Жарнама
Медицина

«Ем іздеп, шетел асып барамыз!..»   

Елімізде маусым айының әр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Осы атаулы күні денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға дайын тұратын абзал жандарға құрмет көрсету, оларды дәріптеу біздің азаматтық парызымыз.

Атырау өңірі де антына адал болып, адам саулығы жолында аянбай тер төгіп жүрген ақ халатты жандардан кенде емес. Бүгінде облыста 1600-ден астам дәрігер мен 5 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері жергілікті халықтың денсаулығын сақтау мақсатында еңбек етуде. Дегенмен, өңірде әсіресе, ауылдық жерлерде дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады. Соның салдарынан адамдардың дәрігер іздеп ат арытуына тура келуде. Жалпы, бүгінде аймақта медицина саласы қаншалықты дамыған? Мамандар әлеуеті ше, олардың санын көбейту мақсатында қандай іс-шаралар қолға алынуда?

183 маман жетіспейді

 «Әуелгі байлық – денсаулық» дейтін халқымыз, он екі мүшесінің қадір-қасиетін жақсы түсінген. Дертке дауа, көңілге дем берген шипагер жандарды да ерекше қадірлеген. Бүгінде өңірімізде медицинаны дамыту үшін бірқатар істер қолға алынды. Медицинаның әлеуетін арттыруда алдымен білікті мамандар қатарын көбейту керек екендігі анық.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда аймақта 183 дәрігер кадр жетіспесе, оның 50-ге жуығы ауылдық жерлерге қажетті мамандар. Әсіресе, жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Өңірде дәл бүгінгі уақытта педиатрия және босандыру саласында да кадр тапшы болып тұр.

Соңғы жылдары облыс әкімінің еліміздің медициналық жоғары оқу орындарына білім гранттары бөліне бастады. Бұл кадр жетіспеушілігін болдырмау, жастарды ынталандыру, түлектерді болашақта елге қызмет ететін маман ретінде дайындау және жоғары медициналық оқу орындары түлектерін білікті дәрігер ретінде білімін одан әрі резидентурада жалғастыруларына жағдай жасау бағытындағы маңызды іс. 

Сонымен қатар дәрігерлерді қолдау мақсатында жергілікті жерде қолға алынып отырған жеңілдетілген пайызбен берілетін тұрғын үй бағдарламасы бар. Шарты бойынша дәрігер 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы өңірде қызмет атқарып жатқан болуы керек. Оған жастар ғана емес, тәжірибелі мамандар да қатыса алады. Балдық жүйе енгізілген. Егер балдары бірдей болған жағдайда баспана еңбек тәжірибесі көп маманға беріледі. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен «Отбасы банкіне» 1 млрд. теңге бөлінген. Тұрғын үй бастапқы жарнасыз беріледі. Несие мөлшерлемесі – 5, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,2 пайызды құрайды. Несиенің ең жоғары сомасы – 25 млн. теңге.

Өңірде бұл саланы дамытуға, дәрігерлерді қолдауға  бағытталған маңызды шаралар мұнымен ғана шектелмейді. Мәселен, мәслихат пен атқарушы биліктің бірлескен жұмысының нәтижесінде кадр тапшылығын азайту мақсатында ауылдық елді мекенге жолданған жас және шақыртылған мамандарға 1 млн. теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы төленіп келсе, былтырдан бастап ол қаражат сомасы да көбейді. Қазіргі уақытта қалалық медицина ұйымдарына келген мамандарға – 3, ал ауылдық елді мекендерге барғандарға 5 млн. теңге көлемінде біржолғы қаражат төленеді.

Шетел асып несі бар…

Өңірдегі медицина саласына маман тарту ісінде қолға алынған нақты жұмыстар аз деп айта алмаймыз. Алайда, жергілікті халықтың ақ халаттыларға деген сенімі әлі де кемшін. Олай дейтініміз, осыдан оншақты жыл бұрын астрахандық ақ халаттыларға «алақайлап» шапқан атыраулықтар, соңғы жылдары бар ақшасын шашып, Ташкент асып жүр. Шыныменен, қазір облыс тұрғындарының дені сол Өзбекстан жеріне барып дерттеріне дауа табуда. «Ол жақта медицина әлдеқайда дамыған әрі бағасы да арзан» дейді барып келгендер. Өңірде тегін әрі сапалы қызмет көрсетілер болса, тұрғындардың шетел асып несі бар?! Бұл мәселеге байланысты жауапты өкілдердің пікірі қандай? Жалпы, биыл өңірлік дәрігерлердің қатары неше маманмен толығады?

