
«Ерте оңалту — даму мен мүмкіндіктерге жол»
Атырау облысында балаларды ерте оңалтуға бағытталған әлеуметтік маңызы зор жоба жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтау және ерекше қажеттіліктері бар балаларға дер кезінде қолдау көрсету.
Жобаның басты бағыттарының бірі – емханалардың медицина қызметкерлеріне ерте араласу мен даму бұзылыстарын анықтаудың заманауи әдістерін үйрету мақсатында оқыту семинарларын ұйымдастыру болды. Алты айдың ішінде Атырау қаласы мен Жылыой ауданының 46 медицина маманы оқытудан өтті. Олардың қатарында педиатрия бөлімінің меңгерушілері, невропатолог дәрігер, жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен медбикелер бар. Бұл мамандар баланың кезең-кезеңімен дамуы, ерте диагностика әдістері мен бұзылыстарды уақтылы түзету тәсілдері жөнінде білімдерін жетілдірді.
Жобада балалар мен ата-аналарға тегін кеңес беру ісіне де ерекше назар аударылуда. Қабылдауды «БолашакК» қоғамдық қорының невропатолог дәрігерлері мен реабилитологтары жүргізеді.
Мысалы, Жылыой ауданының Құлсары қаласында жобаны іске асыру барысында 3 жасқа дейінгі 236 бала тексерістен өтті. Олардың 75%-ында түрлі даму бұзылыстары анықталды, көбіне бұл – психо-сөйлеу дамуының тежелуі. Бұл деректер дамуындағы ауытқуларды ерте анықтау мәселесінің өзектілігін айқын көрсетеді.
Жоба білім беру саласын да қамтып отыр. Атырау облысы білім басқармасының Әдістемелік орталығы және Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы балабақшалармен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Мектепке дейінгі мекеме басшылары, әдіскерлер, тәрбиешілер, бастауыш сынып мұғалімдері, түзету мамандары мен ата-аналар балалардың дұрыс дамуы, оқытылуы мен тәрбиеленуіне арналған семинар-тренингтерге қатысуда.
Сонымен қатар, «БолашакК» қоғамдық қорының мамандары тарапынан үйге барып кеңес беру ұйымдастырылды: 13 отбасы үй жағдайында трансдисциплинарлық мамандардан кеңес алды.
«Мамандар үйімізге келгенде, мен үлкен қолдау сезіндім. Маған баланы үй жағдайында қалай дұрыс оңалтуға болатынын, жаттығуларды қалай жүргізу қажеттігін көрсетті. Бұл әдістер оның дамуын қолдап, түзету жұмыстарының нәтижесін бекітуге көмектеседі», — дейді атыраулық Нұрмұхамбеттің анасы Азиза.
Қазіргі таңда «БолашакК» оңалту орталығында 80-нен астам бала кешенді оңалтудан өтті. Мұнда балалар логопед, дефектолог, психолог, емдік дене шынықтыру, сылап-сипау, сенсорлық интеграциямамандарымен айналысып, жан-жақты қолдау алуда.
«Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, бала мен оның отбасы қаншалықты ерте көмек алса, түзету жұмыстарының нәтижесі соншалықты жоғары болады. Біз тек орталықта балалармен жұмыс істеп қана қоймай, ата-аналарды үй жағдайында оңалту әдістеріне үйретуге тырысамыз. Мұндай тәсіл отбасыны үдерістің белсенді қатысушысына айналдырады және оң нәтижелерді едәуір жеделдетеді», — деп атап өтті «БолашакК» қоғамдық қорының дәрігер-реабилитологы, жоба жетекшісі Жібек Бисенова.
Жоба дәрігерлердің, оңалту және түзету мамандарының, педагогтардың және ата-аналардың күш-жігерін біріктіріп, балаларға ерте көмек көрсету жүйесін қалыптастыруда және уақтылы араласудың бала мен отбасының өмірін жақсартып, болашағын өзгертетінін дәлелдеуде.