
Ауылдарда дәрігер тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Денсаулық сақтау министрлігі дәрігер тапшылығы мәселесін шешу бағытында қандай тетіктер іске асып жатқанын түсіндірді.
–Кадрлар тапшылығы мәселесін шешу мақсатында медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметіне құқықтық және қаржылық кепілдік беретін нормалар заңнамалық түрде қабылданды. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандыру төлемдерінің пакеті кеңейтілді, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Атап айтқанда, мына жеңілдіктер мен ынталандыру тетіктері қарастырылған:
кемінде бес жыл мерзімге ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген аса тапшы мамандықтардағы медицина қызметкерлеріне мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем;
«Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын жыл сайын беру және 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы ынталандыру төлемі, сондай-ақ республикалық «Үздік маман» байқауының жеңімпазына 500 АЕК мөлшерінде төлем;
жергілікті атқарушы органдардың медицина қызметкерлерінің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан басым тәртіппен орын беруі;
қызметтік міндеттерін орындау кезінде жарақаттану (жарақат, контузия, т.б.) салдарынан қаза болған немесе мүгедектік белгіленген медицина қызметкерлерінің балаларына (асырап алынғандар, өгей ұл-қыздар) жоғары білім беру ұйымдарына конкурссыз қабылдана отырып, білім беру грантын беру;
медициналық мамандық бойынша әскери қызмет өткеру мүмкіндігі немесе әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру;
көлік шығындарын өтеу;
денсаулық сақтау субъектілерінің қаражаты есебінен медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру моделі енгізілді;
медицина және фармацевтика қызметкерлеріне қатысты қылмыстық нормалар ізгілендірілді (әкімшілік айыппұлдар мен бас бостандығынан айыру мерзімдері қайта қаралды);
медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғау, сондай-ақ пациенттер мен басқа да тұлғалар тарапынан кәсіби қызметке құрметпен қарау нормалары толықтырылды.
Сонымен қатар, қазіргі кезде ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау саласындағы мамандарға республикалық бюджет қаражаты есебінен келесі әлеуметтік қолдау шаралары көзделген:
100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы;
Тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау – төмендегі мөлшерде бюджеттік кредит: аудан орталығы саналатын ауылдарға келген мамандар үшін – 2 500 АЕК-тен аспайтын сома; басқа ауылдық жерлерге келген мамандарға – 2 000 АЕК-тен аспайтын сома.
Елорда тұрғындары қандай медициналық көмек түрлерін тегін ала алады?
Мұнымен қоса, ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №961 қаулысымен бекітілген 2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасына сәйкес:
Жаңа қонысқа қоныс аударғандар үшін тұрғын үй құнының 50%-ына дейінгі мөлшерде қаржылық көмек көрсететін экономикалық мобильдік сертификат;
«Жастар практикасы» жобасы аясында жас мамандардың жалақысына қосымша үстемақы белгілеу ескерілген.
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2 161 жас маман жұмысқа орналастырылды (ауылда–370, қалада–1 791). «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 14-8), 14-9) тармақшаларын орындау аясында ауылдық жерлерге кемінде бес жыл мерзімге жұмыс істеуге келген аса тапшы мамандықтардағы медицина қызметкерлеріне 100 АЕК мөлшерінде төлем жасау көзделген. Қазір 15 өңірде аса тапшы мамандықтар тізімін бекіту туралы шешім қабылданды (оның ішінде 2025 жылдың 1-тоқсанында – 5 өңір), ал 2 өңірде (Абай, Жамбыл облыстары) шешім қабылданбаған. 228 адамға төлемдер берілді (оның ішінде 2025 жылдың 1-тоқсанында – 21 адам). «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының нормаларына сәйкес, денсаулық сақтау саласы мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі нормативтік түрде бекітілген және оны жергілікті атқарушы органдар деңгейінде іске асыру қажет, — деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Еске салсақ, биыл наурыз айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметке cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Бұл ретте, «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы «University medical centre» корпоративтік қорының бас консультанты Талшын Үкібасоваға берілді.