Жарнама
Медицина

Баланың тісі ауырмасын десең…

Бала тісінің қисайып, оның қалыпты өсуінің бұзылу қаупі бар. Себебі, бүгінде стоматологияда бұрын ересектер арасында кең таралған  пародонт ауруы артып, бүлдіршіндер мен жасөспірімдерде жиі кездесуде. Жалпы, тіс ауруларының алдын алу  үшін не істеу керек? Жағдайды  қалыпқа келтіруге  дәрігерлердің күші жете ме? Осы және өзге де сауалдар  С.Асфандияров атындағы Қазақ  ұлттық медицина  университеті балалар стоматология  кафедрасының  меңгерушісі, медицина ғылымдарының  докторы, профессор Гүлжан ЕРМҰХАНОВАМЕН сұхбатта өрбіді.

????????????????????????????????????

– Гүлжан Тілеумұханқызы, әңгімемізді алдымен балалар стоматологиясының бүгінгі жайы жөнінде бастасақ…

– Балалардағы тіс күтімін сақтау педиатр-дәрігерлермен де тығыз байланысты. Барлық аймақта жаңа инновацияларды меңгерген мамандар баршылық. Алайда, аурудың жағдайын бәсеңдету тек дәрігердің қолында емес. Бұл жағдай мемлекет тарапынан көңіл бөлуді қажет етеді. Осы орайда өңірлердегі балалар арнайы стоматологиясын жекешелендіру үрдісі дұрыс емес деп ойлаймын.

Менің ойымша, бала саулығы қашан да мемлекеттің тікелей бақылауында болғаны жөн. Өйткені, бала – біздің болашағымыз. Ал, олардың дені сау ұрпақ болып қалыптасуы үшін стоматологиялық емханалар мемлекеттің қарауында болғанын қалаймыз. Себебі, бизнес адамдары бала саулығынан гөрі, өз кәсібіндегі қаржыға басымырақ мән беріп кететін секілді. Бір кездері педиатрияны жоғалтып алғандай болып едік, қазір ол қайта оралуда. Сол секілді балалар стоматологиясын жекенің қолына берудің еш мәні жоқ деп ойлаймын.

– Осы мәселе бойынша құзырлы органдарға ұсыныстар болды ма?

– Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс берілмегенімен, Бірыңғай Қазақстан стоматологтар Ассоциациясы тарапынан, арнайы балалар стоматологиялық емханасынан өтініштер айтылды. Біз осы мәселені қалыс қалдырмай, әлі талай ораламыз. Емхана жұмысын қай кәсіпкер алса да олар өзіне жүктелген міндетті атқарады дегенмен де, ақырында сапа нашарлайды.

– Бүгінде балалар арасында тіс ауруының қандай түрі жиі кездесуде?

– Ең көп тараған ауру түрі –  тіс жегісі. Бұл балалардың 90 пайызынан астамында бар. Он-он бес жыл бұрын төрт жасар балалар дәрігерге тісін қаратуға келетін. Бүгінде сәби тіс шыққаннан кейінгі екі-үш айда-ақ тіс жегісіне ұшырауда. Мәселен, он айлық баланы стоматологке алып келген кездер болды.

– Тіс жегісінің ерте жастан кездесуіне не себеп?

– Мұның салдары мен себебі өте көп. Бірнеше факторлар бірігіп, тіс жегісінің түзілуіне әкеліп соғуда. Ең біріншіден, ата-анасының денсаулығының ұрпақты дүниеге әкелуге дайындығы. Одан кейін әлеуметтік жағдай әсер етпей қоймайды. Ананың баланы дүниеге әкелген соң оны тамақтандырып, өсіруге толыққанды жағдайы болуы қажет.  Сондай-ақ, дәрігерлер ауыз қуысы гигиенасын сақтаудың маңыздылығын айтып, дабыл қаққанымен, оған назар аудару кемшін болып тұр. Әр адам мүшесі күтімді талап етеді. Сол секілді тіс жарып шыққаннан кейін оны міндетті түрде күткен дұрыс. Тіс бетіне көмірсу қақтанып жиналады да, сан алуан микробтар түзіледі. Ал, баланың сүт тістері әлсіз болғаннан соң, тіс жегісіне бейім болады.

– Мұндай жастағы баланың тісін емдеу шаралары қалай жүргізіледі?

– Бұл жағдайда ем жүргізу өте қиын. Жансыздандыру немесе жергілікті жансыздандырумен емханада емдеу керек. Дәрігердің әр әрекеті балаға түсініксіз болады. Бұл ретте реминералды терапия әдісі қолданылады. Яғни, тіс жегісі дақтанып, енді пайда бола бастағанда, әртүрлі минералды заттарға қанықтыруға тырысамыз. Бұл ана сүтінде мол. Сондықтан, анасы дұрыс тамақтануы керек. Сондай-ақ, бала тісінің жеке гигиенасы сақталғаны жөн. Ал, ауру бой бермей, асқынған жағдайда,  емханада,не стоматологиялық кабинетте арнайы маман тісті тазалап, ойылған тіс жегісінің бұзылыстарын кешенді түрде емдеуі тиіс. Бес жасқа дейінгі балалардың тісін емдеуде  қорқыныш сезімін басып, емдейтін «седация» деп аталатын әдіс мемлекеттік емханаларға енгізілсе деймін.

– Ерте жастан тісті суыртып тастаудың бала денсаулығына зияндылығы бар ма?

– Негізінен адам баласында артық еш нәрсе жоқ. Үш жасқа дейін балада 20 уақытша сүт тісі шығады. Оның әрқайсысының өзіндік маңызды орны бар. Егер соның біреуін суыртса, тіс өсіміндегі қалыпты жүйе бұзылады. Жақтың өсуі, қисаюы секілді  әртүрлі проблемалар туындайды. Тұрақты тістің ерте шығуы пайда болады. Өйткені, оның шығуына еш кедергі жоқ. Тістің ұрығы өмір сүруге дайын емес болса да, өсіп шығуға талпынады. Жақтың өсуі шектеледі.  Тұрақты өсіп шығатын тістер ірілеу болғаннан кейін тар жақтың ішінде орын болмайды. Тістің қызметі нашарлап, неше түрлі тіс-жақ ауытқулары пайда болады. Өскен соң тісінің қисықтығы емді талап етеді. Бұл емге үлкен қаржы қажет.

 

Алтыншаш Нәсіпқалиқызы

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button