
Биыл облыста 2500-ден астам ота жасалды
Жыл басынан бері облыста барлығы 2 539 хирургиялық ота жасалды. Оның ішінде 341-і жоспарлы, ал 2198-і шұғыл жағдайда жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Шұғыл түрдегі оталар негізінен жол-көлік оқиғалары, тұрмыстық жарақаттар және жедел ішкі аурулар салдарынан жасалса, жоспарлы оталар урология, офтальмология, травматология және жалпы хирургия бағыттарын қамтыды. Мамандардың сөзінше, шұғыл оталардың саны өткен жылмен салыстырғанда артып отыр. Бұл – тұрғындар арасында алдын алу шараларын күшейту қажеттігін көрсететін маңызды индикаторлардың бірі.
Сондай-ақ аймақта заманауи медициналық технологиялардың енгізілуі нәтижесінде бірқатар күрделі операция сәтті өткізілді. Олардың бірі – ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген науқасқа қойылған аорта аневризмасы диагнозына қатысты. Бұл жағдайда дәрігерлер стент-графт имплантациясы әдісін қолданды. Минималды инвазивті тәсіл арқылы аортаға арнайы құрылым орнатылып, қан айналымы қалпына келтірілді. Осылайша, операция сәтті аяқталып, науқастың жағдайы тұрақтанған.
Бұдан бөлек облыстық ауруханада алғаш рет тізе буынын эндопротездеу операциясы жүргізілді. Отаға ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының мамандары қатысып, тәжірибе алмасты. Бұл әдіс зақымдалған буынды жасанды протезбен ауыстыру арқылы науқастың қозғалыс қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді.
— Біз халыққа сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасап отырмыз. Заманауи технологиялар мен мамандардың кәсіби дайындығы күрделі оталарды да сәтті өткізуге мүмкіндік береді,- деді облыстық аурухана директорының орынбасары Гүлфайруз Дахиева.
Айта өтейік, қызметтер сапасын арттыру мақсатында 2024 жылы облыс бойынша 692 медицина маманы кәсіби біліктілігін жетілдірді. Бұл жұмыстар Қазақстан, Ресей және Германия елдерінің жетекші мамандарымен бірлесіп ұйымдастырылған оқу курстары, тағылымдамалар және шеберлік сабақтары аясында жүргізілді.