“Жем аруы” ансамблі — халықаралық байқау жеңімпазы
Мәскеуде өткен “Jas Tolqyn” халықаралық өнер фестивалінде жылыойлық “Жем аруы” халықтық би ансамблі үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Ұжымның орындаған “Шебер қыздар” биі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, шетелдік байқау сахнасында қазақ өнерінің шоқтығын биіктетті. Бұл туралы облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы баспасөз қызметі хабарлады.
Ансамбльдің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Мағрипа Шегенбаева. Ұжымның кәсіби шеберлігі мен сахнадағы үйлесімділігі байқаудың үш кезеңінен сүрінбей өтуге мүмкіндік берді.
“Jas Tolqyn” фестиваліне Қазақстанның батыс өңірлерінен қала және ауылдық аймақтардан мыңдаған жас өнерпаз қатысады. Биылғы Мәскеуде өткен байқауда Батыс Қазақстан өңірінен 48 өнерпаз өз өнерлерін паш етті.
Айта кетейік, бұл халықаралық фестивальді Ресейде 20 жылдан астам уақыт бойы Каспий құбыр консорциумы қаржыландырып келеді. Ал Қазақстанда бұл жоба биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр.
Сахнада қырық жылдық тарихы бар “Жем аруы” ансамблі өнерімен халқымыздың мәдени байлығын дәріптеп, халықаралық деңгейде үлкен жетістікке жетіп отыр. Бұл жеңіс – қазақ өнерінің мәңгілік екенін тағы бір дәлелдей түсті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА