
Атырауда онкологиялық көмек сапасын арттыратын радиологиялық корпус салынып жатыр
Атырау қаласында қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету мақсатында облыстық онкологиялық диспансер жанынан радиологиялық корпус салынуда. Жаңа нысан іске қосылған кезде өңір тұрғындары үшін бұрын сырт өңірлерден ғана қолжетімді болған жоғары технологиялы сәулелік терапия қызметтері жергілікті деңгейде көрсетіле бастайды, — деп мәлімдейді Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 20%-ы аяқталып, өндірістік кестеге сай жалғасуда. Құрылысты «Бекболатовтар Құрылыс Компаниясы» ЖШС жүргізіп жатыр.

Жоба облыстың денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды бастама. Қазірде қатерлі ісік дертіне шалдыққандарды ерте анықтау, уақытылы әрі дәл ем жүргізу, жоғары технологиялы жабдықтармен диагностикалау өңір медицинасының өзекті мәселелерінің бірі. Жаңа радиологиялық корпустың іске қосылуы осы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, мұнда 180 төсекорын қарастырылған. Қабылдау бөлімі, 100 адамға арналған диспансерлік бөлімше (емхана), функционалдық диагностика және эндоскопия кабинеттері, 55 орындық хирургия, 70 орындық химиотерапия және 40 орындық радиология бөлімдері болады. Сонымен қатар паллиативтік (10 орын) және оңалту (5 орын) көмегі де көрсетіледі. Қосымша 6 реанимациялық және 6 қарқынды терапияға арналған төсекорын, иммуногистохимиялық және цитологиялық зертханалар, орталық стерилизация, дәріхана мен тағам дайындау блогы жоспарланған.

Корпус заманауи диагностикалық және терапиялық жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, қатерлі ісік жасушаларын дәл бағыттап сәулелеуге мүмкіндік беретін сызықтық үдеткіш (линейный ускоритель), ем аймағын нақты белгілеуге арналған симуляторлар, ПЭТ-КТ (позитронды-эмиссиялық томография), маммограф, ангиограф және басқа да цифрлық диагностикалық жүйелер орнатылады.

Жаңа корпус тек құрылыс нысаны ғана емес, өңірдің медициналық әлеуетін арттыратын, адам өмірін сақтауға бағытталған кешенді жоба.
– Радиологиялық корпустың іске қосылуы Атырау облысында онкологиялық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтереді. Бұрын сәулелік терапия секілді күрделі емдеу әдістерін алу үшін науқастар басқа облыстарға баруға мәжбүр болатын. Енді бұл қызметтер өз өңірімізде, заманауи жабдықтармен, жоғары білікті мамандармен көрсетілетін болады. Бұл – біздің пациенттер үшін өте маңызды қадам, – деді облыстық онкологиялық диспансердің басшысы Эльмира Сапарова.
Айта кетейік, қазіргі уақытта NCOC компаниясы облыстық онкодиспансердің жаңа негізгі корпусының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша KAZPIR ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Жоба Ұлттық сараптама орталығында қаралуда. Қорытынды алынған соң мемлекеттік сараптамаға жолданып, құрылыс пен ескі нысанды сүру бойынша рәсімдер жүргізіледі.
Негізгі корпустың құрылысы жергілікті бюджет пен NCOC компаниясының демеушілігімен қаржыландырылады.
Жаңа радиологиялық корпусты жыл аяғында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.