
Алапатпен арпалысқан он бір күн
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты – еліміздің батысындағы биологиялық әртүрлілік пен табиғи тепе-теңдіктің алтын бесігі. Бұл – «Қызыл кітапқа» енген құстардың ұясы, жайқалған қамыстың мекені, тұмса табиғаттың тұла бойы. Алайда маусым айында осы тыныштықты «тілсіз жау» бұзып, теңіз жағасындағы көк тіреген қамыстар от құшағына оранды.
Иә, биылғы 13 маусым күні түсте Еркінқала ауылы бағытындағы резерват аумағында өрт тұтанды. Қамыстың түбінен шыққан қызыл жалын күн санап үдеп, тұтас өңірге қауіп төндірді. Табиғат ананың жүрегін тілгілеген өрт он бір күнге, нақты айтқанда 24 маусым күнгі сағат 14:00-де толық ауыздықталғанға дейін жалғасты.
Оқыс хабар жеткен бойда Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен жедел штаб құрылды. Бұл – өртке қарсы ұйымдастыру мен тактикалық шешімдер қабылдайтын, барлық күш пен техниканы орталықтандырылған түрде басқаратын шешуші орын болды. Штабтың жұмысын Атырау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрлыбек Қатапов пен ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Жантөре Демешов тікелей оқиға орнында үйлестірді.
– Штаб – бір қағазбасты кабинет емес. Бұл – апаттың дәл ортасында орналасқан, үздіксіз әрекет ететін, барлық мәлімет пен күшті бір арнаға тоғыстыратын басқару нүктесі. Біз жағдайды алыстан бақылаған жоқпыз. Тікелей төтенше аймақта жүріп, әр қимылымызды нақты карта арқылы басқарып отырдық. Радиобайланыс, спутниктік бақылау, дрондар арқылы алынған бейне, топтар арасындағы үйлестіру – бәрі сол штабтың ішінде жүріп жатты, — дейді Нұрлыбек Қатапов.
Штаб шешіміне сай өртті сөндіру жұмыстарына барлығы 266 адам, 34 техника, оның ішінде ТЖД тарапынан – 80 қызметкер, 12 техника, сондай-ақ екі бірлік «Ми-8» тікұшағы тартылды. Әуеден 160 рет су шашылып, 480 текше метр су төгілді. Бұл – көктен су төгілгенімен, жердегі жалынның беті қайта қоймаған сәттер еді.
– Табиғи резерват аумағы – батпақты, ну қамыс, техника үшін аса қолайсыз жер. Қамыстың түбінде жылдар бойы жиналған 50-80 см-лік қопа бар. Ол қызуын ұзақ сақтап, қайта-қайта тұтанып отырды. Су көздері алыс, ауыр техникалар жиі батып қалды. Тіпті, арнайы тракторлардың өзіне қауіп төніп, біздің жігіттер уақытылы шығарып үлгерді. Осындай сәтте барлық қозғалысты бір орталықтан басқарып отыру өте маңызды еді, — дейді штаб жетекшісі Жантөре Демешов.
Өрт сөндіру топтарының нақты қай тұста орналасқанын, кім не істеп жатқанын, қай техника қай бағытта жұмыс істеп тұрғанын штабтың интерактивті картасы көрсетіп отырды. Кез-келген шешім жағдайды толық саралағаннан кейін қабылданды. Радиобайланыс арқылы тікелей тапсырма беріліп, әр топтың әрекеті нақты уақыт режимінде бақыланды.
– Сол он бір күн бойы кезекшілік кезінде оқиға орнында болып, кезекпен штаб жұмысын үйлестірдік. Бүкіл шешімді штаб арқылы қабылдап отырдық. Қарапайым нұсқау емес, ұсақ-түйекке дейін ойластырылған тактика қажет болды. Өрттің бағыты, желдің қозғалысы, күштің жетуі – бәрі ескерілді. Әр минут есепте тұрды, — дейді Н.Қатапов.
Осылайша, он бір күн бойы басқарған жедел штаб – іс-қимылды үйлестіріп қана қоймай, төтенше жағдайда шешуші рөл атқарды. Бұл стихияға қарсы күрестің шын мәніндегі «бас штабы» болды.
Жеңіл тракторлардың бірнеше мәрте батуы, кейбірінің өртеніп кете жаздауы, ал оларды ТЖД күштері уақытында құтқаруы – бұл өрттің қаншалықты қауіпті болғанын аңғартса керек. Кейбір учаскелерге техника жақындай алмай, өртті сөндіру тікелей қол құралдары арқылы жүргізілді.
Бұл жұмыстарға Атырау қаласының өзінде өртке қарсы қызмет атқаратын 250 өрт сөндірушінің үштен бірі жұмылдырылды. Бұл дегеніңіз, қала аумағындағы өзге қауіптерге әрекет ету күшін азайтқанымен, табиғат пен адам қауіпсіздігін сақтауда ешкім кейін шегінбеді.
Иә, алапат өрт сөнді. Бірақ артында үлкен сабақ қалдырды. Бұл – жай бір өрт емес, бүкіл жүйенің әлсіз және мықты тұстарын көрсеткен сынақ. Қауіп келмей тұрып, алдын алатын жүйе қалыптастыру басты міндет екенін көрсетті. Себебі «апат айтып келмейді», ал қауіптің алдын алған ел аман болатыны айтпаса да түсінікті.
Майра ЕРҒАЛИ