
АПВ-ның алдын алу – маңызды қадам
Қазір ерте жыныстық жетілу, кәмелет жасына толмағандар арасындағы жүктілік, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың көбеюі қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Осындай өзекті мәселелердің алдын алу мақсатында еліміздің барлық өңірінде жыл сайын халықтың репродуктивті денсаулығына арналған апталық өткізілуде.
Бүгін апталық аясында “Адам папиллома вирусы” тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зәмзәгүл Жалмурзина іс-шараның маңызына кеңінен тоқталып, әйел денсаулығы — ұрпақтың, ұлттың жарқын болашағының кепілі екенін айтты. Сондай-ақ онкогинеколог Жадыра Құдабаева адам папиллома вирусының (АПВ) алдын алу мен вакцинация жөнінде түсіндірме берді.
Маманның айтуынша, ерте жыныстық жетілу шамамен 16 жастан басталады. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыста жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің 35 жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендегенімен, сақтық шараларын күшейту қажеттігін көрсетеді.
Дәрігер уақытылы профилактика мен вакцинацияның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, АПВ-ға қарсы екпе тұрақты иммунитет қалыптастырып, онкологиялық аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН