Атыраулықтар бетперде тағуға міндетті ме?
Біз бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау депртаментіне хабарласып көрген болатынбыз.
Ондағы жауапты өкілдердің айтуынша, мұнайлы астана тұрғындарына әзірге алаңдауға негіз жоқ. Дегенмен, көпшілік жерде бетперде тағып аурудан сақтану кім-кімге де артықтық етпейді.
–8 ақпанда ҚР халқының арасында ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың (қызылша, COVID-19 коронавирус инфекциясы, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар) таралуының алдын алу мақсатында бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы жарияланды. Осы қаулыға сәйкес, медициналық ұйымдарда персоналдың және келушілердің медициналық маскаларды пайдалануын, антисептиктердің болуын, халық арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының, тұмаудың және жіті респираторлық вирустық инфекцияға (ЖРВИ) қарсы профилактика шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілуі тиіс. Ал, тұрғындар көп жиналатын жерлер (әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО-ы, банктер және т.б.) мен көліктің барлық түрлерінде (қоғамдық көлік, әуе, темір жол көлігі) медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным берілді, — деді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау депртаменті басшысының міндетін атқарушысы Әлия Бекешева.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар жоқ. Дегенмен ауа-тамшысы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуын болдырмау үшін профилактикалық шаралар күшейтілуі қажет.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар да өңірде коронаврус жұқтырған науқас тіркелмегенін хабарлады.
Мәлике Қуанышева