ҒАСЫР ДЕРТІ ДЕНДЕМЕСІН ДЕСЕК…
— Күлсім Жұбанышқызы, облысымызда ғасыр тажалы болып отырған ЖИТС-тің алдын алу бағытында қандай жұмыстар қолға алынып отыр, әңгімені осыдан бастасақ?
— Жыл сайын облыс деңгейінде бұл індеттің алдын алып, одан сақтану бағытында ауқымды шаралар жүргізіліп келеді. Осы мақсатта мекеме, ұйымдар мен оқу-ағарту орындарында АИТВ/ ЖИТС-ке қарсы акциялар, «дөңгелек үстелдер», бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттық жұмыстарға көңіл бөлінуде. Орталық мамандары жұртшылық ортасында, соның ішінде жастар арасында болып, қатерлі індеттің алдын алып, одан сақтану жолында дәрістер оқып, кеңестер береді.
Алайда, облыста АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырушылар саны өсе түсуде. 1993 жылы облысымызда осы дертке шалдыққан шетел азаматы анықталса, 2000 жылдан бастап бұл аурушаңдық жергілікті тұрғындар арасында тіркелді. Бүгінде аймақта осы дертке шалдыққан 171 адам есепте тұр.
Егер саралап айтар болсақ, 2011 жылы бұрын ауырмаған — 17 адам, 2012 жылы — 29 адам, ал, 2013 жылдың өткен он айында — 22 адам АИТВ инфекциясымен есепке алынды. Оның ішінде жергілікті тұрғындар 2011 жылы — 77 пайыз, 2012 жылы — 83 пайыз, биылғы жылдың он айында 81,8 пайызды құрады. Бұл дерттің жұқпасы негізінен жастар арасында (тіркелгендердің 86 пайызы — 20-39 жаста) таралуы дәрігерлерді қатты алаңдатып отыр. Ал, берілу жолдары бойынша бұрын АИТВ негізінен инемен есірткі тұтынушылар арасында кездессе, соңғы үш жылда жыныстық таралу жолының үлесі көбейіп келеді.
Бұл індеттің жұқпасы халықтың әлеуметтік-мамандандырылған тобы арасынан тіркелсе, осы жылдың он айында тіркелген 22 адамның — 45,5 пайызы жұмыс істейтіндер болса, оның басым бөлігі – жергілікті тұрғындар, 9,1 пайызы – шетел азаматтары, ал 9,1 – пайызы Қазақстанның өзге облыстарынан келушілер. Олардың оны осы дерттен қайтыс болды.
— Қазіргі күні орталықта қанша адам есепте тұр?
— Орталықтың емдеу-сауықтыру бөлімінде осы дерттің жұқпасымен 84 адам диспансерлік есепте тұрса, олардың барлығы да – жергілікті тұрғындар. Осы кезең ішінде 26 әйел аталмыш аурудың жұқпасымен тіркелсе, олардан туған 21 баланың 16-сы бақылау мерзімі біткесін зертханалық тексеріс қорытындысымен диспансерлік есептен шығарылды. Қазіргі күні 5 бала есепте тұр.
Аймақта бұл аурудың жұқпасына шалдыққандар саны 171 адамға жетсе, ал арамызда әлі анықталмай жүргендері қанша ма. Олар бұл індеттің жұқпасын жұқтырғанын өздері де сезбей, айналасында қаншама адамға жұқтырып, таратып жүргендерінің қанша екенін кім білсін? Сондықтан әркімнің өз денсаулығын қатаң бақылауда, назарда ұстауының маңызы зор.
— Сіз айтып отырған осы дерттің алдын алып, одан сақтанудың жолы қандай, осы жөнінде айта кетсеңіз…
— АИТВ-ның негізгі үш жұғу жолын білу арқылы бұл індеттен сақтануға болады. Жұғу жолдары: қан арқылы, жыныстық қатынас арқылы, ауру инфекциясын жұқтырған анадан баласына жүктілік кезінде, босанғанда және емізгенде. Көбінесе жастар өздерінің жеңілтек мінез-құлықтарының салдарынан қауіпті дерттің инфекциясына душар болады.
