АУЫЛДА – ЖАҢА ЕМХАНА

Тәуелсіздік пен тұрақтылықтың арқасында елімізде ел мүддесіне бағытталған игілікті бағдарламалар көптеп жүзеге асуда. Соның бірі – Елбасының «100 мектеп. 100 аурухана» бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша аудан, ауылдарда аурухана, емхана, дәрігерлік бөлімшелер салынып, пайдалануға берілуде.

Аймақ жұртшылығын қуанышқа кенелткен осындай игіліктердің бірі Атырау селолық округінде орын алды, мұнда жаңа дәрігерлік бөлімше есігін айқара ашты.

Жаңа бөлімшенің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Атырау қаласы басшысының орынбасары Г.Шәкірова тұрғындарды фельдшерлік-акушерлік бөлімшенің ашылуымен құттықтап, «100 мектеп. 100 аурухана» бағдарламасы бойынша аймақта атқарылып жатқан істерге тоқталды.

– Жаңаталаптықтар үшін биыл жемісті жыл болды. Бұған дейін үш бөлмелі типтік емес ғимаратта ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетілетін. Толық дәрігерлік тексерістен өту үшін тұрғындар Қызылбалық ауылындағы амбулаторияға баратын. Ендігі уақытта барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа дәрігерлік бөлімшеде қызмет көрсетілетін болады. Келер жылы Жаңаталап ауылында мәдениет үйі бой көтермекші. Ал, 2016 жылы 280 орындық балабақша салынады деп жоспарлануда, – деп, село жұртшылығына қуанышты жаңалықты жеткізді.

Аталған бағдарлама бойынша 2013-2014 жылдары 19 нысан салу жоспарланған. Бүгінге дейін облыста 16 нысан пайдалануға берілсе, жыл аяғына дейін қалған үшеуі аяқталып, тапсырылатын болады. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова мәлімдеп, сала мамандарына Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде халықтың денсаулығына басты назар аудару қажеттігін айтты.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова жаңа ғимараттың лентасын қиып, фельдшерлік-акушерлік бөлімшенің бас дәрігері Ақкенже Мұстафинаға ғимараттың кілтін салтанатты түрде табыстады. Жиынға қатысушылар заманауи үлгіде жабдықталып, көркі көз тартатын дәрігерлік бөлімшені аралап, танысты.

Мерекелік шарада ауылдың жас өнерпаздары концерттік нөмірлерін тарту етті. Жаңаталап ауылының тұрғындары атынан «Әжелер» ансамблінің мүшесі Зиба Бахитова сөз алып, игі тілегін жеткізді.

 

А.Нәсіпқалиқызы.

Суреттерді түсірген Ә.Әбілғазиев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз