Жарнама
Медицина

Дәрігерлер ДИНАСТИЯСЫ

БІР ӘУЛЕТТЕН ЖЕТІ ДӘРІГЕР… ЕКІ УРОЛОГ, ФТИЗИАТР, ОКУЛИСТ, НЕВРОПАТОЛОГ, СТОМАТОЛОГ ПЕН ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕ ДӘРІГЕРІ… ОЛАР – ОТБАСЫМЕН ДЕНСАУЛЫҚ КҮЗЕТІНДЕ…

Балтыр сыздап, бас ауырса, ақ халаттылардың алтын қолына жүгінетіміз жасырын емес. Ал, бүйрек ауруы мазалаған əр атыраулық ағайын Харасовтарды іздейді. Ол мұнайлы мекенде олардан басқа уролог жоқ деген сөз емес. Бірақ, елдің сеніміне селкеу, аманатына қиянат жасамаған жанға деген көптің бағасы еді. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бəсі, тіпті, артық. Бесенеден белгілі, медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр саланың бірі болғандықтан, біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты меңгеру оңай емес. Бүкіл саналы ғұмырын медицинаға арнаған «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, жоғары санатты уролог Басаролла Харасов – адал еңбегімен абырой тұғырына көтеріліп, өз міндетіне жауапкершілікпен қараған алтын қолды дəрігер. Өз ісіне шын берілген маман əлі де бұл саладан қол үзбей, зейнетке шықса да, жеке кабинет ашып, шипа іздеп келген қамкөңіл жандарға адал қызмет етіп келеді. Басаролла Харасұлы 1943 жылы Исатай ауданында дүниеге келген. Жастайынан дəрігер болуды армандаған мақсатшыл бозбала адам жанының арашашысы, Гиппократ антына адал дəрігер боламын деп шешті. Осылайша, мектеп бітірген жас түлек арманын арқалап, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясына оқуға түседі. Оны 1969 жылы бітіріп, арманы болған дəрігер мамандығын игереді. Ал, армандар алдамайды емес пе? Ол алғашқы еңбек жолын Атырау облыстық ауруханасында уролог болып бастайды. Тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын, білікті дəрігердің еңбекқорлығы мен тəжірибесі ескеріліп 1972-1973 жылдары бас дəрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, кейін облыстық қан құю станциясы бас дəрігері болып тағайындалады. Таңнан қара кешке дейін жанына шипа іздеген науқастың қас-қабағына қарап ем-домын жасайтын ақ халаттының мəртебесі қашан да биік. Басаролла Харасов та өз биігінен түспеді. Облыста аурушаңдық пен жастар арасындағы өлімді азайтуда, мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, мамандар дайындау жұмыстарын атқаруда үлкен үлес қосты. 1986-1993 жылдары облыстық ауруханада бас дəрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, 1993-2006 жылдары урология бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етеді. Жұмыс бабында жас мамандар тəрбиелеу, интерн дəрігерлер мен медицина училищесінің оқушыларының практикалық жұмыстарына да көп көңіл бөледі. 2006 жылдан кейін уролог-ординатор қызметін атқарып жүрді. Адам өмірін сəнді де салтанатты, мəнді де мағыналы ететін құндылық – еңбек. Саналы ғұмырын медицина саласына арнап, адал еңбекті жанына міндет еткен ол бүгінгі таңда – зейнеткер. Басаролла Харасұлының жары Базаргүл Мырзағалиева да – денсаулық сақшысы. Ұзақ жылдар дəрігер фтизиатр болып еңбек етіп, дертіне шипа іздеген жандардың жанына жалау бола білді. – Ата-ананың басты мақсаты – жақсы тəрбие. Жарыммен бірге төрт баланы тəрбиелеп, өсірдік. Оның екеуі жолымызды қуған ақ халатты маман иесі атанды. Қазір жанұямызда жеті дəрігер бар. Ұрпақтарымның дəрігерлік