
Атырау облысында 622 мыңнан астам адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған
Атырау облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындарды тарту көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Бүгінде аймақ халқының 87,5 пайызынан астамы, яғни, 622 143 адам сақтандырылған. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ АОФ директоры Ғаниет Сәлімғали Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Филиал басшысының айтуынша, сақтандырылғандардың ішінде 440 мың адам жеңілдік санатына жатады. Олардың сақтандыру жарналарын мемлекет өз қаражаты есебінен төлеп отыр. Алайда бүгінде 88 646 азаматтың сақтандыру мәртебесі жоқ, ішінде 17 411 адам әлеуметтік осал топтар санатына кіреді.
МӘМС туралы заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес келер жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар экономикалық және әлеуметтік қиын жағдайдағы (D және E деңгейі) топтарға жататын азаматтар үшін сақтандыру жарналарын төлеуге міндеттеледі.
– Тағы бір маңызды жаңалық – бұрын жарна төленбеген жағдайда азаматтың сақтандыру мәртебесі 3 ай ғана сақталатын. Енді азамат 5 жыл қатарынан тұрақты түрде жарна төлесе, жұмысынан айырылған жағдайда сақтандыру мәртебесі 6 айға дейін сақталады. Бұл кезеңде азамат медициналық көмектен қағылмайды. Дегенмен кейін бұл кезеңге тиесілі қарыз сомасын өтеуі тиіс, – деді Ғ.Сәлімғали.
Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Алмагүл Әбілованың айтуынша, сақтандыру мәртебесі бар азаматтар үшін облыста алғашқы медициналық-санитариялық көмек пен мамандандырылған медициналық қызметтерді қолжетімді ету жұмыстары жүйелі жүргізілуде.