–Саладағы маман тапшылығы – өзекті мәселенің бірі. Дегенмен өткен жылы кадр тартуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде облысқа 118 маман келсе, оның 15-і қоғамдық денсаулық сақтау саласының қызметкері. Олар кадр тапшылығы бар мемлекеттік медициналық мекемелерге жіберілді. Ал, биыл еліміздегі әртүрлі медициналық университеттердің 155 түлегі кепілдік хат алды. Бірақ, Атырауға түлектердің барлығы келмейтіні белгілі. Өйткені, олардың бір бөлігі қосымша мамандандырылған білім алу үшін резидентураға түсетіні анық. Сонымен қатар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында біржолғы жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Жоба аясында соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласындағы 28 маманға бюджеттік несие, 76 маманға көтерме жәрдемақы төленді, — дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Медицинада оқу миллиондар тұра ма?

Десек те біз «өңірде білікті дәрігер жоқ» деп кесіп айтып,  көпке топырақ шашпаймыз. Өйткені, Гиппократ антына адал болып, алдына келген науқасқа көркем мінезі, білім білігімен шипалы емін ұсынып жүрген атыраулық ақ халаттылар аз емес. Сондай адал жандардың арқасында талай адам ауруынан айығып, алғыстарын да айтып жүр.

Осынау арқалар жүгі ауыр салаға кез-келгеннің бел шешіп келе бермесі анық. Сондықтан адам жанына араша түскен дәрігерлерді бүгінгі күннің батыры десек артық болмас. Мамандар саладағы кадр тапшылығының себебін он жылға жуық оқытатын дәрігерлер дайындау ісінің күрделілігімен түсіндіреді. Адам жанына араша түсіп, дертінен айығуына себепкер болу үшін де өзге мамандықтар секілді 4 жыл оқу аздық етеді. Дәрігер жан-жақты білім алған сапалы маман болуы тиіс. Оқудың ұзақтығы да сапалы білім берумен байланысты.

Бұл салада грантқа іліге алмасаңыз ақылы оқудың ақшасы… Мәселен, анықтап білгеніміздей М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті мен  Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің оқу ақысы  1 200 000-нан кем емес. Мұндай соманы 7 жыл қатарынан төлеп отыруға кез-келген отбасының қалтасы көтермейтіні анық. Дегенмен, мектеп қабырғасында жақсы оқып, дәрігер болуды о баста армандаған жас мемлекеттік грантқа ілігіп, мақсатына жетері де анық. Сондай жастардың бірі биыл М.Оспанов атындағы Батыс қазақстан медициналық университетінің I курсын аяқтап келген – Нұрай Темірқызы.

– Дәрігерлік – менің қалаған мамандығым. Былтыр химия-биология бағыты бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, мемлекетік грантқа түстім. Бұл ата-анама да жеңіл тиді. Дәрігерлерге қателесуге болмайтындықтан бар күш-жігерім мен уақытымды білім алуға арнаудамын. Әрине, оқу оңай деп айта алмаймын. Бірақ «оқимын», «еңбек етемін» деген адамға еш кедергі жоқ қой, — дейді болашақ дәрігер.

Он жылдық стратегиялық жоспар қажет

Ауылдық жерлерде білікті маман жетіспейді. «Қазір ауыл түгілі, қаланың өзінде дәрігер жетіспейді» деп сылтау айтатындар бар. Алайда, олай алалап қарау қате көзқарас.

– Ащы да болса шындық, әcipece ауылдық жерлердегі  денсаулық сақтау жүйесi сын көтермейді. Алтын бесігіміз ауылдағы мамандар тапшылығын жою ең басты міндет болуы тиіс. Ол үшiн ауыл мектебiн жақсы үлгеріммен оқып шыққан, дәрiгер мамандығын қалайтын жас түлектерді квота арқылы оқытуды қамтамасыз ету керек деп санаймын. Ол  оқу қаржысын аудан арқылы төлеу деген сөз.

