Дәрігерлерді жұмысқа шақырады
ОСЫДАН ҮШ ЖЫЛ БҰРЫН АТЫРАУ ОБЛЫСЫН ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМЫТУДЫҢ 2021–2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН КЕШЕНДІ ЖОСПАРЫ ҚАБЫЛДАНҒАН ЕДІ. АЛДАҒЫ БЕСЖЫЛДЫҚТА ОБЛЫСТА ЕҢ ӨТКІР ПРОБЛЕМАЛАРЫ ОҢ ШЕШІМІН ТАБУЫ ТИІС САЛАЛАРДЫҢ САНАТЫНДА МЕДИЦИНА САЛАСЫ ДА БОЛҒАН. ӨЙТКЕНІ, САЛАДАҒЫ АДАМ ӨЛІМІНІҢ ӨСУІНЕ КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ, МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР МЕН ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТЫҢ ҚАТТЫ ТОЗУЫ БІРДЕН-БІР СЕБЕП ДЕП КӨРСЕТІЛДІ.
Халыққа уақытылы жəне сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын Атырау қаласында 2 емхана, 250 төсектік психикалық денсаулық орталығын, жедел медициналық көмек станциясының ғимаратын салу өңірлік жоспарға енді. Жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған онкологиялық диспансердің жанынан радиологиялық корпус салуға да қаражат бөлінетіні сол жолы айтылған. Егер аталған нысандарды салып, емдеу-сауықтыру мекемелерінің инфрақұрылымы мен керек-жарағына қол жетсе, жоғары технологиялық медициналық қызметтердің қолжетімділігі артып, халықтың саулығы жақсарады, бала туу көрсеткіші жоғарылап, адам өлімі азаятынына үміт пен сенім молайған еді. Расында да қазір бірнеше ауданда маман тапшылығы қатты сезіледі. Оны жергілікті ауруханалардың басшылары да жасырмайды. Мысалы, Құрманғазы аудандық ауруханасының директоры Саида Зұлқашева бос жұмыс орындары жəрмеңкесі арқылы наурыз айынан бері мамандарды ауылға шақырып келеді. Мұндай жағдай Исатай ауданына да тəн. Əсіресе, дəрігердің жетіспеуінен Жанбай дəрігерлік амбулаториясында соңғы төрт жылда пациенттерді орта буын қызметкерлері қабылдауғаьмəжбүр. Ауданда реаниматолог, невролог, рентгенолог, жалпы тəжірибелік дəрігерлер де тапшы. Сондықтан, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысымен бірге Ақтөбе , Шымкент, Алматы қалаларындағы оқу орындарының түлектерімен кездесу өткізіп келген. Соның нəтижесінде ауданға бір-бірден реаниматолог пен терапевт, сосын 3 жалпы тəжірибелік дəрігер шақырылыпты.
– Аудандық аурухана құрамына емхана, стационар бөлімі, 4 амбулатория, 2 фельдшерлік — акушерлік жəне 3 медициналық пункт кіреді. Амбулаториялар мен фельдшерлік — акушерлік пункттердің ғимараты талапқа сай. Былтыр Қамысқала жəне Тұщықұдық дəрігерлік амбулаториялары, Зинеден фельдшерлік-акушерлік пункті күрделі жөндеуден өтті, — дейді Исатай аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы, дəрігер-терапевт Нұргүл Қабылова.
Ал үш қабатты аудандық аурухана ғимараты 2010 жылы қолданысқа берілгеннен бері жөндеу көрмеген. Қазір күрделі жөндеуден өткізуге құжаттары толықтай дайын, мердігер де анық. Жасқайрат медициналық пунктінде күрделі жөндеу, Өркен елді мекенінде ФАП құрылысы салынып жатыр.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