Жарнама
Медицина

Бір тәулікте – екі ана өлімі

ОСЫ АПТАДА ОБЛЫСТА ТІРКЕЛГЕН ЕКІ БІРДЕЙ АНА ӨЛІМІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ КЕШЕ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫНДА АРНАЙЫ БРИФИНГ ӨТТІ. БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫНА ҚАТЫСҚАН ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ АСХАН БАЙДУАЛИЕВ АҚ ХАЛАТТЫЛАР ҚОЛЫНАН АДАМ ӨЛІМІНІҢ ҚАЛАЙ ОРЫН АЛҒАНЫ ТУРАЛЫ ЕГЖЕЙ-ТЕГЖЕЙ ТҮСІНДІРІП БЕРДІ.

Облыста жыл басынан бері 9 айда 2 ананың өлімі орын алса, тек қазан айында ғана 3 оқиға тіркелді. Оның екеуі 12 қазанда болған.

– Үнемі ана мен бала денсаулығына баса назар аударып келеміз. Облыстағы медицинаның материалдық-техникалық жағдайы да жыл сайын жақсарып келеді. Маман тапшылығын жою мақсатында өңірге кадрлар тарту, грант негізінде оқыту секілді түрлі шаралар атқарылуда. Дегенмен, дәрігерлердің адам өміріне араша түсе алмайтын кездері де болады. Соңғы тәулікте тіркелген екі бірдей ана өліміне вирустық инфекция себеп. Сондықтан, көпшілік, әсіресе, жүкті аналар тұмау вирусына бейжай қарамауы керек, тұмауға қарсы екпе алғаны жөн, — деді басқарма басшысы.

Брифинг барысында белгілі болғандай, жүктіліктің 12 аптасындағы 33 жастағы ананың өлімі облыстық ауруханада тіркелген. Ол өткен жексенбіде облыстық ауруханаға бас ауруы, бас айналу, жүрек айнуы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, көру қабілетінің нашарлауы белгілерімен келіп, аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесіне «ми қабығының үстіндегі мидың қатерсіз ісігі» диагнозымен жатқызылған. Оған осы жылдың мамыр айында «мененгиома» диагнозы қойылған. Мұны дәлелдейтін дәрігерлік тексеру қорытындылары да қолында. Ауруханада зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, мамандардың кеңесі беріліп, тиісті ем тағайындалды. Екі күннен кейін, яғни, 11 қазанда жағдайдың нашарлауына байланысты науқас реанимация бөліміне ауыстырылған және механикалық желдету аппаратына қосылған. Алайда, дәрігерлер қанша күш салғанмен 12 қазан күні науқастың демі үзіліпті. Ал, жүктіліктің 32 аптасындағы 34 жастағы екінші әйел Мақат аудандық ауруханасында өмірден өткен.

Ол да вирустық инфекция жұқтырған. Өз бетінше ем алып, жағдайы нашарлаған соң ғана медициналық көмекке жүгінген. Пневмония диагнозымен ауруханаға жатқызылады. Қабылдау кезінде өте ауыр жағдайдағы науқас дереу механикалық желдету аппаратына қосылса да, бірнеше сағат ішінде жүрегі үш рет тоқтапты, бірақ дәрігерлердің күшімен жүрек қағысы реттелген. Алайда, барлық реанимациялық шараларға қарамастан, науқас кешкісін қайтыс болған. Өлімнің алдынала себебі – жедел жүрекөкпе жетіспеушілігі. Өмірден өткен екі ана да Мақат ауданының тұрғындары. Екеуінің өліміне де пневмония себеп.

Ең өкініштісі, бірінің үш, бірінің екі баласы анасыз қалды. Баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Садуова соңғы кезде орын алған аталған қайғылы жағдайларға байланысты тұрғындарды сақтыққа шақырып, дене қызуы, әлсіздік, тамақ ауырсынуы секілді ауру белгілері байқалса, өз бетінше шешім қабылдамай, дереу дәрігер көмегіне жүгіну керектігін қаперге берді.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button