғы өкінуге айналған…

Кішкентай сәби ауыр күйікпен бір жылға жуық ауруханада жатыпты. Дәрігерлер оның аман қалуы бір керемет жағдай болғанын жасырмаған. Ота үстіне ота, ем үстіне ем… Ақыры, Алланың қалауымен өмірге қайта оралған. Бірақ сол қайғылы оқиғаның ізі денесінде де, жанында да әлі күнге сақтаулы. Қазір ересек болса да, жездем денесіндегі тыртықтарды жұртқа көрсетпеуге тырысып, әрқашан жасырып жүреді екен.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button