АДАМ САУЛЫҒЫ – ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ

Бір ғана Атырауда соңғы он жылда өңірдегі алғаш тіркелген аурулардың саны 12,4 пайызға төмендепті. Атап айтқанда, туберкулез ауруы 2,5 есеге, ал жұқпалы аурулар екі есе азайған. Дегенмен, денсаулық тақырыбы әркез өзекті болып қала бермек. Елдің көкейінде жүрген сұрақтары да жетерлік.  Тұрғындардың  пікірі негізіндегі сауалдарымыздың ең бастыларын  облыстың бас дәрігеріне жолдаған едік. Облыстық  денсаулық  сақтау   басқармасының басшысы Аманбек Қабдешұлы Жұмыровпен әңгімеміз төмендегідей өрбіді.

 Білімді дәрігеріміз көп

–  Аманбек Қабдешұлы, өзіңіз облыстың денсаулық саласында көп жылдан бері жұмыс жасап келе жатқандықтан, саланың қыр-сырын да жақсы білесіз. Бүгін де облыс жұртшылығының  медициналық көмекке көңілі толады деп ойлайсыз ба?

– Денсаулық сақтау саласында Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіліп, еліміз бойынша 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып жатқанын көпшілік  біледі. Облыста «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік пункт және емхана салу» бағдарламасы да толығымен орындалды. Облыс бойынша пациенттерге қолдау көрсету жөнінде жоспар бекітіліп, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Атырау қаласының №7 қалалық емханасы базасында облыс бойынша пациенттерді қолдау жөніндегі бірыңғай Call-орталық ашылып, іске қосылды. Қазір облыс тұрғындарының өмір сүру жасының ұзақтығы 72 жасқа жақындады (71,8). Жалпы өлім көрсеткіші төмендеп келеді. Сәбилер шетінеуін де  12 пайызға төмендеттік.

Саланың материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылуда. Соңғы екі-үш жылда аймақтың денсаулық саласында көптеген емдеу орындары салынып және оған қажетті құрылғылар сатып алынды. Атап айтқанда, облыстық онкологиялық диспансері мен облыстық балалар ауруханасы соңғы үлгідегі 64 тілімді томографпен жабдықталса, облыстық кардиологиялық орталық 128 тілімді томографпен жабдықталды. Сондай-ақ, кардиологиялық орталыққа эксперт класты УДЗ (УЗИ) аппараты, аритмологиялық ауруларды жоғары деңгейде анықтауға мүмкіндік беретін ЭФИ лаборатория қондырғылары сатып алынса, облыстық аурухана мен онкологиялық диспансерлерге де эксперт кластағы УДЗ (УЗИ) аппараттары мен ас қорыту органдарының ауруларын ерте анықтайтын қазіргі заманғы фибро-гастро-дуодено колоноскоп, цинктелген маммограф қондырғылары алынды. 2014-2015 жылдары облыс әкімі тапсырмасымен қалалық жедел жәрдем қызметіне 34 арнайы автокөлік сатып алынып, соның арқасында жедел жәрдем бригадалар санын 19-дан 25-ке дейін көбейттік. Ең бастысы, тұрғындарға жедел жәрдемнің жету уақытын 25-30 минуттан 15-18 минутқа дейін төмендетуге қол жеткізілді.

Соңғы үш жылда облыс аумағында 23 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емханалар салу» бағдарламасы бойынша жоспарланған 19 нысан (ауысымына 25 келушіге арналған 14 дәрігерлік амбулатория, 4 ФАП және ауысымына 250 келушіге арналған Жылыой аудандық емханасы) салынып, пайдалануға берілді. 

– Ал, медициналық кадрларды даярлау қалай жүреді? Қазіргі заманға сай құрылғылардың құлағында ойнайтын мамандар жеткілікті ме?

-2014 жылы облыс бойынша барлығы 417 дәрігер, 1041 орта медициналық маман, барлығы 1458 медицина қызметкері қайта даярлау және біліктілік арттыру курстарынан өтті. Емдеу және диагностика процесімен айналысатын медицина мамандарының ішіндегі білікті санаты бар дәрігерлердің үлес саны 51,7%, орта медицина мамандары бойынша 47,8%-ды құрайды.

Атырау облысында медициналық ұйымдарында соңғы 4-5 жылдан бері бұрын тек республикалық клиникаларда жасалатын жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрлеріне жататын оталар жасалуда. Қажетті қондырғылар алынып, республикалық орталықтардан білікті мамандар шақыртылды, жергілікті мамандар оқытылды. Жыл санап облыста жоғары мамандандырылған ота түрлерін көрсететін медициналық ұйымдар саны да, жоғары білікті медициналық көмек түрлері де артып келеді.

Тегін дәрі кімдерге беріледі?

Тұрғындарды тегін медициналық дәрілік заттармен қамтамасыз ету қашан да өзекті. Осы мәселе жұртшылық арасында жиі түсініспеушілік тудырып жүр. Cіз не дейсіз?

