
Атырауда алғаш рет неонаталдық хирургия бөлімшесі ашылады
Атырау облысында нәрестелерге жоғары мамандандырылған көмек көрсету мақсатында жаңа медициналық жоба іске қосылды. Биыл күзде «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры «Өмір сыйлайық» жобасы аясында облыстық Перинаталдық орталықта алғашқы неонаталдық хирургия бөлімшесі өз жұмысын бастайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Жаңа бөлімше реанимациялық үстел, анестезиялогиялық тыныс алу аппараты және жаңа туған сәбилерге арналған рентген құрылғысы секілді заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталады. Бұл орталық дәрігерлеріне жыл сайын туғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда күрделі патологиясы болатын 35 шақты нәрестеге шұғыл ота жасауға мүмкіндік бермек.
AYALA қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменованың айтуынша, 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келетін «Өмір сыйлайық» жобасы Қазақстандағы нәресте өлімін азайтуға айтарлықтай үлес қосты. Қордағы мәлімет бойынша жаңа бөлімшенің ашылуы арқылы жыл сайын ондаған баланың өмірін сақталады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің деректеріне сәйкес Қазақстанда неонаталдық өлім-жітім деңгейі 2000 жылдардың басындағы 23 промилледен 2024 жылдың соңына қарай 4 промиллеге дейін төмендеген. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Дегенмен еліміздің шалғай өңірлерінде неонаталдық көмектің қолжетімділігі әлі де өзекті мәселе болып отыр.

– Орталықта білікті неонаталдық хирургтер мен реаниматологтар бар, алайда қажетті жабдықтың жетіспеуі күрделі оталарға кедергі келтіріп тұр. Жаңа бөлімшенің ашылуы мәселені шешіп, нәрестелерді басқа өңірлерге тасымалдамай-ақ уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді, - деді Атырау облыстық Перинаталдық орталығының директоры Қазбек Ермағамбетов.
Бүгінде орталықтың неонатолог дәрігерлері туғаннан кейінгі алғашқы минуттар мен сағаттарда өмір сүруге қабілетсіз деп саналатын нәрестелердің өмірін аман алып қалуда. Мысалы салмағы 1000 грамға жетпейтін шала туған сәбилердің өміршеңдігі 57%-ға дейін артқан.
«Теңізшевройл» компаниясы жобаны өзінің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында қолдап отыр. Бұл — компания мен AYALA қорының Атырау облысындағы балалар денсаулығын сақтау бағытындағы екінші бірлескен жобасы. Осыған дейін перинаталдық орталықтың реанимация бөліміне ауыр тыныс алу патологиясы бар нәрестелерді құтқаруға арналған арнайы аппарат орнатылған болатын.