Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандар қатары көбейді
Atr.kz/21 наурыз, 2020 жыл. Бүгінде буын аурулары талай жанның мүмкіндігінің шектеулі болуына тікелей ықпал етуде. Мұндай көрсеткіштің артқаны соншалық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2000 жылдарды сүйек және буын декадасы деп жариялаған еді.
Елімізде 200 мыңға жуық адам буын ауруынан зардап шегеді. Ал, әлем халқының 2 миллионы осы дерт бойынша тізімге алынған. Шетелде буын аурулары обыр ауруынан кейінгі орында тұр. Бұрын бұл дерттің құрсауына егде жастағылар шалдығатын болса, бүгінде жеткіншектердің де ауыратыны алаңдатарлық жағдай.
Облыстағы статистикалық жағдайға тоқталсақ, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуде аталмыш аурудың салдарынан алғаш рет мүмкіндігі шектеулі деп танылғандар саны былтыр 166 болды. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 144 еді. Өңірлердің ішінде 99 адаммен Атырау қаласы, 21 науқаспен Құрманғазы ауданы көш бастап тұр.
Буын ауруының негізгі себебі – шеміршек майының жойылуы. Бүгінде дерт жылдан-жылға «жасарып» барады. Бұл жағдай тек отандық дәрігерлерді ғана емес, әлем мамандарын толғандыруда. Мұндай ревмотологиялық аурулар созылмалы болғандықтан ағзаның өзге де мүшелерін емдеу қажет. Мәселен, тізе буынының гонартрозында ауырсыну әдетте шеміршектің жойылуына немесе ондағы дистрофиялық өзгерістерге байланысты пайда болады. Бұл процестер аз қимылдау, суық тию, экология, кальцийдің жетіспеуі салдарынан туындайды. Шеттегі тіндері жұқа болады, ол қозғалу кезінде оңай жойылады. Гонартрозының негізгі белгісі – ауырсыну.
Көптеген науқастар буынды бүге алмауына шағымдана бастайды. Ол зат алмасу процесі бұзылғанда болады. Кезінде аяғынан қатты соққы алып, оған мән беріп, ем жүргізесе, қартая келе ауру белгілері шығады. Бүгінде аталған дерт 60 жастан асқан адамдардың 80 пайызында кездеседі. Мұндайда аяқ қисайып кетеді. Тізенің ішкі жағы тарылады да, сыртқы жағы кеңейеді. Аурудың алдын алуда тұрақты түрде жаттығу жасап, буындарға салмақ түсірмеген жөн. Артық салмақтан арылып, дұрыс тамақтануға да баса мән беру керек. С дәруменін молынан қабылдап, тағамдар кальций, фосфор, магний, кремний секілді минералдарға бай болуы тиіс.
Динара АМАНҒАЛИЕВА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау
және көші-қон комитетінің
Атырау облысы бойынша департаменті
№3 медициналық-әлеуметтік
сараптама бөлімінің бас маманы