Жарнама
Медицина

Алғыстан артық баға жоқ

Халық басы ауырып, балтыры сыздаған кезде медициналық мекемеге хабарласады. Сондай кезде дәрігерден бұрын жетіп, алғашқы көмегін көрсетіп жататын мейірбикелер бар. Мейірбике деген мерейлі мамандыққа бар саналы ғұмырын арнап, 46 жыл еңбек еткен Мәрзия Қабдолова сондай жандардың бірі. Оның есімі әріптестерінің арасында ерекше аталады. Жуырда «Мейірім – әлемді құтқарады» атты тарихи энциклопедиялық кітабына мейірбикенің өмір жолын дәріптейтін өмірдерегі жарық көрді. Оған қоса еліміздің тәуелсіздігі мен дамуына қосқан үлесі үшін «Мейірім» төсбелгісін оңтүстік астанаға арнайы барып, өңіріне тағып келген болатын.

Кейіпкеріміз Қызылқоға ауданы, Тасшағыл ауылында дүниеге келген. Атырау медициналық училищесінде оқып, қолына дипломын алғаннан соң жас маман Бесқала елді мекеніндегі медпунктке фельдшерлік-акушерлік пунктте алғаш еңбек жолын бастайды. Одан соң Атырау қаласындағы №1 қалалық емханада жалпы тәжірибелі мейірбике болып ұзақ жыл жұмыс істейді. Бір саладағы 46 жыл еңбек өтілінде жанына жақын, әрдайым құрақ ұшып тұратын мейірімді жандармен бірге еселі еңбек еткенін мақтан тұтады.      

– Соның ішінде аға мейірбике, 30 жылдан астам еңбек өтілі бар Сәуле Меңдіғалиқызына ерекше алғысым шексіз. Ол кісі мені еңбекқорлыққа үйретті. Адамдармен тез тіл табысу секілді жақсы қасиеттерді бойыма сіңірді. Менің қандай да бір жақсы атқа ие болуыма осы ұстазымның үлесі зор, — дейді Мәрзия Қабдрахманқызы.

Әріптестері мен емделушілер еңбегін жоғары бағалап, жылы лебіздерін білдіріп жатады. «Қарғыс алма, алғыс ал» дейтін қазақтың ұрпағымыз ғой.  Ол үшін елдің алғысынан асқан баға жоқ.

– Жұмысымыз барысында әртүрлі жағдайларға кезігіп жатамыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын, ол кезде фельдершерлік-акушерлік пунктте жұмыс істеп жүрген кезім. Жүкті әйелдің өмірін сақтап қалуға менің де үлесімнің тигені әлі күнге дейін көз алдымда. Бүгінде сол баланың өзі 40 жасты еңсерген. Сондай көмегімізге зәру адамдардың ниет-тілектерінің де абыройымызды асырып келе жатқанына әсері мол деп білемін, — дейді ақ халатты абзал жан.

Медицина саласында жүргендіктен, үнемі жаңаны үйреніп, білімді толықтырып отыру қажет. Мәрзия Қабдрахманқызы біліктілікті арттыру курстарына барып тұрады. Оған қоса 2010 жылы Атырау медицина колледжінің мейіргерлік ісі мамандығы бойынша тағы да білімін жетілдірді.

Бейнеттің зейнеті бар. Мәрзия Қабдрахманқызының да жылдар бойы еткен еңбегі жеміссіз емес. Елеулі еңбегі үшін Құрмет грамотасымен, Денсаулық сақтау министрлігінің медалімен, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының «Алтын дипломымен», кәсіподақтың Алғыс хаттары мен өзге де марапаттарды иеленді.

Қазіргі таңда зейнеткер болса да, қызметінен қол үзген емес. Жеке ем-шара кабинетінде қосымша жұмыс істейді. Өзіне жүктелген міндетті бар ынта-жігерімен, жауапкершілікпен атқаратын білікті маман.

Десе де ол ең алдымен мейірімді ана, қызынан тараған екі сүйкімді жиенінің әжесі. Қайырымдылық іс-шараларға қолынан келгенінше қатысып тұрады. Үйінің қасындағы анасы дүниеден озған көрші балалардың оқу құралдарын алып беріп, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен, қаржылай жағынан қолұшын созып келеді.

– Ең алдымен біздің өкшемізді басып, дәстүрімізді жалғап келе жатқан жастарға, болашақ ұрпаққа айтарым, жауапкершілік деген адамгершілік қасиетке кір келтірмеу керек. Содан соң Абай атамыз айтқандай, «өсек, өтірік, мақтаншақ» деген жағымсыз істен іргені алыс ұстап, ізгілікке ұмтылу қажет. Сонда ғана әріптестеріңнің, туыстарыңның алдында абыройың артады. Қазақта жақсылық не, жамандық не, барлығы тайға таңба басқандай етіп айқындалған. Ендеше, ерік-жігерімізді жанып, осы бір игілікті қасиеттерді бойымызға сіңірсек, адам баласының ұтқан ең басты жетістігі болар еді, — дейді Мәрзия апай жастарға. 

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button