Дәрігер неге дефицит? Немесе аллергияның асқынуы хақында
Жаздың соңы мен күздің басында көзі жасаурап, тыныс алуы қиындап жүрген адамның саны да көбейді. Әлбетте, бұл жыл сайынғы дәстүрге еніп кеткені анық. Себебі бүгінде аллергияға шалдыққан адамды көптің ішінен айнытпай танитын болдық. Атырау өңірінде бұл ауру түрі осыдан жарты ғасырдай бұрын мүлде болмаған десек те болады. Қазір орта есеппен әрбір үшінші атыраулық аллергиядан зардап шегеді екен. ХХІ ғасырда ең көп таралған аурулардың бірі осы десек те, біз оның шын мәнінде қандай сырқат екенін де білмейтініміз рас. Оның неден пайда болатыны, тіпті одан айығудың жолдарынан да хабарсызбыз.
«Називин», «Диазалин»…
Аллергияның көп тарағаны соншалықты, кейбіреулер әбден зықысы шыққанда, өзіне өзі диагноз қойып, дәріханадан тиісті препараттарды сатып алып, емді өз бетінше қолданып жүр. Солардың бірі – Азамат есімді атыраулық.
– Жаз басталысымен көзім, мұрным, тамағым қыши бастайды. Тыныс алу жолы бітеліп, еш нәрсеге зауқым болмай, мазасызданамын. Мұндай күйге түскеніме төрт-бес жыл болды. Биыл аллергия тіптен күшейіп кеткендей, ауру асқынғанда дәрі де дәрменсіз болады екен. Дозасын көбейткенде ғана бетім бері қарай бастайды. Байқағаным, мен сияқтылардың қатары жыл санап көбейіп келе жатыр. Жақында достарыммен бас қосқанда санап көрсем, үстел басындағы 18 адамның тең жартысының мұрны суланып, көзі жасаурап, әлсін-әлсін тыныс ашатын тамшыларды қолданып отырды, — дейді Азамат.
Ол қаладағы дәріханаларда аллергиялық ауруларды емдейтін дәрілік препараттардың тапшылығын да жақсы біліп отыр. Аллергия әбден асқынғанда жұрт «соны емдейді-ау» дегеннің бәрін алып іше бастайды. Қазір дәріханаларда «Нафтизин» 190 теңге, «Називин» 1800, «Супрастин» мен «Диазалин» 300-1200 теңгенің шамасында сатылады. Десек те, ауру алқымнан алғанда қымбат бағаға да дәрі табылмай қалатыны бар. Ал, дәріхана қожайындары сұраныс жоғары болғандықтан пайда табу үшін бағаны әдейі шарықтатып тұр.
Алайда, мұнымен ауру одан жазылмасы анық. Тіпті, одан құлан таза айығудың айла-тәсілі болуы да мүмкін.
Тұқым қуалайтын дерт
Облыстық аурухананың штаттан тыс аллерголог дәрігері Гауһар Сембиеваның айтуынша, аллергия – ағзаның бөгде затқа сезімталдығының әсері. Егер ағзаның сезімталдығы артса, ауаның, күннің, тіпті шаң-тозаң, өсімдік пен тағам, дәрі-дәрмек пен бояғыш заттардың денеге кері әсерінен де аллергия пайда болады. Әсіресе, көктем мен жазда бұл ауру шаң-тозаңнан жиі туындайды екен.
– Бұл сырқатқа шалдыққандардың балалары да аллергияға «үйір» келеді. Яғни, дерт тұқым қуалайды. Екінші фактор – экологиялық ахуал салдарынан жүре пайда болады. Негізінен, адамға көз, мұрын, қолқа арқылы білінгенде өз бетімен дертке диагноз қойып, дәрігердің нұсқауынсыз дәрі пайдалану дұрыс емес. Кеселдің өршіп кетуіне көбінесе осы жағдай себеп болады. Шілде мен тамызда жусан, амброзия сынды табиғи өсімдіктер гүлдегенде тозаңы адамның мұрны мен көзіне түсіп, ауру туындатады. Немесе темекі мен химиялық қоспасы бар заттарды қолданғаннан да өршуі мүмкін. Бір байқағаным, Атырауда аллергия көбінесе өсімдіктен жұғады. Өсімдік әбден пісетін шілде-қазан айлары аралығында кесел де күшейеді. Оның түрі де сан алуан. Мысалы, дәл қазір маусымдық аллергиялық ринит немесе аллергиялық конъюктивит өршіп тұр. одан емделу түрі де әртүрлі. Әуелі науқастың ауыру себебін, сосын қандай шөпке аллергиясы барын анықтау үшін арнайы лабораторияға қан тапсырады. Алайда, біздің ауруханада мұндай құрылғылар болмағандықтан, жекеменшік клиникаларға жібереміз. Ауру ушығып тұрған дәл қазіргі уақытта еш нәтиже бермейтіндіктен, ем-дом көбінесе қыс айларында жүргізіледі. Ал, қазір талдау нәтижесі бойынша түшкіру, мұрын бітелу, көздің жасаурағанын дәрінің көмегімен тоқтатуға болады. Қыста арнайы терапиядан өткен науқас мүлде сауығып кетпегенмен, келесі жылдың осы маусымында аллергиядан жеңіл өтеді. Одан сауығудың тағы бір жолы – климат ауыстыру, — деп дәрігер сырқат жандарға «Називин», «Нафтизин» секілді мұрын тамшыларын қолданбауға кеңес берді.
Аллергологтың айтуынша, мұндай сұйық дәрілер үнемі қолданғандықтан мұрын қуысын бітеп, қабыну процесін туындатады. Уақытша жеңілдік әкелетін күшті гормоналдық дәрілердің әсерінен ағза одан сайын тозып, ақыры дәріге әбден үйреніп кетеді. Ауруды толық емдемесе, тым асқынып кетуі де ықтимал.
– Мысалы, аллергиялық ринитке гормондық, гистаменияға қарсы арнайы тамшыларды береміз. Басқа да дәрілерді тек маман кеңесімен ғана қабылдау керек. Емдеу шараларының барлығы да медициналық мекемеде аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс, — дейді Г.Сембиева.
Өкініштісі сол, Гауһар – облыстық ауруханадағы жалғыз маман. Ауру асқынып тұрса да, Атырау қаласында аллергологтың саны саусақпен санарлық екен. Сондықтан, өзге дәрігерлерді осы бағытқа мамандандыру үшін оқытып, оған қоса өзге аймақтардан маман шақыру мәселесі де қолға алынған.
Халық емінің қауқары қалай?
Халық еміне сүйенсек, ара ұясындағы балдың бетін жауып тұратын жұқа қабаты бұл кеселден құлан таза айықтыратын көрінеді. Ол үшін оны сағыз сияқты шайнап, жеп отыру керек. Дала данышпандары аллергияны емдеуге түрлі дәрілік өсімдіктерді де қолданған. Соның бірі – тасдәрі (мумие). Оның жоғары сапалысын таңдап алып, 1 грамын бір литр суға салып ерітеді. Мұндай сусынның 100 миллилитрін күнде таңертең сүтке араластырып ішу керек. Ал, 1-3 жас аралығындағы балдырғандарға 50 мл., 4-7 жастағы балаларға 70 мл ішуге болады. Тасдәрімен көктем және күз айларында 20 күнге дейін емделген тиімді екен.
Бұл дертке бақбақ шырынының да пайдасы мол. Әуелі оны үзіп алып, тамырын кесіп, мұқият тазалаған соң еттартқыштан өткізеді. Сосын оны матаға орап, шырынын сығып алады. Алынған бақбақ шырынын суға салып, аз ғана қайнатқан соң дайын шырынның таңертең және түскі уақытта тамақ ішерден 20 минут бұрын үш қасығын ішу керек. Бірақ, бақбақ кейбіреулерге қарсы реакция беруі де мүмкін. Сол себепті алғашқы күндері бір қасықтан қабылдап көру керек.
