
Ананың саулығы — ұлт байлығы
Репродуктивті денсаулық апталығы Атырау қалалық №7 емханасында отбасын жоспарлау тақырыбымен басталды. Емхана мамандары жанұя құруға дайындық, денсаулықты ерте жастан күту, салауатты ұрпақ өрбітудің маңызы жайында жан-жақты ақпарат беріп, емделушілерді толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді.
Мамандар аптаның екі күнінде Атырау жоғары медициналық колледжінде болып студент жастармен кездесіп, отбасын жоспарлау, ана саулығы жөнінде ақпараттармен бөлісті.
-Ананың саулығы — әлемнің саулығы. Сондықтан қыз баланың денсаулығына бейқам қарамай, уақытылы дәрігерлік тексеруден өткізу қажет. Ал, бұл апталық денсаулыққа мән беріп, уақыт бөлуге таптырмас мүмкіндік дер едім. Денсаулық — ол бір адамның немесе бір отбасына ғана қатысты мәселесі емес, ол — мемлекет болашағымен тікелей байланысты ұғым, — дейді емхана директоры Гүлнәфис Таңбаева.
Айта кетейік, мамырдың 12-17 аралығында өтетін репродуктивті денсаулық апталығының басты мақсаты да — халықтың денсаулықтың маңызы туралы хабардарлығын арттыру, отбасын жоспарлау мәдениетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.