Көп жағдайда тұрғындардың тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы ақпараттануының төмендігінен түсінбестіктер туындап жататыны жасырын емес. Негізінде кімдерге қандай тегін дәрілер тиесілі екені әрбір емхананың көрнекі жерлерінде ақпараттар ілінген.

Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 4 қарашадағы №786 бұйрығына сәйкес,  тегін дәрілер диспансерлік есепте тұратын науқастарға, сирек кездесетін ауруларға, туберкулез, В және С вирусты гепатиті, асқазанның және ұлтабардың ойық жарасы және т.б. аурулар түрлері бойынша, әлеуметтік қорғалмаған топтарға жататындарға, оның ішінде 18 жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысына қатысқандар, мүгедектер, көп балалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жасы бойынша зейнеткерлікке шыққандарға беріледі.

Тағы бір тұрғындарды жиі мазалайтын мәселе – екпе жұмыстары. Яғни, көптеген ата-ана қазір екпе жұмыстарынан бас тартып, нотариалдық қолхат береді. Олардың екпе салдырмауына себептер де жетерлік. Яғни, екпе салдыру жайы екі жақты талқылауды талап ететін тәрізді. Кейін суық тиіп немесе тісі шыққанда қызулап ауырса, дәрігерлер екпеден өтпеген баланы қарамайды екен. Осы жағын айтып ата-аналар біздің редакциямызға көп хабарласады…

– Ауырып келген баланы қарамау керек деген арнайы заң жоқ. Бірақ,ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 156-бабына сәйкес, еліміз аумағында тұратын жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы профилактикалық екпелерді алуға міндетті. Қазір оқу орындарында, балабақшаларда да баланың профилактикалық екпелерді алғаны жіті тексеріледі.

Медициналық көмектен бас тартқанда пациентке немесе оның заңды өкіліне ол үшін қолжетімділіктер түсіндірілуі тиіс. Екпелерден бас тартуы медициналық құжаттағы жазбалармен рәсімделеді және пациент немесе оның заңды өкілі ғана, сондай-ақ, медициналық қызметкер қол қояды. 

Денсаулығыңызды да сақтандыра аласыз

Соңғы кезде міндетті медициналық сақтандыру қоры жайлы көп айтылып жүр. Қор құру үшін арнайы жұмыс тобы құрылғаны рас па? Қорды кімдер бақылап отырады?

-Алдыңғы қатарлы елдердің барлығында жүзеге асырылып жатқан міндетті медициналық сақтандыру жүйесі 2017 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) болып енеді деп жоспарлануда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры міндетті ай сайынғы жарналар, аударымдар және денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алуларды жүзеге асыру үшін  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қызметтерге ақы төлеу Комитетінің базасында коммерциялық емес акционерлік қоғам түрінде құрылатын болады. Мемлекет Үкімет арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының құрылтайшысы және жалғыз акционері болып табылады және Қордың активтерінің сақталуына кепіл болады. Қор жалғыз өзі медициналық қызметтердің сатып алушысы, яғни базалық пакеттің – тегін медициналық көмектің кепілді көлемін және қосымша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі пакеттерін сатып алатын мемлекеттің қаржы операторы функциясын атқаратын болады.

 Сонау тоқсаныншы жылдары құрылып, нәтижесін бермеген «Міндетті сақтандыру  қоры» дегенге халықтың сенімі шамалы. Сондықтан, жұртшылық бұл жаңалықты бірден қолдамасы анық…

– Расында, халық арасында бұл жүйеге сенімсіздік бар екені рас. Тиісті заң қабылданды. Биылғы жылғы 16 қарашада Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» №405 Заңына Президентіміз қол қойды. Заң 2016 жылдың 1 наурызынан бастап күшіне еніп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастайды. Алдыңғы қатарлы елдердің барлығында жүзеге асырылып жатқан медициналық сақтандыру жүйесіне біз де келуіміз керек.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекеттің, қызметкерлердің, жұмыс берушілердің және өзін-өзі қамтыған халықтың міндетті әлеуметтік жарналары мен аударымдарынан құралмақ. Жарналар әр адамның еңбекақысының 2-7 пайызы аралығындағы мөлшерде әлеуметтік тобына қарай төленеді. Мемлекет өз кезегінде республикалық бюджет есебінен әлеуметтік әлсіз қорғалған топқа әлеуметтік аударымдар үшін орташа айлық еңбекақы мөлшерінің 7%-ы көлемінде жарна аударатын болады, 2017 жылдан бастап 4%, 2018 жылы 5%, 2023 жылы 6%, 2024 жылдан бастап 7% көлемінде аударатын болады. Халықтыңәлеуметтік қорғалуға жататын 15 санатыбелгіленіп,олар, медициналық сақтандыру қорына міндетті жарналардан босатылады.

–  Бір медициналық сақтандыру қорын сол кісінің (Жеке тұлға өмірден өткенде немесе шет елге көшіп кеткен жағдайда) жақын туыстары пайдалана ала ма?

-Қазақстан Республикасының №405 «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңында бұл жағы қарастырылмаған.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз