БҮГІН: 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні
Бұл күн жайдан-жай таңдалған жоқ. 139 жыл бұрын осы уақытта Берлинде ғалым Роберт Кох қауіпті аурудың қоздырғышы – туберкулез микобактериясын ашқаны туралы хабарлады. Медицинадағы бұл ғылыми жаңалық дертті диагностикалауда және емдеуде елеулі түрде алға жылжуға мүмкіндік берді.
Туберкулез – өкпе және лимфа түйіндерінде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл тек өкпені ғана емес, адамның барлық ағзаларының – сүйектердің, бүйректің, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің зақымдануына әкеліп соқтырады. Оның пайда болуына толыққанды тамақтанбау, науқастармен тығыз қарым-қатынас орнату, маскүнемдік, темекі шегу, нашақорлық секілді бірқатар фактор әсер етеді.
Ал, оны қалай анықтауға болады? Ең алдымен, тері туберкулин сынамасы адамның дертті жұқтырғанын көрсетеді. Екіншіден, қақырықты зерттеу жөтел кезінде бөлінетін микробтардың бар-жоғын анықтайды. Сондай-ақ, рентгенологиялық тексеру арқылы өкпенің зақымданғанын байқауға болады. Ауру белгілері анықталған жағдайда науқас арнайы мамандандырылған туберкулезге қарсы диспансерде есепке алынып, емделеді. Емдеу мерзімі – 6-24 айға дейін. Емдеу уақыты аурудың түріне, ағымы мен салдарына, науқастың өзіне және де оның ағзасының қорғаушы күштеріне байланысты болады.
Емдеу негізінен 2 кезең бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі – қарқынды кезең, ол 2-10 ай көлемінде стационарлық жағдайда жүргізіледі. Екіншісі – жалғастыру кезеңі, бұл 4-14 ай аралығында амбулаториялық жағдайда өтеді. Науқас өзінің тұрақты мекен-жайына жақын орналасқан емханада арнайы тағайындалған медицина қызметкерінің бақылауында емін жалғастырады. Бұл – нәтижелі емнің басты шарты. Себебі, науқастардың көпшілігі дәрілерді уақытында қабылдауды ұмытып немесе мүлдем қабылдағысы келмеуі мүмкін. Ал, бұл жайттар – емнің нәтижелі болмауының басты себебі. Сонымен қатар, мұндай жағдай аурудың созылмалы түрінің қалыптасуына және көрсеткішінің артуына әкеліп соқтырады.
Атырау қаласындағы Геолог емханасында флюрографиялық тексеру жылдық жоспар бойынша жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Дәрігердің бақылауымен 2019 жылы 33 науқас тұрақты түрде дәрі қабылдады. Ал, былтыр бұл көрсеткіш 24 адамды құрады.
«Ден қойғанға ем қонады» демекші, негізінен туберкулезден құлан-таза айығу науқастың өз қолында. Толық емдеу курсын қабылдағаннан кейін науқас диспансерлік бақылауда болып, медициналық тексеруден уақытылы өтіп тұруы маңызды.
Әсел КӨРПЕБАЕВА,
Геолог емханасының
дәрігер-эпидемиологы