
Аурудың алдын алу маңызды
Атырау қаласының аумағындағы бірнеше ірі сауда және ойын-сауық орталығында ерекше форматтағы қоғамдық-әлеуметтік іс-шара – «Өз денсаулығыңды тексер!» атты ашық есік күні өтті. Бұл бастама қалалық емханалар тарапынан ұйымдастырылып, оның мақсаты – тұрғындардың өз денсаулығына көңіл бөлуін арттыру, созылмалы аурулардың алдын алу және профилактикалық тексеру мәдениетін қалыптастыру болды.
Сауда орталығына келген азаматтар арнайы ұйымдастырылған медициналық бұрыштарға тоқтап, ешқандай алдын ала жазылусыз және кезексіз тегін тексерулерден өту мүмкіндігіне ие болды. Тексеру аясында қан қысымы, қандағы қант пен холестерин мөлшері, дене салмағы мен бой өлшемі (дене салмағы индексі), сондай-ақ көз ішілік қысым сияқты маңызды көрсеткіштер анықталды.
Медициналық қызметкерлердің айтуынша, бұл тексерулердің көмегімен кейбір қатысушылардың қан қысымы тұрақты емес екені, кейбірінде қант деңгейінің шекті мөлшерден асып кеткені немесе холестерин деңгейі жоғарылағаны белгілі болған.
Физикалық денсаулықпен қатар психологиялық жағдай да назардан тыс қалмады. Арнайы шақырылған психолог мамандар азаматтарға күнделікті өмірде кездесетін күйзелістермен күресу, эмоционалды тепе-теңдікті сақтау, ұйқы мен тынығу тәртібін дұрыстау бағытында практикалық кеңестер берді.
Жиынға 5 мыңға жуық тұрғын қатысып, медициналық қызметтердің алғашқы сатысында маңызды ақпараттар алып, қажет жағдайда әрі қарай толыққанды тексеруден өту үшін емханаға жолдама алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы шаралар жыл бойы жалғасын табады. Алдағы уақытта басқа аудандардағы сауда орталықтарында да өткізу жоспарлануда.
Тоғжан ЕРМЕК