Мәншүк Аймұрзиева: «Аурудың алдын алыңыз!»
Мемлекеттік міндеттерді нақты белгілей отырып, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін енгізу. Елбасы Жолдауында алға қойылған бұл міндеттің маңызы қандай? Жалпы, оңтайландырудың мәні неде? Осы және өзге де сауалдар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВАМЕН сұхбатта өрбіді.
– Оңтайландыру шеңберінде қант диабеті, гепатит сынды аурулар тегін емделетін сырқаттар тізімінен алынып тасталады. Көптің көкейіндегі бұл жайдың себебі неде?
– Ауруларды диспансерлеуде белсенді динамикалық бақылау жүйесіне көшу жоспарлануда. Бұл пациенттердің тікелей қатысуымен жүргізіледі. Яғни, ол емхана дәрігерімен бірлесіп, өз денсаулығын күн сайын бақылайды. Мұндай менеджменттің жақсы нәтиже берері анық. Өйткені, бұл тиімділігі төмен диспансерлеу жүйесіне қарағанда аурудың асқыну, мүгедектіктің көбею қаупін төмендетеді. Дәлірек айтқанда, емделуші белгілі бір өмір салтын ұстанып, дәрі-дәрмектерді уақытылы қабылдап, денсаулығын қадағалайды.
Олар бұрынғыша диагностикалық қызметтердің негізгі түрлері мен салалық дәрігерлер кеңестерін тегін алады. Сондай-ақ, амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамту тоқтатылмайды. Бұл шаралардың бәрі ауруды бақылауда ұстап, оның асқынуына жол бермейді. Ал, пациенттің созылмалы дерті асқынып, ауыр жағдайға душар болса, тиісті медициналық көмек мемлекет есебінен көрсетіледі. Бұл пакетті медициналық сақтандыру қоры оңтайландыруда.
– Белгіленген тегін медициналық қызметтерді кімдер пайдалана алады?
– Тегін көрсетілетін медициналық қызметтерге мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Бұл пакетке жыл сайын бюджеттен белгілі бір мөлшерде қаржы бөлініп отырады. Бұрын осы қызметтерді ел азаматтары мен тарихи Отанына оралған қандастарымыз ғана пайдаланса, биылдан бастап ықтияр хаты бар шетел азаматтарына да кепілдендірілген тегін қызметтерді пайдалану құқы берілді.
– Тегін медициналық көмек шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындайтын мекемелер арасында жеке меншік клиникалар бар ма?
– Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің операторы ретінде қор өткен жылы елдегі медицина ұйымдарымен жұмыс істеуге кірісті. Медициналық сақтандыру қорымен келісім-шарт бекіткен емдеу мекемелерінің жалпы тізімін www.fms.kz сайтынан білуге болады.
– Тегін медициналық көмек пакетінде қандай қызметтер қалдырылады?
– Бұған дәрігердің жедел көмегін қажет ететін шұғыл жағдайларда, әлеуметтік маңызы бар ауруларға (туберкулез, ВИЧ індеті, психикалық ауыт-қулар, қатерлі ісік, т.б.) шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмек жатады. Соңы мүгедектікке әкеліп соқтыратын, демографиялық өсімге залал келтіретін жұқпалы емес созылмалы аурулардың негізгі түрлерін, қоршаған ортаға қауіп төндіретін өткір жұқпалы сырқаттарды диагностикалау мен емдеу кіреді.
Пакетке кіретін бастапқы медициналық-санитарлық көмек ішінде: профилактикалық екпелер, тоқ ішек, сүт безі, жатыр мойны ісігіне скрининг, қан айналым жүйелерінің ауруларына тексеру, глаукома, 1 жасқа дейінгі балаларды және жүкті әйелдерді қарау, созылмалы ауруларды қадағалау (29 топ), әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды бақылау (аурудың 5 түрі бойынша) жатады. Бұдан басқа, «жедел жәрдем», зертханалық диагностика (126 қызмет бойынша), қондырғылардың көмегімен диагностика жасау (қызметтің 89 түрі бойынша), созылмалы немесе әлеуметтік аурулар бойынша дәрігердің кеңесі бар.
Алтыншаш Құрмашева