Жарнама
Медицина

Депутат МӘМС жүйесіндегі кемшіліктер жайында: Науқас адам үш ай кезекте тұра алмайды

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде проблема көп. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша қазір проблема ушығып тұр. Жалпы, бір мәселеге назар аударуымыз керек, бұл сақтандыру – халықаралық тәжірибе. Проблема МӘМС институтында емес, мәселе оны жүзеге асыру тетігіне қатысты болып тұр. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің оқылықтарына да байланысты, яғни барлық нормативтік-құқықтық актілерді министрлік қабылдайды. Осы кемшіліктердің кесірінен біздің азаматтар дер кезінде дұрыс әрі сапалы медициналық көмекті ала алмай отыр», – деді А. Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол заңнама бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған адамдарды Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында кез келген аурухана қабылдап, тиісті көмек көрсетуі керек екенін еске салды.

«Бірақ осы бағытта тиісті көмек жасалмағаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл өз кезегінде ел азаматтарына үлкен қауіп болғанын білдіреді. Осы ретте МӘМС-тің және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакеттері бойынша нақты түсініктің болмауына байланысты жергілікті жерлерде медициналық ұйымдар шатасып, тиісті көмекті дер кезінде бере алмай отыр. Жалпы, осы саладағы қаржыландыру бойынша көп мәселе бар», – деді депутат.

Оның айтуынша, тұрғындар кейбір медициналық тексерулерден уақытында өте алмай жатыр. «Мәселен, УЗИ-ден өтіп, тиісті анализдерді тапсыруға қатысты адамдарды үш айдан кейінгі мерзімге кезекке жазып қояды. Науқас адамға үш ай күту мүмкін емес қой? Қазіргі статистикаға қарасақ, адамдардың өз қалтасынан емделуге төлеген қаражаты өсіп келеді. Бұл деректер тұрғындардың МӘМС арқылы көмек күтуге уақыты жоқ екенін білдіреді. Дәл қазір ауырып тұрған адам үш ай күте алмайтыны түсінікті ғой?! Бұл адамдар қалтасынан ақша шығарып, ақылы медициналық ұйымдарға барып жатыр», – деді Асхат Аймағамбетов.

Бұл тұрғыда депутат қазан айында Парламентте осы тақырып бойынша Үкімет сағаты өтетінін, МӘМС жүйесіндегі проблемалар егжей-тегжейлі талқыланатынын айтты.

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button