
Дәрігерлер мәртебесі – мемлекет назарында
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған бастамалар біз, дәрігерлер үшін үлкен қолдау болып отыр. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап, ірі мамандандырылған орталықтарға дейін жаңғыртылуы халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырады. Әсіресе ауылдық жерлерде жаңа нысандардың салынуы дәрігерлердің жағдайын жақсартып қана қоймай, сол өңірдің тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Жолдауда фармацевтика өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударылғаны да құптарлық қадам, өйткені өзімізде өндірілетін дәрі-дәрмек көлемін арттыру – елдің стратегиялық қауіпсіздігі үшін маңызды. Пандемия кезінде дәрі тапшылығының қаншалықты қиындық туғызғанын бәріміз көрдік. Сонымен бірге жасанды интеллектіні енгізу, медициналық қызметтің сапасы мен көлемін бақылауға жаңа жүйе қалыптастыру – қазіргі заманның талабы. Бұл дәрігер еңбегін жеңілдетіп, емдеу сапасын арттырары сөзсіз.
Дәрігерлердің мәртебесін көтеру мен әлеуметтік жағдайын жақсарту да маңызды мәселе. Президент осыған ерекше көңіл бөліп отырғаны біз үшін зор сенім тудырады. Жолдау барысында айтылған міндеттер толық жүзеге асқанда, денсаулық сақтау жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін.
Жарқын ӘБІЛҚАЙЫРОВ,
жалпы тәжірибелі дәрігер