мамандықты таңдағанына ризамын. Əсіресе, бір отбасынан бірнеше дəрігерді дайындап шығару – мен үшін үлкен жауапкершілік. Жұбайым екеуміз бұл мамандықтың қиындығын жақсы білеміз. Көпшілігі өзі қиынсынған жұмысты баласының жалғастырғанын қаламайды. Біз керісінше, ұрпағымызға табыстауды жөн көрдік. Себебі, нағыз дəрігер – жүрегі таза, ізгілік қасиеті мол адал жан. Ұрпағының осындай адал жолда жүргенін кім қаламайды?! Ниетімізге орай, балаларымыз да өзімізге ұқсап, мамандықтарын жан қалауымен таңдады. Жауапты да қиын мамандық иесінің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сондықтан, ұдайы тəжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүруі қажет, — дейді зейнеттегі дəрігер. Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жан – жастарға үлгі етуге əбден лайықты еңбектің адамы. Мамандығына жан дүниесімен берілген ол «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағынан асқан қасиетті ұғым жоқ екенін айтады. Қазақта «Ата көрген оқ жонар» деген аталы сөз бар емес пе, қос дəрігерден тараған төрт баланың екеуі əке-ананың жолын жалғап, медицина саласында еңбек етіп, бүгінде ұлт денсаулығын нығайтуда. Халық ықыласына бөленген Əлібек Басароллаұлы – көптің көңілінен шыққан, білімі мен білігі үндескен, абыройлы жан. Ол медицина саласына жастайынан араласады. 8 сыныпты бітіріп, Атырау қаласындағы медициналық училищеде оқып, білім алады. Жазғы демалыс кездерінде жедел жəрдемде санитар болып қосымша жұмыс та жасайды. Отан алдындағы борышын өтеу – кез келген ер азаматтың міндеті. Əлібек Басароллаұлы да əскер қатарынан келген соң медициналық білімін жетілдіріп, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясында білім алады. Оқу орнын 1998 жылы аяқтаған жас дəрігер облыстық ауруханаға уролог дəрігер ретінде қабылданып, бүгінге дейін еңбек етуде. Ең қызығы, бұл əулетке келін болып түскен Гүлсім Қазмағамбетова да – аталған академияның түлегі, балалар ауруханасында невропатолог дəрігер. Бүгінде Əлібек Харасов екеуі алты баланың ата-анасы. Дəрігерлер династиясының тағы бір мүшелері Балжан Əлібекқызы мен Нұржан Нұрланұлы бала күнінен ақ халат киіп, дертіне шипа іздеген жанның жанына жалау болып жүретін дəрігерлер жұмысына қызыққандарын айтады. Бала қиялдары аяқсыз қалмай, бірі медицинаның стоматология деп аталатын саласын таңдаса, Нұржан – жалпы тəжірибе дəрігері. Ғибратты ғұмыр иесі Басаролла ағамыздың қызы Венера да əке мен ана ізін жалғап, дертке шипа, жанға дауа табатын салаға қызмет етуді қалапты. Бүгінде көз аурулары ауруханасының жоғары санатты көз дəрігері. Олардың айтуларынша, жұмыс барысындағы туыстық байланыстары ешқандай кедергі жасамайды екен. Керісінше, қысылтаяң шақта бір-біріне көмек беріп, қолдау көрсете алады. Дертіне дауа іздеген жандардың диагнозын бірге талқылап, бірін-бірі толықтырып отырады. Жан рахаттары үшін жұмыс істейді. Соның нəтижесінде халық та зор сенім білдіреді. Мұндай баланс сақталған жерде ілкімді ілгерілеу болатыны белгілі. Бұл бір əулеттің бір мамандыққа деген адалдығын, шексіз сүйіспеншілігін аңғартады. Жеті дəрігер… Үш буын… Атадан балаға жалғасқан жарқын жол… Сабақтастық… Сара жолдан айнымаған денсаулықтың сақшылары. Дəрігерлер династиясы емей немене?!

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button