Жарнама
Майталман

«Тілсіз жаумен» тірескендер

Жуырда «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында болған алапат өрт өңір жұртшылығын елең еткізген еді. Бұл қатерлі жағдай табиғатқа төнген қауіп, әрі оны қорғауға шыққан азаматтардың рухының беріктігін, кәсіби шеберлігін көрсеткен үлкен сынақ болды.

Қызметіне жанын салатын Азамат

«Бейбіт күннің батыры» деген бір ғана тіркестің арғы жағында шын мәнінде жанкешті еңбек, темірдей төзім мен орасан зор жауапкершілік жатыр. Алапат жалынмен арпалысып, табиғатты, адам өмірін және мүлікті сақтап қалу жолында өз өмірін де қатерге тігу – бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жүрекке салмақ түсіретін үлкен жұмыс. Осындай биік миссияны иығына артқан азаматтардың бірі – Құрманиязов Азамат Бисембайұлы.

tilsiz zhau 1

Өз ісіне адал, ұлт қауіпсіздігін бәрінен жоғары қоятын Азамат – Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі, аға сержант шеніндегі тәжірибелі маман. Ол 2019 жылдан бері азаматтық қорғау саласында еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде талай табиғи апаттармен бетпе-бет келіп, талай өрттің ортасында жүрсе де, «Ақжайық» резерватындағы биылғы өрт оның кәсіби жолындағы ең ауыр, ең жауапты сәттердің бірі болған.

Өрт басталған 13 маусым күні Азамат кезекті демалысында, отбасының қасында болған екен. Бірақ қызметтік борыш бәрінен жоғары. Сол күні күнделікті жауынгерлік кезекшілікте отырған диспетчерден келген хабарлама, қамыстың жанып жатқанын ескерткен сәт оны бірден жұмысқа қайта оралтуға себеп болды.

– Диспетчерден резерваттағы қамыс өрті жайлы хабар түскен сәтте еш ойланбастан жұмысқа аттандым. Бұл біз үшін үйреншікті жағдай секілді көрінгенімен, әр өрт өзінше қауіпті, өзінше күрделі. Бұл жолы бәрі өзгеше еді,-  дейді ол.

Азаматтың айтуынша, бұл аумақта бұған дейін де бірнеше рет өрт шыққан. Алайда осы жолы табиғаттың өзі өрт сөндірушілерге үлкен сынақ дайындағандай. Қалың әрі биік қамыс, батпақ, техникаға қолайсыз жерлер, желдің үнемі бағыт ауыстыруы – бәрі өртті ауыздықтауға үлкен кедергі келтірген.

– Қамыстың тығыздығы мен биіктігі сондай – отқа жақындаудың өзі қауіпті болды. Қатты ыстық пен қою түтін тыныс алуға мұрша бермеді. Жаяу жүрудің өзі мұң. Кей жерлерде батпаққа батып қалмау үшін айналма жолдарды пайдалануға тура келді. Ал кей тұстарға тек тікұшақпен, қайықпен немесе Трэкол көлігімен жеттік. Алапат жалынның ыстығы денені күйдіріп бара жатқан сәттер де болды,-дейді аға сержант.

Тікелей өрт ошағына жету үшін мамандар бірнеше жолды қатар пайдаланған: техникалар батпақта қалып жатса, оларды тастап, жол талғамайтын көліктерге мінген. Қайықпен қамысты жарып өткені де болған. Табиғатпен арпалысып, отпен күресу – бұл тек физикалық емес, үлкен психологиялық күш-жігерді талап ететін іс.

Азаматтың айтуынша, өртті толық сөндіруге дейінгі кезеңде жеке құрам апталап далада түнепті. Жағдай қиын болса да, олардың бойынан бір сәтке де қайсарлық кетпеген. Түн ұйқысын төрт бөліп, тамақты кез-келген жерде, кез-келген жағдайда ішкен олар үшін ең басты мақсат отты тоқтату болды.

– Өрт толық сөндірілген соң үйге оралатынымды естігенде ерекше қуандым. Жұбайым мен балаларым да мен үшін уайымдап отырған еді. Біз біріншіден – маманбыз, екіншіден – адамбыз, үшіншіден – отбасылы жанбыз,-дейді Азамат Құрманиязов.

Батпақты жарып өткен Есет

Өрт сөндіру операциясы барысында ерекше көзге түскен жас маман – Есет Сабитов. Азаматтық қорғау саласында небәрі 8 ай еңбек етіп жүрген кіші сержант – бүгінде өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі. Жасы да, тәжірибесі де көп болмауы мүмкін. Бірақ ол «тілсіз жауға» қаймықпай қадам басты.

azamat

Есет үшін бұл оқиға қызметтік өміріндегі ең алғашқы ірі төтенше жағдай болды. Ол әріптесі Азамат Құрманиязов секілді «Ақжайық» резерватында басталған алапат өрт кезінде демалыста болған. Радиобайланыс арқылы бөлімнен шұғыл хабар түскеннен-ақ, ол бір сәтке де ойланып жатпастан, қызметіне қайта оралған.

Алғашқы тапсырмалардың бірі – «Трэкол» маркалы жол талғамайтын көлікті басқару және жеке құрамды қауіпсіз түрде өртеніп жатқан аумаққа жеткізу. «Трэкол» автокөлігі – батпақты, сулы және кедір-бұдыр жерлерге арналған арнайы техника. Бірақ алапат өрт кезінде оның да мүмкіндіктері шектеулі бола бастаған. Өрт шалған аймақ – қалың қамыс басқан, батпақты, жел үнемі бағытын өзгертіп тұрған күрделі табиғи орта. Осындай қиын жағдайда Есет өз көлігінің мүмкіндігін толық пайдаланып, құраммен бірге бірнеше мәрте оттың қақ ортасына дейін кіріп шыққан.

Жас маман болған соң, ішкі толқыныс пен қорқыныштың болуы заңды. Есет бұл сезімнен қалай арылып, өзін не жағдай алға жетелегенімен бөлісті.

– Кей кезде көліктің алдыңғы дөңгелектері батпаққа кіріп, тоқтап қалатын. Ондайда алдыңғы жетекті қосып, алға жылжып отырдық. Жалынға жақындаған сайын техниканың іші де қыза бастайды. Тәжірибелі әріптестерімнің жанында жүріп сенімділік пайда болды. Әрқайсысы – мен үшін үлкен мектеп. Олардың іс-қимылын бақылап, бірге жұмыс істеу сабақ болды,-дейді ол.

Жас маман отбасының уайымдап, алаңдап отырғанын білсе де, ішкі тыныштығын сақтап, әр кезде қолдау білдіретініне дән риза. «Отбасым үнемі түсіністікпен қарайды. Мен осы жұмысты таңдағанда, олар маған сенді. Сол сенімге лайықты болуға ұмтыламын. Бұл мамандықтың қиындықтарын бірге еңсеріп келеміз» дейді Есет Сабитов.

Олардың бейнесінде біз тек бір өрт сөндірушінің емес, мыңдаған азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің ортақ келбетін көреміз. Олар – күнделікті өміріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, түн ұйқысын төрт бөліп, жанын шүберекке түйіп қызмет ететін шын қаһармандар.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button