Ойлап қарасақ, әр жақтан шақырып алған мамандарға жұмсалатын қаражаттан гөрі, жастарды оқыту қаржысын өтеу әлдеқайда жеңілдеу болар еді. Тағы бір себебі, медициналық жоғары оқу орындарында  ақылы оқыған жас бітіргеннен кейін мол табыс табуды ойлап,  ауылда да, мемлекеттiк медицина мекемесінде де қызмет жасағысы келмейді. Жалпы айтқанда, дәрiгер мамандарды жетiстiру үшiн облыс бойынша бір жылдық емес, 10-15 жылға арналған стратегиялық жоспар керек. Облыстық денсаулық сақтау саласын қамтамасыз етуге, жыл сайын қанша дәрігер дайындау керек екенiн қадағалап және бiлiктi дәрігерлердi зейнеткерлiкке шыққанда жұмысты жалғастыруына мүмкіншілік жасау да мәселені шешудің бір жолы деп білемін. Олай болмаса, мамандар жетiспеушілігі мәселесі алдағы жылдарға созыла берері анық, — дейді денсаулық саласының ардагері Басарулла Харасов.

Шындығында, кадр тапшылығын болдырмау ісі бірер жылдық жоспармен ғана шектелмеуі қажет. Жастардың дәрігер болуы үшін он жылға жуық білім алатынын ескерсек, ардагеріміз айтпақшы, он жылға арналған стратегиялық жоспар керек-ақ.

15 кило ісікті алды

Өңірдегі медицина қызметкерлері күш-жігерлерін аямай, науқастарды емдеп-жазуға күш салып келеді. Сондықтан барлық  дәрігерді Гиппократ антына адал деп есептеуге болар. Оны дәлелдейтін істер де  жоқ емес. Мәселен, былтыр облыстық онкология диспансерінде қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа бұрын-соңды іс-тәжірибеде болмаған күрделі ота жасалып, жергілікті медицинаның үлкен жаңалығының біріне айналды.

 Дәрігерлер отаға дейін науқасқа ретроперитонеум саркомасы диагнозын қойған. Науқасқа жасалған күрделі ота ортаңғы лапаротомия деп аталады. Хирургтер анастомоздарды қою арқылы науқастың денесінен бірнеше ісікті алып тастаған. Оның ішінде сыртқы мықын артериясы мен сол жақтағы несепағардың төменгі үштен бір бөлігін резекциялау арқылы алынған үлкен ретроперитонеальды ісіктер бар. Ал, ең үлкен ісіктің салмағы – 15 кило.

Сонымен қатар, жол апатынан кейін жағдайы ауыр күйде Құрманғазы аудандық ауруханасына жеткізілген Ресей азаматшасына дәрігерлер тиісті ем шараларын жүргізіп, ауыр жағдайда келген науқасты айықтырып, еліне аман-есен жібергені де елдің есінде. Кейіннен ол Денсаулық сақтау министрлігіне өз ризашылық хатын жеткізіпті. Біз үшін бірінші кезекте – науқастың сырқаттан құлан таза айығуы. Барлық дәрігер қолдарынан келгенше тиісті ем-шараларын көрсетуде. Сондықтан ақ халатты абзал жандарды бөліп жаруға болмайды. Әр маманның атқарып отырған қызметі, орны бір бөлек.

Түйін:

Біз өмір сүріп отырған бүгінгі қоғамда құрметті мамандық болса, соның бірі – медицина. Уақытпен санаспай, бар білім-білігін сырқат адамды аяққа тұрғызуға арнайтын, тіпті айтып келмейтін ажалдан арашалап қаламын деп маңдай терін төгетін олардың еңбегін жоғары бағалайтынымыз да сондықтан. Дәрігер болуға да кез-келген адам тәуекел ете алмасы анық. Ол үшін үлкен жүректі, мейірім мен батылдықты, тәжірибе ме тапқырлықты қатар алып жүре алатын мықты рух қажет. Әр науқаспен бірге қиналып, адам өмірден өткен әр сәт сайын жаны жабырқайтын олардың әр күні адам тағдыры үшін таласпен өтеді. Сондықтан антына адал дәрігерлерге деген қоғамның құрметі жоғары. Себебі олар – дертке дәру, жүрекке жылу сыйлатын жандар.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Сурет: pikabu.ru

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button