Сондай-ақ аллергияны емдеуде балдыршөп пен иттікен, итошаған да таптырмас дәрі.
Климаттағы кілтипан
Дәрігерге кіргелі кезек күтіп отырған Сәуле апай алпыстың төртеуіне келген жасының тең жартысында аллергиямен алысып келе жатыр екен. Әбден қажыған ол мұның жазылмайтының, ол үшін ауаны тазарту қажеттігін айтты. Дәрігер климат өзгертуге кеңес бергендіктен, Бурабай жеріне барып біраз демалып келген зейнеткер өзін ол жақта сергек сезінгенін айтып қуанып отыр.
– Қазір барлығы қалтаға салмақ түсіреді ғой, ұзақ бола алмадым. Бірақ, Бурабайға барған бойда-ақ тынысым ашылды. Атырауға оралған соң ауруым қайта өршіді. Бастапқыда тек жазда ғана ауыратынмын, қазір жыл бойына бет-аузымды тұмшалап, түшкірумен жүремін. Өзіңіз көріп тұрсыз, науқас көп болғанымен, оны емдейтін маман аз, кезек дегеніңіз ұзын-сонар. Жолдамасыз немесе ақысын төлемей кезекте тұрғандарды қабылдамай жатыр, — деп мұңын шақты зейнеткер.
Иә, Атырауға аллергологтар ауадай қажет. Әйтпесе, кез-келгеннің климат ауыстыруға мүмкіндігі жетпесі анық…
Түйін:
Аллергияның азабын ауырған адам ғана біледі. Ал, кеселдің жыл санап жасарып бара жатқаны алаңдаушылық туғызып тұр. Сондықтан, дабыл қақпасқа амал жоқ. Көп ретте сары уайымға салыну, жергілікті экологиялық ахуал, дұрыс тамақтанбау да дерттің пайда болуына қолайлы.
Демек аурудың алғашқы белгілерін байқасаңыз, дереу дәрігерге көрініңіз. Себебі, дәрігерлер өз-өзіне диагноз қойып бірден дәріханаға жүгіретіндер ауруды асқындырып алатынын айтып шағынады. Десек те, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда жеңіл.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Маусымдық аллергиялық реннит кезінде қолдануға болмайтын тағам түрлері:
– көкөністер (қауын, қарбыз, т.б.);
– цитрусты жемістер (апельсин, банан, мандарин, т.б.);
– шоколад, кофе, какао, қант;
– теңіз өнімдері, құс еті, қақталған тағамдар;
– сүт, бал, алкогольды және газдалған сусындар;
– картоп чипстері мен қытырлақ нан.
*Сіз не дейсіз?
Жайық ҚҰРМАНОВ,
суджок терапевт:
– Шығыс медицинасында кез-келген ауру түрінен адам өз эмоциясын ретке келтіру арқылы айыға алады. Жиырма жылдық тәжірибемде қабылдауға аллергияның симптомдарымен күніне кемінде төрт-бес адам келеді. Мысалы, бүгінгі науқастар – 5-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер. Мен гормонды дәрілермен емдемеймін. Адамның қай жерінде қуаты аз, сол жеріне ауру жабысады. Сол себепті, қуат айналымын жөндесе, қан айналымы қалпына келеді.
Шығыс медицинасында «аллергия» деген түсінік жоқ. Біз маусым, шілде, тамыз айларын «оттың айы» деп білеміз. Бұл мезгілде кез-келген адамның бойында от көп болады. Сондықтан, дәрі-дәрмектің күші әлсіз болып, көмектесе алмайды. Адам денесінде жел көп болса көзі, денесі бөртіп, қыши бастайды. Бұл ауруды денедегі отты тоқтату арқылы емдейміз. Яғни, толықтай айығуға болады. Қолдың, құлақтың айналасында нүктелер бар. Сол сыртқы нүктелерге ине салып, ем жүргіземіз. Мұның ғылыми атауы – акупунктура.