Бұл ауру мүшеқапсыз, қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде немесе инемен есірткі қолдану, біреудің ұстарасын пайдалану кезінде, пирсинг, тәнді стерилденбеген аспаптармен жүргізу кезінде оны жұқтырған адамнан немесе ЖИТС-пен ауыратын науқастан жұғады. Сондай-ақ, жұқпа инфекциясы бар жүкті ана босанғанда немесе баласын емізгенде өз нәрестесіне бұл дертті жұқтыруы мүмкін. Яғни, иммун тапшылығы вирусы ешкімді аямайды. Бұл дертті жұқтырғандарды ортадан шеттетіп, аластатуға еш негіз жоқ. Сондықтан, әрбір адам, әрбір медицина қызметкері АИТВ жұқпасына деген түсініктерін күшейтіп, сақтану жолдарын, алдын алу шараларын әр уақытта есте ұстауы тиіс.
— Қатерлі аурудың алдын алу бағытында басқа да жұмыстарыңыз бен алға қойған мақсаттарыңыз жөнінде біле отырсақ?
— Бұл қауіпті дерттің алдын алуда ақпараттану қызметінің алар орны ерекше. Осы ретте 1 желтоқсан — Бүкіләлемдік ЖИТС-пен күрес күніне орай биылғы жылдың 11 қарашасы мен 10 желтоқсан аралығында Компания өткізілуде. Компания ұраны — «Мақсат бағыты — нөл. Жаңа АИТВ жұқпасы — нөл. Кемсіту — нөл. ЖИТС зардаптарынан болатын өлім-жітім — нөл». Бұл ұран адамның құқықтарын қорғауға және профилактикаға, АИТВ жұқтырған адамдарды емдеуге, күтуге және қолдауға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін таңдап алынды.
Компания шеңберінде облыс әкімдігімен бекітілген жоспар бойынша көптеген ведомстволардың қатысуымен медициналық ұйымдарда, оқу орындарында, мекемелер мен кәсіпорындарда акциялар, кездесулер, «дөңгелек үстелдер», сұрақ-жауап кештері жүргізіліп, ақпараттық материалдар таратылуда.
Адамзат баласына ажал мен тажал әкелетін «жаман аурудың» алдын алу жолында облыстық ЖИТС орталығының мамандары облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының жоспарлы бағдарламасына сай жұмыстар жүргізеді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім, ішкі саясат, жастар саясаты, спорт, мәдениет басқармалары, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен кешенді жоспарлар жүзеге асырылады. Әлеуметтік осал топтар арасында арнайы бағдарлама бойынша шприцтер мен мүшеқаптар, ақпараттық-ағарту материалдары таратылады. Тренингтер, кездесулер, дәрістер өткізіледі. Пенитенциарлық мекемелердің жеке құрамы мен медицина қызметкерлері арнайы семинарларда дайындықтан өтеді. 2012-2013 жылдары инемен есірткі тұтынушылар арасындағы алдын алу шаралары материалдық-техникалық үкіметтік емес ұйым «Өмір сақшылары» арқылы жүргізіледі.
— Күлсім Жұбанышқызы, соңғы сауал: ЖИТС орталығының бүгінгі материалдық-техникалық базасы қандай деңгейде?
— Бүкпелейтіні жоқ, орталықтың бір өзекті мәселесі – мекеменің бүгінгі материалық базасы өте төмендігі. Әлі күнге дейін жөнді бір ғимаратымыз жоқ. Бүгінде облыстық онкология ауруханасының бұдан жарты ғасырдан астам бұрын салынған шағын бөлімшесінде көзден таса орналасқан. Мұнда келушілер де онша көп емес, яғни, екінің бірінің іздеп табуы қиын.
Қуанарлығы сол, халық денсаулығын жақсарту, аурудың алдын алу және денсаулық сақтау жүйесінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру мақсатында облыс басшылығы әлеуметтік маңызды нысан ретінде облыстық ЖИТС орталығының жаңа ғимаратын салдыруда. Осы ғимарат іске қосылған кезде өңірде қатерлі дерттің алдын алуда жұмысымыздың біршама жақсарарына сеніміміз мол.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.