Жарнама
Медицина

Ақ халатты періштелер

Адамның өмірінде денсаулыққа жететін бәс жоқ. Ал, пенде болған соң түрлі жағдайлармен оны бағаламай жататынымыз да рас. Мұндайда «адам жанының инженерлері» саналатын дәрігерлердің еңбегін ұлығылау, олардың қоғамдағы ролін арттыруға ден қойылмай жататынын бүркемелеуге болмайды. Бас ауырып, балтыр сыздағанда бас тіреп баратынымыз дәрігер болса да, қазір олар жөнінде түрлі пікірлердің айтылып жататыны жасырын емес. Кейде мәселенің байыбына бармай-ақ ғайбат сөз айтып, жерден алып, жерге салатындар көп.

Жуырда мұндай әрекеттердің түбегейлі қателік екеніне анық көз жеткіздім. Тек Астана, Алматы, Ақтөбе қалалары немесе жерлестеріміз көбірек баратын Өзбекстан, Ресей елдерінің медицина мекемелерінде ғана емес, Атырауда да білікті мамандар бар екен.

Кім-кімге де ананың орны ерекше ғой. Өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген, амандығыңды тілеп, әрқашан бар жүрегімен тілекші болып отыратын анашың бір күні науқастанып, көз алдыңда қураған гүлдей солып бара жатса, одан асқан қорқыныш жоқ екен. Былтыр аяулы анам Қалжан Сағынғалиеваның ауыр дертке шалдыққанын білгенде осындай қиын халге душар болдық. Қойылған диагноз – асқазанның ІІІ дәрежелі қатерлі ісігі. Атын естігенде-ақ тұла бойымыз түршігіп, тамағымыздан ас өтпей, «қайтсек анамызды дертінен айықтырып аламыз?» деген сұрақ санамызды тілгілеп әбден уайымға берілдік.

Көп ұзамай анамызға ем-дом бере бастаған Атырау облыстық онкология диспансерінің дәрігерлері соңғы үміт – ауыр ота жасау керектігін айтты. Мұндай отаны жасау дәрігерлер үшін де, ота жасалғаннан кейін анамыздың жағдайы қалай болар екен деп күні-түні уайымдаған бізге де оңай болған жоқ. Алладан отаның сәтті шығуын жалбарынып сұрап, дәрігерлерге сенім арттық. Осылайша 29 шілде күні алты сағатқа созылған ота сәтті аяқталып, анамыздың беті бері қарады. Жағдайы жақсара түскенімен, дәрігерлер көп күтім қажеттігін айтты. Одан кейін қабылдайтын химия-терапиялық ем-дом шаралары бар екенін де ескертті.

Сол кезде бізбен жылы сөйлесіп, әр сұрағымызға ерінбей жауап беріп, күмән-күдігімізді үмітке жеңдіруімізге септігін тигізген дәрігерлерге ризашылығымыз шексіз. Атап айтқанда, онкология диспансерінің бас дәрігері Эльмира Сапарова, ем беруші онколог дәрігерлер Әсел Қабдырахиева, Салтанат Сағиева және білікті де тәжірибелі оташы Мақсат Шамшеновтердің (суретте) маңдай терін ерекше атап өткен жөн.

Әрине, олардың аурухананың ішіндегі жұмысын сырткөз білмейтіні анық. Дәрігер ретінде міндетін атқарып, елеусіз ғана күнделікті қызметін атқарып жүр. Бірақ, біз секілді жанын шүберекке түйіп, қиналған қаншама жан үшін олардың әрбір іс-әрекеті, басқан қадамы мен қабылдаған шешімі аса маңызды. Науқас адам жанына дәру іздеп, дәрігерге барары хақ. Сондайда үмітке үміт жалғап, ғұмырдың ұзаруына септігін тигізіп жататын осы ақ халатты абзал жандар ғой.

Адамды ажалдың тырнағынан жұлып алып, құтқаратын жандарды қалай атаймыз? Әлбетте, теңеу жоқ. Олар – жер бетіндегі алғаусыз адал ниетті періштелер. Тек ақ қанаттың орнында ақ халаттары бар. Біз оларды дәріптеуіміз керек. Саулығы сыр берген адамның жанына жақсылық ұйытып, тәнін емдейтін дәрігерлер тек мадақтауға лайықты.

Айзада ДОЛЫБЕКОВА,

Құлсары қаласының тұрғыны

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button